"Никаб кию қазақ халқының салт-дәстүрінде жоқ": ҚМДБ өкілі әйелдердің бетінің жабық болуы шариғатта жоқ екенін айтты
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Шәриғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлі бетті толықтай жабу Құран талаптарында және біздің дәстүрімізде де жоқ екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: jeopardylabs.com
"Никаб деп әйелдердің бетін жабатын шүберекті айтады. Жалпы алғанда әйелдердің беті мен алақанынан басқа жерлерінің бәрі жабық болуы шариғаттың талабы. Шариғатта әйелдердің бетінің жабық болуы, яғни никаб киюі міндетті емес. Оған қоса ол қазақ халқының салт-дәстүрінде жоқ. Сонымен қатар, мұсылман әйелдердің киімі тек қара киімді болуы керек деген шарт, талап жоқ. Сол үшін еліміздегі қыз-келіншектер, әйелдер осы киім кию үлгісінде қазақ халқының салт-дәстүрін сақтай отыра жинақы киінуі керек. Көзге ерсі көрінетін, дене бітімін айқындайтын, сондай-ақ қара киімдерді кимегені дұрыс", - деді маман.
Еске салайық, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда қоғамдық орындарда діни киім киюге тыйым салынатынын және Кейбір діни киімдерге ғана шектеу қойылатыны, бұл жерде хиджаб емес никаб, паранджа сияқты адам бетін толық тұмшалап, оның кім екенін анықтауға мүмкіндік бермейтін киімдер жайлы айтты.