Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұрәлі Әліп: Димаш Қашкеннің жеңіске жетуге деген ынтасы зор

Нұрәлі Әліп

Қазақстан ұлттық құрамасы Лихтенштейнге қарсы өтетін матч алдында баспасөз мәслихатын өткізді. Аталмыш жиын барысында құрама капитаны Нұрәлі Әліп журналистердің бірқатар сұрақтарына жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Ол алдағы ойынға деген дайындығы туралы пікір білдіріп, ұлттық құраманың басты мақсаты тек “жеңіс” екенін атап өтті.

“Бас бапкер барлық маңызды жайттарға тоқталып өтті. Бірақ, үйдегі матчтарда біраз уақыттан бері жеңіске жете алмай келеміз. Сондықтан командадағы жігіттерге де айттым: ертең тек жеңіс үшін ойнаймыз”, – деді капитан.

Сондай-ақ Нұралы ұлттық құрамаға алғаш рет шақырту алып, сынның астына қалған Қашкенке көзқарасы оң екенін айтып, қолдауға шақырды.

“Димаш жайлы әлеуметтік желілерде түрлі пікірлер жазылып жатыр. Мен оны 2016 жылдан бері танимын, жақын досымдай болып кеткен. Әрине, қазіргі жағдайда оған қолдау білдіріп, керіағар пікірлерге мән бермеуге кеңес бердім. Көпшілік Димашты тек сырттай таниды, ал шын мәнінде ол өте қарапайым әрі жеңіске деген ынтасы зор жігіт. Уақыт өте келе өзін көрсетіп, сын-пікірлерді жоққа шығарады деп сенемін”, – деді Нұрәлі Әліп.

Айта кетейік, Қазақстан – Лихтенштейн матчы 10 қазан күні яғни бүгін “Астана Аренада” өтеді. Кездесу елорда уақытымен 19:00-де басталады.

Айнұр Мұхади
Жұма, 10 Қазан, 2025 09:13
Талқылау