Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Облыс орталығы атанды: Түркістанда жылжымайтын мүлік бағасының күрт шарықтауы жұрттың жағасын ұстатты

Түркістан қаласының облыс орталығына айналуы сол екен, өңірде жылжымайтын мүлік бағасы шарықтап шыға келді. Осы уақытқа дейін сатылмай тұрған жер телімдеріне бірақ күнде миллион теңгеден қосылған. Қазір, қалада бос жатқан жер учаскелері қалмады, дейді тұрғындар. Ақшалы кәсіпкерлер мен алыпсатарлар көше көшені аралап, арзан пәтерлерді сатып алып жатқан көрінеді.

Облыс орталығы атанды: Түркістанда жылжымайтын мүлік бағасы шарықтауы жұрттың жағасын ұстатты

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Осы күні Түркістандықтардың өн бойында қуаныш пен толқу бар. Бірі рухани қаланың облыс орталығы болғанын сүйіншілеп жатса, енді бірі соған сәйкес жылжымайтын мүлік бағасы аспандап кеткенін айтып ренжіп жүр. Мәселен, қалада ең арзан жер телімдері  “Бекзат” шағын ауданында екен. Онда тұрғын үй салуға арналған он соттық жер 2,5 млн теңгеден сатылуда. Ал, қалаға кіре берістегі күре жолдың екі шеті 3 миллион теңгеден басталады екен.

«Бір танысым алды жерді 4 миллион теңгеге. Бұрын ол жерлер 1,5  млн теңге болған. 2 млн-ға жетпейтін. Бірақ алды бір ай болған жоқ, сол 4 млн-ға алды» – дейді қала тұрғыны Ақерке Мәмбетәлиева.

Жергілікті тұрғындардың айтуы бойынша, дәл қазір “Яссы” шағын ауданында жер телімінің бағасы күрт қымбаттап кеткен. Бұған дейін 500 мың нан 1,5 млн теңгеге дейін бағаланып келген 10 соттық жердің бағасы соңғы 4 күннің ішінде 3 млн мен 5 млн теңгеге жетіпті. Бірақ, бұл бағаның ішінде тек қана ауыз суы бар, жолы тартылған және электр жарығы жүргізілген жерлер ғана бар. Ал, басқа жерде баға сәл төмендеу

Бағаның басынғаны соншалықты, кейбір бизнеске лайықты ұлтарақтай жердің ақысына қосымша 1 млн теңге қосылып кетіпті. Бұл бір түннің ішінде болған бәс сауданың келісімі. Мұны естіген жұрт жағасын ұстап жатыр.

«Бәрімізде естіп шошып кеттік. Бұл не болды сонда, ілгеріде неге алып қоймағанбыз деп ойладық. Бұрын біз қымбатсынып алмай жүрдік. Өзіміздің қалтамызға лайықты, арзандау болады ма деп. Енді мынандай 1 миллион теңгенің қосылып кетуіне біз де таң қалып, шошып отырмыз» – дейді қала тұрғыны Ырысай Орынтайқызы.

Орталықта көпқабатты тұрғын үйлердің орташа ақысы құбылмалы болып тұр екен. Ең өтімді екі бөлмелі пәтер 3.5 миллион теңгеден басталып, 20 миллионға дейін жетіп жығылады. Жалға берілетін тәуліктік пәтерлер 3 мыңнан  5 мыңға дейін барады. Осыны естіп, білген кейбір сатушылар бастапқы райынан айнып, әліптің артын бағуға көшкен.

«Түркістан облыс орталығы ашылғалы бері ортада жүрген риелторлар мен делдалдар жерді қымбаттатып жүр. Сондай естіп жатырмыз. Балаларға, қыздарға жер алып қоюымыз керек еді. Сондай қымбатшылық болып жатыр» – дейді қала тұрғыны Оразәлі Балтабаев.

Жеке кәсіппен айналысатын Нұрлан Қожабаев жуырда екі қабатты коммерциялық нысанның құрылысын аяқтап, енді жалға бермекші. Орналасқан жері де күре жолдың бойында. Сондықтан шаршы метрін 1500 теңге деп белгілепті. Енді  саудасы келсе, клиентпен келісімшартқа тұруды көздеп жүр.

«Балабақшаға сұрап жатыр, бірақ мен бергенім жоқ. Содан кейін ойын-сауыққа алмақшы дәмхана етеміз деп. Одан кейін спорт барға айналдырмақшы болды, бірақ мен бермедім. Енді менің ойымша кеңсе немесе құрылыс заттарын сататын дүкенге жалға алса, қарсы емеспін» – дейді кәсіпкер Нұрлан Қожабаев.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау