Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әйеліне қол көтерді деп айыпталған әнші Рахат Тұрлыхановқа қатысты іс тоқтатылды

Әйеліне қол көтерді деп айыпталған әнші Рахат Тұрлыхановқа қатысты іс тоқтатылды

Фото: instagram.com/rakhat_turlykhanov

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі сотында отбасылық жанжалдан кейін бұрынғы әнші Рахат Тұрлыхановқа қатысты іс қаралды. Сотта прокурор істі тоқтатып, материалдарды қосымша тексеруге жіберуді ұсынған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сот отырысы басталғанда қорғаушы процесті жабық режимде өткізуді сұрады. Алайда сот өтінішті қанағаттандырмады.

Сондай-ақ қорғаушы жұптың татуласқанын және бір-біріне ешқандай талап-шағымдары жоқ екенін алға тартып,  істі тоқтатуды сұрады. Қорғаушының айтуынша, зорлық-зомбылық болмаған, қақтығыс тек отбасылық келіспеушіліктердің салдарынан туындаған.

Сотта Тұрлыхановтың әйелі күйеуі оны ұрмағанын және қорламағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, олар тек ажырасу мәселесі бойынша сөзге келіп қалған. Өз кезегінде Тұрлыханов олардың арасында жанжал болғанын растады, бірақ күш қолданбағанын атап өтті.

Осыдан кейін прокурор істі тоқтатып, материалдарды қосымша тексеруге жіберуді ұсынды. Судья бұл шешімді қолдады.


Әйеліне қол көтерді деп айыпталған Рахат Тұрлыханов жұбайымен бірге бейнеүндеу жасады


"Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер" туралы ҚР ӘҚБтК 73-бабы бойынша іс тоқтатылып, Медеу ауданы прокурорының қарауына қосымша тексеру үшін жолданды. Сотта айыпталушыға қатысты істің негізі ретінде бастапқыда зардап шегуші құқық қорғау органдарына дене жарақаты салынғаны туралы шағымданғаны көрсетілді”, – делінген ақпаратта. 

Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін БАҚ беттерінде 15 наурыз күні қазақстандық әнші Рахат Тұрлыхановтың әйелін соққыға жықты деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тараған. Мәліметке сәйкес, оқиғадан кейін ол Алматы қаласының Медеу аудандық полиция басқармасына жеткізілген.

Алматы қалалық полиция департаменті әншінің полицияға жеткізілгенін растады. Ведомствоның мәліметінше, тексеру барысында әйел бастапқыда өзіне күш қолданылғанын айтқан. Алайда кейіннен соққыға жығу фактісін жоққа шығарып, отбасылық жанжал бойынша арыз жазған.

Рахат Тұрлыхановқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы іс ҚР ӘҚБтК 73-бабы, 1-бөлімі ("Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер") бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Айта кетейік, бұл олардың отбасының алғашқы жанжалы емес. 2024 жылы әнші Рахат Тұрлыханов әйелін соққыға жыққаны үшін сот алдында жауап беретіні туралы жазған едік. Рахат Тұрлыханов әйелін ұрып-соққаны үшін әкімшілік құқықбұзушылық бойынша сотқа шақырылған. Алайда әйелі оны кешіргендіктен, әртіс жазадан құтылып кеткен.

9 қаңтарда Алматы қаласының әкімшілік құқықбұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Рахат Тұрлыхановқа қатысты істі қарағанын хабарлады. Сот алқасының қаулысымен Тұрлыханов 10 тәулік әкімшілік қамауға алынған. 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 16 Наурыз, 2026 20:39