"Meta-мен келісім жасаудан бас тартқан": Қазақстандық стартап компания 1 миллиард долларға бағаланып әлем назарын аударды
Фото: digitalbusiness.kz
Қазақстандық стартап алғаш рет әлемдік деңгейге шықты. Жасанды интеллект саласындағы Higgsfield AI компаниясы ел тарихында алғаш болып "жалғызмүйіз" мәртебесін алды. Бұл дегеніміз компанияның бағасы 1 миллиард доллардан асқанын білдіреді. Бар болғаны екі жыл ішінде құрылып, миллиондаған қолданушы жинаған жоба тіпті Meta-ның ұсынысынан бас тартып, әлем назарын аударды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Digital Business порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Компанияның тең құрылтайшысы, Snap Inc-те генеративті жасанды интеллект бөліміне жетекшілік еткен Алекс Машрабов бұл жаңалықты Назарбаев Университетінде эксклюзивті түрде жария етті.
"Бүгін Higgsfield AI жылдық кіріс мөлшері 50 миллион доллардан асқанын алғаш рет ресми түрде жариялаймын. Компания Қазақстандағы алғашқы "жалғызмүйіз" мәртебесін алған стартап атанды. Бұл күтпеген жетістік болды. Соңғы 15 жылда елде бұған ешкім жете алмады. Бізге әлемдік деңгейдегі венчурлық қорлар, соның ішінде Anthropic жобасына да қаржы салған Menlo Ventures инвестиция құйды. Біз Қазақстанда алғашқы "жалғызмүйіз" мәртебесін құрдық", – деді Машрабов.
Higgsfield AI – әлемдегі ең жылдам өсіп келе жатқан стартаптардың бірі. Компанияны Ерзат Дулат пен Алекс Машрабов 2 жыл бұрын ғана құрған. Соған қарамастан, жоба бүкіл әлем бойынша миллиондаған қолданушылар жинады. Олардың арасында танымал актерлер, музыканттар және спортшылар бар. Стартап 16 миллион доллар инвестиция тартты. Қаржыны танымал венчурлық қорлар мен кәсіпкерлер салған.
-
Қазақстандық әжелер Еуропаның ең беделді сахнасында сән көрсетеді
-
“Керемет қарсы алды”: “Реал Мадрид” ойыншысы қазақстандық жанкүйерлері туралы пікір білдірді
Компания жақында Meta-мен (бұрынғы Facebook) келісім жасаудан бас тартты. Бұл мәміленің құны бірнеше жүз миллион долларға бағаланған. Бірақ команда компанияны өз бетімен дамытуды және тәуелсіздігін сақтауды жөн көрген. Meta ұсынысынан бас тарту – стартап тарихындағы маңызды шешім болды. Бұл қадам Higgsfield AI-дың жаһандық нарықтағы амбициясын бұрынғыдан да күшейтті.

"Студенттердің шәкіртақысында несі бар": Қазақстандықтар шетелде оқитын жастарға салық төлету туралы ережені сынға алды
