Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күйеуім бала көтертпеу үшін вазэктомия жасатты": Екі баласымен корей азаматына күйеуге шыққан әйелдің өмірі қалай өзгерді

Фото: Іnstagram.com/kim_gulzhan_528

Екі баласымен кәріс азаматына тұрмысқа шыққан Гүлжан Ким қазақтан көрмеген махаббат пен жылылықты ұлты мен діні бөлек шетелдіктен таптым дейді. Кейіпкеріміз Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында бірінші некесінің не себепті сәтсіз аяқталғанын, екінші күйеуімен қалай танысқаны және балаларының екінші әкесін қалай қабылдағанын айтып берді.

Гүлжан Ким – Тараз қаласының тумасы. 12 жасынан еңбекке араласқан ол арман қуып Алматыға келіп оқығысы келген. Сымбат академиясын тәмамдаған соң қазақ жігітпен танысып, жиырма жастан асқан шағында тұрмысқа шыққан.

“Мен күйеуіммен емес, Семей жақта Үржар деген жерде тұрдым. Күйеуім жұмыс істеймін деп Алматыда қайын әпкемнің үйінде тұрды. Мен ата-енеме күйеуімнің жанымда емес екенін, неге ол кісілермен тұрып жүргенімді түсінбей, ренішімді айттым. Сөйтіп Алматыға мені де жіберді. Жатақханада тұрдық. Бірақ көп ұрыстық. Екеуіміздің мінезіміз мүлдем келмейді. Қызыма аяғым ауыр кезде балаға қауіп төнген соң анам күтім керек деп мені Таразға алып кетті. Сол кезде күйеуім 19 жастағы қызбен танысып, менің көзіме шөп салды. Онысы аздай, көңілдесінің көзінше менің абыройымды түсіріп, ұруға оқталды”, – дейді Гүлжан.

Айтуынша, осы жағдайдан кейін ол мұндайды болашақта балаларым көрмесін деген оймен күйеуінен ажырасуға шешім қабылдайды.

Оның Кореяға сапары осы кезден басталған. Сіңлісі жақсы табыс табу үшін оны Кореяға шақырған. Ал кейіпкеріміз ұзақ ойланып, 1 жас 8 айлық қызы мен 5 жасқа таяп қалған ұлын анасына қалдырып, шетелге ақша табуға кеткен.

“Балаларымды қалай ұйықтатып кеткенімді, ұшақта отырып жылағанымды көп оқырманым біледі. Ұшаққа сонда бірінші рет отырдым, тіл білмеймін. Бірақ балаларым үшін тәуекелге бардым. Жұмыс істеп жүріп бір жылдан кейін балаларымды сағынып қашқын визасын жасаттым. Бірақ мен бұл қиындықтардан өтпесем, мына дәрежеге жетпейтін едім”, – дейді Гүлжан әр нәрсенің қайыры болатынын айтып.

Сөйтіп жүргенде қазіргі күйеуімен танысқан. Алайда тұрмыс құру кейіпкеріміздің жоспарында да болмаған.

“Жұмыс істейтін зауыттың бастығы маған жаны ашып жүретін. “Гүлжан деген келіншек балаларын сағынып жүр екен” дейтін көрінеді. Күйеуім ол кезде бастық, инвестор. Жер сатып алып, онда сауда орталықтарын салып, соны басқаларға сатады. Сөйтіп зауыттың бастығы екеуі кофе ішіп отырып, жұмыс істеп жүрген мені көріп қалған. Мені мақтаған ба, білмеймін, бірде маған келіп “саған ақша берейін, балаларыңа барып кел” деді. Мен бірден жаман ойлап қалдым. “Танымайтын ер адамға менен не керек” деген ой болды. Содан ұрысып, бетін қайтарып тастадым. Араға үш күн салып, үйінде өз қолымен тамақ жасап, маған біреулер арқылы беріп жіберді. Оның бұл әрекетін көрген жұмыстағы басқа қыз-келіншектер мені “бұзылған” деп ойлады”, – дейді кейіпкеріміз.

Сөйтіп жүріп кәріс азаматы қазақ қызын ұнатып қалған. Кейіпкеріміз қанша бетін қайтарса да, алған бетінен қайтпаған. Бірде екеуі бір жиынға шақырылып, әңгіме-дүкен құрып, тіл табысып кеткен. Достықтан басталған қарым-қатынас махаббатқа ұласқан.

“Оның оқиғасын өз аузынан естідім. Әйелі қайтыс болып кеткен, екі баласын өзі тәрбиелеп, өсірген. Қазір олар да жұмыс істейді. Үй шаруасының барлығын өзі істейді. Тамағын да, киімін де өз реттейді. Күйеуімнің бір әрекеті мені баурап алды. Еркектер әдетте баласы бар әйел десе басын ала қашады. Ол менен “балаларыңның суретін көрсетші” деп сұрады. Ертесі күні көп сыйлығын алып келіп тұр. Балаларыма апарып беруімді сұрады. Осы тұсы қатты ұнады”, – дейді ол.

Гүлжанның ата-анасы мен бірінші күйеуі алғашында-ақ тіл табыса алмаған. Оның сөзінше, ол ата-анасын мүлдем сыйламайтын. Бірақ қызының екінші таңдауына еш қарсылық білдірмеген.

“Балаларымды алып келу үшін мені Қазақстанға жіберді. Қызымды алып кеттім, бірақ ұлып мектеп оқып жатқандықтан сабағын үзбедім. Ойыншықтарды үйіп тастады. Қызым бірден “әке” деп атады. Екеуі бірден тіл табысты. Зерде секіріп, күйеуімнің мойнына асылып жүрсе, Бекарыс сырттай бақылап жүрді. Арасында мінезін көрсетеді. Бірақ бірнеше күннен кейін Зерде мен әкесі қол ұстасып кетіп бара жатқанын көріп, Бекарыс өзі барып қолынан ұстады. Күйеуім баланың үйренісіп жүргенін түсінді, еш қинамады. Баланың өзі дайын болғанын күтті”, – дейді кейіпкеріміз.

Гүлжанның айтуынша, күйеуі екеуінің арасында үй шаруасына қатысты жанжал болмаған. Екеуі де жұмыс істейді. Бірақ тамақты да, басқа жұмыстарды да өзі істей береді. Балалардың оқуы, құжаттары да күйеуінің мойнында. Ауырып қалса да балалардың жанына табылатын көрінеді.

Фото: Іnstagram.com/kim_gulzhan_528

Бұрынғы күйеуінің анасымен және әпкесімен жақсы қарым-қатынаста. Әжесі де немерелерін көріп кетуге келіп тұрады. Ал балалардың өзі туған әкесімен сөйлесуге құлқы жоқ.

“Балаларым әкесіне ерекше жақын. Мен таңдаудан қателескен жоқпын. Десе де желіде түрлі жағымсыз пікір жазатындар көп. “Педофилдер көп, қызыңды байқа” дейді. Күйеуім “туған қызымды Зердедей жақсы көрмеймін” деп айтады. Ол балаларға барынша әке махаббатын беруге тырысып жатыр”, – дейді Гүлжан ағынан жарылып.

Десе де кәріс азаматы әйелін жоспардан тыс жүктіліктен қорғау үшін ота жасатқан. Гүлжанның айтуынша, вазэктомия шетелдік азаматтар үшін қалыпты дүние болғанымен, қазақстандықтар үшін таңсық әрі қорқынышты ота.

“Күйеуімнің бірінші әйелінен қызы мен ұлы бар. Марқұм әйелі спираль салып жүрген екен. Оның қиналғанын көріп күйеуім өзі ота жасатқан. Әйелі дәрі ішіп, денсаулыққа зиян тиетін әдіспен қорғанбауы үшін екеуі саналы түрде ота жасату туралы шешім қабылдаған. Вазэктомияны қазақ жігіттері кастрациямен шатастырады. Әйелдер жүктіліктің алдын алу үшін спираль қойып, дәрі ішеді, аборт жасайды. Ал ер адамдар вазэктомия жасайды. Ер адамның ағзасында барлығы бұрынғыдай жұмыс істей береді. Тек бала саны жеткілікті десең, ота арқылы саналы түрде ұрықтың келуін тоқтатады. Бірақ қазақтар үшін бұл – “жабайылық”, – дейді кейіпкер.

Гүлжан кәріс азаматына тұрмысқа шыққаны үшін қазақстандықтардың өзін жерден алып, жерге салғанын айтты.

“Балаларымды Кореяға алып келгенде адамдар “шалға тидің, қазақтың балаларын басқа мемлекетке саттың, Отаныңды, арыңды саттың, виза үшін тұрмысқа шықтың” деп жазды. Менің күйеуім өте жас көрінеді, жақсы күтінеді. Менен жиырма жас үлкен деп ешкім айтпайды. Менің күйеуімді бір аптаға жалға сұрайтындар бар. Оның маған, балаларға бөлген уақыты мен көңілі басқалар үшін арман. Қазақтан таппаған бақытты айдаладағы кәрістен таптым”, – деп Гүлжан хейтерлерге жауап берді.

STAN.KZ
Бейсенбі, 12 Маусым, 2025 16:07
Талқылау