"Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары "асылып өлемін" деген анаға бөтелкесін қайта лақтырды (видео)
Астана әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкенұлы өзіне айқайлап, бөтелке лақтырған көпбалалы анаға жауап қайырды. Желі қолданушылары өз кезегінде әкімнің орынбасарын мұндай жағдайға әйелдердің әрекеті жеткізгенін айтып ақтап алуға тырысты. Арасында оның әрекетін құптамағандар да бар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сурет: видеодан скриншот
Әлеуметтік желіде Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкенұлының көпбалалы анамен сөйлесіп жатқан кезде ашуға бой алдырған сәтінің видеосы тарады. Аталған видеоға қатысты әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі екіге айырылды. Алайда көпшілігі әкімнің орынбасарының орнында кез келген жанның осылай ашулануы мүмкін екенін айтып ақтады.
Видеода әйел адам әкімге «Сол жерде өлемін. Бала-шағаның обалына қаласың» деп айғайлап, пластмасса бөтелке лақтырады. Бахтияр Мәкенұлы өз кезегінде «Есі дұрыс еместі алып кетіңдер» деп өзіне қарай ұшып келген бөтелкені қайта лақтырады.
Осы видеоның астына аз уақыт ішінде 700-ден астам видео жазылып, пікірлер екіге айырылды.
«Алла жәрдем берсін», «Әкімнің қызметін жоғарылату керек», «Әкімнің орынбасары дұрыс айтып тұр. Айғайсыз түсіндірсе болады ғой», «Тудырған байы қайда қарап жүр», «Осы әйелдер қызық. Тумас бұрын ойлану керек қой. Байқұс ер адамды осындай жағдайға жеткізіп отыр. Бұл оның балалары емес. Мұндай мінездеріңді күйеулеріңе көрсетіңдер» деп жазды желі қолданушылары.
Кейін осы жағдайға қатысты Бақтияр Мәкенұлы түсініктеме беріп, алдағы уақытта ұстамдырақ болатынын бөлісті.