Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ОҚО-да 19 жастағы жігіт мүгедектігіне қарамастан жеке бизнесін жүргізіп отыр

Кентау қаласында Еркебұлан Ерғара (суретте) есімді ерекше азамат тұрады. Кішкентай кезінен «Эрб-Ротт миопатиясы» деп аталатын дерттен зардап шегетін ол өзінің мүмкіндігі шектеулі екеніне қарамай, 19 жасында жеке бизнесін ашқан.

erkebulan

Бұл туралы Замана газеті жазады.

Еркебұлан Отырар ауданындағы Шәмші ауылында 1997 жылы 8 наурызда өмірге келіпті. Өзінің дерті туралы ол былай дейді:

«Бір күні апам қаладағы әпкемнің үйінен кішкентай «Балдыр­ған»  велосипедін әкеліп берген. Соны айдап жүргенімде аяғым әлсірей бастады. Қысқасы, одан кейін өздігімнен жүре алмайтын болдым. Сол кезде 5 жаста екенмін. Кейін ақырындап «ходунокпен» жүре бастадым. Осы себепті өзге балалардай мектепке бармадым, үйде білім алдым. Сыныптастарымды көру үшін анда-санда мектепке барып тұратынмын. Мені ата-анам талай ауруханаларға апарды, көп емделдім. Дәрігерлер көп қимыл жасау қажет дейді.

erkebulan1

Өткен жылы екі әпкеммен бірге Ташкентке барғанбыз. Олардың да аяқтары ауыратын. Оларға ота жасады. Ал маған ер бала болған соң сүйектерің қатайып қалған, біраз емделіп, қайта кел деді. Әпкелерім қазір дертінен айыққан, біреуі тұрмыс құрды.

Мені ата-анам кейін Аралқұмдағы Ербосын емшіге апарды. Ол тиісті ем-домын жасап, бір айдан соң қайта кел деген еді, мен ол жаққа сол күйі бармадым. Бүгінде велосипед, мотоцикл, машина айдай беремін. Сол себептен бе, жүріп кетуге аса мән бермеймін. Ал спортпен жиі шұғылданып тұрамын. Күнделікті үйдегі жұмыстарды өзім істей беремін, тек қозғалысым баяу. Жалпы, менің өзге адамдарша жүріп кетуге мүмкіндігім бар».

Ол 9 сыныпты бітірген соң Кентау қаласындағы арнаулы кәсіптік колледжге оператор мамандығы бойынша оқуға түсіпті. Кейін сонда бір топта оқитын Роза Юлдашева деген қызбен бірге (суретте) жеке кәсіп ашыпты.

«Оқуды бітіруге үш ай қалғанда Кентау қаласындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында оқып, арнайы сертификат алдық. Сол жерде бизнес-жоба құрып, оны облыс әкімінің алдында қорғап, грантқа ие болдық, қайтарымсыз несие алдық. 2016 жылғы  1 қыркүйекте Кентау қаласында «АРТ ДИЗАЙН» атауымен компьютерлік қызмет көрсету орталығын аштық. Бүгінде екі адамға жұмыс беріп отырмыз. Түрлі-түсті ертегі кітаптар, фотомозаика жасаймыз, ескі суреттерді қалпына келтіреміз, суреттер шығарып береміз. Видеоролик, видеомонтаждар жасаймыз, тойға шақыру, асқа шақыру қағаздарын шығарамыз, ән жазу, клип жазу, үйлердің жобасын сызу, компьютер жөндеу, антивирус орнату, жоғары сапалы сканерлеу секілді қызметтер көрсетеміз», – дейді Еркебұлан.

Қысқасы, Еркебұлан мемлекет жасап отырған мүмкіндікті пайдаланып, өз кәсібін ашып отыр. Біз оған әрқашан да биіктерден көрініп ата-анаңды қуанта бер деген тілек білдіреміз.

Жіберіп алмаңыз:

ОҚО-да адам шошырлық ғимаратта өлместің күйін кешкен мүгедектер тұрып жатыр

Екі аяғынан айырылған атыраулық әйел: Мүгедектік менің өмірімді күрт өзгертті

Аяқ-қолы балғадай жігіт аяқ астынан мүгедек болып адам танымастай күйге түскен

Мүгедек қалпынан аяққа тұрған қыз тұрмысы төмен болса да қайырымдылықпен айналысуда

Талқылау