Нөсерден кейін Петропавлды ретке келтіру жұмыстары ұзаққа созылады
Петропавлда нөсер жаңбырдан кейінгі қаланы ретке келтіру жұмыстары қыркүйектің соңына дейін созылуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Шамадан тыс жауған жаңбырдан электр желілері зақымдалып, жарықсыз қалған үйлерді тоқ көзіне қосу міндеті тұр.
“Нөсер бәрімізді әбігерге салды. Жарықсыз отырмыз. Түгел подъездегі электр желісі күйген сияқты. Дер кезінде көмек көрсеткенде мұндай мәселе туындамас еді деп ойлаймын. Төтеншеліктерді шақырдық, келмеді”, – дейді қала тұрғыны Людмила Божко.
Санаулы минутта қалаға жаңбыр айлық нормадан да артық жаңбыр жауған. Бау-бақша, балалар ойнайтын ойын алаңдары мен тіпті подъездерді су басқан. Көпқабатты тұрғын үйлер жауыннан кейін жарықсыз қалған. Жаңа салынған "Жас Өркен" шағын ауданы су астында қалды. Ауладағы кәріз құбыры суға толып, тіпті су сорғысы мен коммуналдық сала қызметкерлері жаңбыр суын игере алмай қалды.
“Жол жөндеуге байланысты ескі суағарларды алып, жаңасын салып жатырмыз. 80 пайыз жұмыс аяқталды. Бірақ ол орталықтандырылған инженерлік желілерге қосылмаған. Горький көшесіндегі суағар автономды режимде тұрған болатын. Сондықтан су құбырдан сыртқа шықты. Аталған жұмысты қыркүйек айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз”, – деді Петропавл әкімі Серік Мұхамедиев.