“Ninety one” тобы қандай жағдайда тойға шығатындарын айтты
Атышулы “Ninety one” тобының жігіттері қандай жағдайда тойда ән салатындарын айтып берді, деп жазады Stan.kz.
Отандық шоу-бизнеске өзгеше леп әкелген 91 тобы өзге әріптестері ұқсап тойға шықпайды. Бұл туралы топ жігіттерінің өздері де, продюсері де бірнеше рет айтқан болатын.
Тіпті, жуырда жарыққа шыққан “Ninety one” фильмінде топ продюсері Ерболат Беделхан қанша ақша төленсе де, 91-ді тойға жібермейтінін мәлімдеді.
Алайда шындығында “Ninety one” тобы тойға шығатын болып шықты, тек ол үшін той иелері мен қонақтары бірқатар шарттарды орындауы тиіс.
Бұл туралы 91-дің жігіттері блогер Ержан Рашевқа берген сұхбаттарында әңгімеледі.
“Тойда ән айтпаймыз дегеніміз – кесіп айтылған дүние емес. Жоқ, біз де тойға шыға аламыз, егер онда әртіске жағдай жасалса… Яғни, әртістің абыройын түсірмесе, сен дастарханның алдында, тамақтың иісін иіскеп тұрып емес, арнайы сахнада ән салсаң. Яғни әртіс адам үшін сахна қажет. Қай жерде болса да маңызды емес, біз үшін маңыздысы – сахна», – дейді топтағы рэпер Zaq.
Топ солисі Alem 91-ге дейін тойда ән салғанын мойындап, оның кемшіліктерін атады.
“Тойда ән салатын қазақстандық әртістердің сезімі туралы айтқым келіп отыр. “Ninety One” тобына келгенге дейін мен де солай күн көрдім. Әртүрлі корпоративтерде, тойларда ән салып, нәпақамды таптым. Бірақ мен ән айтқым келеді, менің музыкамды елдің тыңдағанын қалаймын. Ал тойда сен айтып тұрасың, анда біреу төбелесіп, екіншісі ыдысты құлатып жатады. Ал сен соның бәріне қарап тұрып, ән айтасың. Ал шынында әнші өзін халықтың тыңдағанын қалайды. Сен барыңды салып, жанды дауыста ән айтсаң да, оны көпшілік бағаламайды», – деп түсіндірді Alem.
Жіберіп алмаңыз:
“Ninety one” тобы: Қайрат пен Төреғалиді тыңдамаймыз, бірақ сыйлаймыз
Ерке Есмахан ұстазы Баян ұқсап кітап жазбақшы
Алпамыс Шәрімов: Әлем жұлдыздары дуэт айтуды ұсынды, бірақ Димаш ойлануда
“Ninety one” тобы: Хейтерлерден қорғану үшін шынайы өмірде қару қолданғанымыз рас (видео)