Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оқушылар естен танып қалған: Солтүстік Қазақстан облысында екі мұғалім "қалжыңы" үшін жұмыстан шығарылды

Солтүстік Қазақстан облысында екі мұғалім жұмыстан босатылды. Олар мектеп фойесінде оқушыларға қалжыңмен баллоннан бұрыш шашқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Stan.kz

Оқиға қыркүйек айының соңында Ақжар ауданына қарасты Талшық ауылында болған. Сол кезде полицияға мектепте оқушылардың талып қалғаны және фойеде ерекше иіс бар екені туралы хабар түскен. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері оқушыларды, техникалық қызметкерлер мен мұғалімдерді ғимараттан эвакуациялады. 

Мәліметтерге сенсек, мектептің екі мұғалімі әзілдеп, баллоннан бұрышты байқамай шашып жіберген. Оқиға салдарынан 9 және 11 жастағы екі оқушы, сондай-ақ 53 жастағы шағын орталықтың тәрбиешісі аудандық ауруханаға жүгінген. Қазір олардың жағдайы бірқалыпты.

Полицейлер 39 жастағы дене шынықтыру мұғалімі мен 36 жастағы еңбек және сызу пәнінің мұғаліміне қатысты қажет материалдарды жинап, істі сотқа жіберді. Іс материалдарына сәйкес сол күні таңертең үш мұғалім орта мектептің фойесінде сөйлесіп тұрған. Кейіннен еңбек мұғалімі әріптесі оған қалжыңдағандықтан, қалтасынан баллонды шығарады.

"Ол баллонды шығарып, қалжыңдап “шашамын” деп айтты. Содан кейін мұғалім олардан алшақ тұрған. Баллонды көрген дене шынықтыру мұғалімі оны ұстап көргісі келген. Кейін ол да қалжыңдап, баллонды әріптесіне қарай бағыттап, абайсызда шашып жіберген", – делінген Ақжар аудандық сотының қаулысында.

Сот дене шынықтыру мұғалімін Әкімшілік кодекстің 434-бабының 1-бөлімі ("Ұсақ бұзақылық") бойынша құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 73 840 теңге айыппұл салу туралы шешім шығарды.

Айта кетейік, сот еңбек мұғаліміне қатысты материалды да қарастырды. Алайда құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылды. Солтүстік Қазақстан облысының білім басқармасы баспасөз қызметі хабарлағандай, мұғалімдер жұмыстан босатылған.



"Бұл оқиға мектептің қамқоршылық кеңесімен бірге этика кеңесінде қарастырылып, дене шынықтыру мұғалімімен еңбек келісімшартын бұзу туралы шешім қабылданды. Технология мұғалімі тәртіптік жауапкершілікке тартылған жоқ. Өйткені ол өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш жазды", – деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметі.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысында екі балаға баллоннан бұрыш шашқан жасөспірім уақытша қамау изоляторына қамалғанын жаздық. Жасөспірім Қазақстан мен Ресей шекарасынан өтпек болғанда ұсталған еді.  Оқиға 6 шілдеде болған еді. Әлеуметтік желіде тараған видеодан жасөспірімнің балалардың жанына келіп, бұрыш сепкенін көруге болады. Сондай-ақ видеода күдікті “1488” деген сандарды атаған. Аталған сандар неонацистер мен ұлтшылдардың құпия ұраны болған. 

Талқылау