Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нигериялық Чимези алғашқы голын қымыз ішкеннен кейін соқты

Фото: fcalania.com

Башқұртстанның "Уфа" клубының 19 жастағы шабуылшысы Уильямс Чимези ұзаққа созылған нәтижесіздікті қымыздың арқасында тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengri Sport порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Алғашқы төрт ойында гол соға алмаған нигериялық футболшы 30 тамыз күні "Чайкаға" қарсы матчта алғаш рет көзге түсті.

Кейін клуб бұл жетістіктің "құпиясын" жария етті. Әлеуметтік желіде Чимезидің қымыз ішіп тұрған бейнеролигі таралып, жанкүйерлер мен журналистер оны футболшының жаңа қарқынымен байланыстырды.

Спорттық тамақтану маманы Александр Степаненко қымыз құрамындағы жеңіл сіңетін ақуыздар бұлшықетке тез жетіп, ойыннан кейінгі қалпына келуді жеделдететінін түсіндірді.

Клуб басшысы Марат Шмаков та назарсыз қалмады. Ол әзіл аралас түрде, енді барлық ойыншылар қымызды күнделікті мәзіріне қосқанын айтты.

"Команда футболшының мысалын көрді, бәрі қымыз іше бастады. Біз бұл сусынның күш беретін қасиетіне сенеміз", — деді Шмаков.

Дегенмен, әзірге нәтиже бірден байқала қойған жоқ: "Чайкамен" ойындағы жеңістен кейін "Уфа" "Торпедомен" тең түсіп, "Черноморецке" 2:3 есебімен жол берді.

Абылайхан Палмағанбет
Сейсенбі, 09 Қыркүйек, 2025 20:04
Талқылау