ОҚО тұрғыны үйінің ауласын зообақ секілді жасап тастаған (фото, видео)
Түлкібас ауданы орталығының «Жанкент» мөлтекауданында зейнеткер Амантай Бегаев деген кісі тұрады. Оның үйіне кіргеннен өзіңді бейне бір хайуанаттар әлемінде жүргендей сезінесің.
Бұл туралы Замана хабарлайды.
Мұнда не жоқ дейсің, ұшқан құстан – жүгірген аңға дейін бәрін кезіктіруге болады екен. «Өзің көзбен көріп қайт, өкінбейсің», – деп Әбдібек аға қоңырау шалып қоймаған соң жексенбі күні «Жанкент» мөлтекауданына барған едім.
Еңсесі биік үйдің қақпасын Амантай көкенің өзі ашты. Ол кісімен амандасып, үйге кіре бергенімде үлкен бір «алабай» тұқымдас қара ала итті көріп, шошып кеттім. Мойнындағы қарғыға шынжыр байланып, шоқиып отыр екен. Көздері қып-қызыл. Сөйтсем, ол тірі ит емес, әншейін тас тұғыр болып шықты.
Үйдің ауласына бойлап ене бергеннен-ақ бізді ыдыстағы суды көтеріп тұрған қоңыр аю, қар барысы мен аққулар, қоқиқаздар, қырандар мен сұңқарлар қарсы алды. Оның бәрі тас мүсіндер болып шықты.
Одан әрі үй іргесіндегі бауға аяқ бастық. Бұл жерде шашылған күзгі алманың ішінде жүрген бір топ таутекелерді, сирақтары ұзын, тұмсықтары біздиіп қалған су құстарын көріп таң қалдық. Бұлар да – тас мүсіндер. Түсі суық, қабағы қату жолбарыстар бізге енді болмаса тап бергелі тұрғандай. Одан әріде жылы жаққа ұшқалы тұрған неше түрлі құстар тобы көрінеді.
Біз өзімізді тропикалық орманда жүргендей сезіндік. Ал үйге кіргеннен құстар мен аңдардың неше түрін көрген біз бұлардың түр-түсін тамаша сомдай білген Амантай көкеміздің шеберлігіне тәнті болдық.
«Мен 1945-жылы ауданымыздағы Дауан ауылында дүниеге келгенмін, – деді көкеміз әңгімесін тым арыдан бастап. – Балалық шағым сонда өтті. Кейін «Победа» колхозында табан аудармай 34 жыл автокөлік жүргізушісі болып еңбек еттім. Талай марапаттауларға ие болып, бір жылдары «халық қалаулысы» да атандым. Бұдан 11 жыл бұрын қатты ауырып, инфаркт алып қалдым. Әрине, денсаулық болмағасын жұмыс қайдан болсын? Зейнеткерлікке шыққан соң осы «Жанкентке» бұдан алты жыл бұрын көшіп келдік. Оның үстіне маған айқай-шусыз, мүлгіген тыныштық керек болды.
Жалпы, өзім бала кезімде лайдан, балшықтан неше түрлі мүсін жасауды жақсы көруші едім. Енді жасым алпыстан асқанда осы сүйікті ісімді қайта жалғастыруға бел будым. Таза ауада, бау ішінде отырып қиялдаған жобаларым біртіндеп іске аса бастады. Осы орайда маған жұбайым Сара да дер кезінде көмекке келіп, біздің қолымыздан құстардың да, аңдардың да жансыз бейнелері жарыққа шығып жатты. Біз оларды ертегілер әлеміне сай табиғат аясына тұрғызуға талпындық. Ақыры біздің үйіміз, үйіргелік жеріміз хайуанаттар мекеніне айналып шыға келді».
«Кейіпкерлеріңізді сомдауға қандай құрылыс материалдарын қолданып жүрсіз?» –дедік біз Амантай көкенің сөзін бөле тұрып. «Құрылыс материалдарымыз қарапайым ғана құм, цемент, арматура және кәдімгі иілгіш сым темірлер, түрлі-түсті бояулар», – дейді ол кісі.
Жұмысына қызығушылық танытып тапсырыс беретіндер бар ма екен деген сұрақ қызықтырған еді. Осы сұрақты қойғанда: «Иә, ондайлар бар, – деді Әбекең. – Бірақ мен ешқандай да тапсырыс қабылдап жүрген жоқпын. Өйткені бұлардың мүсінін өзім үшін, өз денсаулығым үшін жасап жүрмін».
Әбекең осылай дейді. Ол кісі өз ойындағыдай жасай алса, көңілі көтеріліп, рахаттанып қалатынын айтады. Осыншама аң-құстардың мүсінін жасауға ол кісіге ретіне қарай 3 ұл, 2 қызы, жұбайы Сара, 20 немересі мен 4 шөбересі де қол ұшын беріп тұрады екен. Ең бастысы, Әбекеңнің іші пыспайды, бір мезгіл осы шаруаға алданады. Сондай-ақ бұл үйдің ауласы келім-кетім кісілерге де эстетикалық тәрбие беріп тұр десек болады.
Бұл өзі расында да адамды ойландыратын, құптарлық-ақ іс емес пе?
Орынтай Көмеков
Тағы да оқыңыз:
Жезөкшелердің етінен кәуәп жасап базарда сатқан алматылық адамжегіш алғаш рет сұхбат берді (фото)
Астанада екі қызды қағып кеткен Infiniti көлігінің жүргізушісі оқиғаның қалай болғанын айтып берді
«Өз әйелімді өлтірдім» деп видео жариялаған Шымкент тұрғыны тұтқындалды