Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Достық-Мойынты" темір жолы іске қосылды: Бұл Қазақстанға қандай пайда әкеледі?

Фото: Telegram-арна Руслан Желдібай

Мемлекет басшысы Достық-Мойынты темір жолының екінші жолын іске қосты. Тоқаев ашылу салтанатында сөз сөйлеп, жобаның сәтті жүзеге асуы бүкіл Қазақстан экономикасына ауқымды әсер ететінін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлекет басшысы Тоқаев ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде бұл бағыттың іске қосылуын тарихи оқиға деп атады.

Президенттің баспасөз хатшысының сөзінше, стратегиялық жобаның сәтті жүзеге асуы ел экономикасына зор серпін береді. Қазақстан Еуразиядағы маңызды көлік-транзит хабы ретіндегі позициясын нығайта түседі. 

“Жаңа жол Қазақстанның Қытай мен Еуропа арасында теміржолмен жүк тасымалдаудағы жетекші рөлін күшейтеді. Экспорттық тауар жеткізу мерзімі айтарлықтай қысқарады. "Достық – Алашаңқай" шекара өткелі арқылы жүк тасымалының көлемі бес есе өседі. Аталған бағыт бір тәулікте өткізе алатын пойыздар саны 12-ден 60 жұпқа дейін ұлғаяды. Контейнермен жүк тасымалының жылдамдығы тәулігіне 1500 шақырымға дейін артады”, – деді Руслан Желдібай. 

Жоба ТрансҚазақстан теміржол дәлізін қалыптастырудың бастапқы бөлігі ретінде еліміздің транзиттік әлеуетін елеулі түрде нығайтады. 

Айта кетейік, жоба ел экономикасына қосымша мультипликативті тұрғыдан әсер етеді. Құрылыс барысында отандық зауыттардан 113 мың тоннадан астам рельс пен 1,6 миллион темір-бетон шпал сатып алынды. Қызметтер мен тауарлардың қазақстандық үлесі 85% болды. Ауқымды жобаға 1 500-ден аса арнаулы құрылыс техникасы, 3 000 жұмысшы жұмылдырылып, шағын және орта бизнестің 7 мың өкілі атсалысты. 

Сауатты жоспарлау мен құрылысшылардың табанды еңбегінің арқасында теміржол желісі белгіленген мерзімінен екі жыл бұрын аяқталды. 

“Мемлекет басшысының транзиттік әлеуетімізді кеңейту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру жалғасады. Бүгінде бірнеше магистральдің құрылысы мен жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Бақты – Аягөз, Мойынты – Қызылжар, Алтынкөл – Жетіген жобалары жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ ел аумағында үш мың шақырымға жуық теміржол жөнделіп жатыр”, – деді баспасөз хатшы. 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 01 Қазан, 2025 16:18
Талқылау