Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматының орталығындағы тарихи ғимарат сүрілмек: Әкімдік ақпаратты жоққа шығарды

Алматының орталығындағы тарихи ғимаратты сүру туралы ақпаратты әкімдік жоққа шығарды

Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімдігі қала орталығындағы тарихи ғимаратты сүру және оның орнына көпқабатты нысан салу туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Осыған дейін Валиханов көшесі, 45 мекенжайында орналасқан "Қызыл Тан мата үйі" ғимараты сүрілетіні туралы ақпарат тараған. "Жалға алушыларға бір апта ішінде ғимаратты босату нұсқауы берілді" делінген ақпаратта.

Ғимат 1913 жылы салынған және Алматыдағы ХХ ғасырдың басындағы сәулет өнерінің маңызды үлгілерінің бірі. 1982 жылдан бері республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші ретінде мемлекет қорғауына алынған.


Депутат Алматыда әкімдіктің тыйымына қарамастан 40 қабатты ғимараттың құрылысы қайта басталғанын мәлімдеді


Алматы әкімдігі бұл мәліметті ресми түрде жоққа шығарды.

"2025 жылғы 23 қыркүйекте сот шешімі бойынша шарт талаптарын орындамаған кәсіпкерлерді мәжбүрлеп шығару жүргізілді. Сот орындаушыларының жұмысы барысында жеті субарендатор 2025 жылғы 3 қазанға дейін алып отырған орын-жайларын босату жөнінде міндеттеме алды. Бұған дейін нысан жеке компанияның сенімгерлік басқаруында болған. Алайда ол шарт талаптарын орындаған жоқ: күрделі жөндеу жүргізбеді, инвестициялық міндеттемелерді жүзеге асырмады, ғимаратты субарендаға беріп, нысанды тек коммерциялық мақсатта пайдаланды. 2019 жылы Алматы қаласы Әділет департаменті шартты бұзу туралы талап-арыз берген. 2023 жылы сот мемлекет талабын қанағаттандырып, нысанды қаланың коммуналдық меншігіне қайтарды. 2025 жылдың көктемінде сот арендатормен келісімді тоқтатып, ғимаратты босатуға міндеттегенімен, ол шешімді орындаудан жалтарып келген”, – деп түсіндірді әкімдік.

Ғимараттың техникалық жағдайы нашар. Әр жылдары бірнеше рет өрт болып, оның салдарынан шатыр қатты зақымданған. Инженерлік желілердің де тозу деңгейі жоғары, ал интерьер ұзақ уақыт бойы тек коммерциялық мақсатта пайдаланылғандықтан, реставрацияны қажет етеді.

“Қазіргі уақытта нысан Алматы қаласы Кәсіпкерлік және даму басқармасы жанынан құрылған Almaty Creative креативті индустрияларды дамыту орталығының басқаруына берілді. Бүгінде ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізу үшін ғылыми-құжаттамалық жобалау іске асырылуда. Барлық ғылыми-жобалық құжаттама тарихи-мәдени мұра объектілеріне қойылатын талаптарға сай әзірленіп, олардың түпнұсқалық келбеті мен бірегей құндылығы сақталмақ. Бұл жұмыстар Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат министрлігімен келісілген. Жұмыстар аяқталған соң ғимаратта қазақстандық дизайнерлердің, брендтердің және сәндік коллаборациялардың дамуына арналған креативті кластер ашу жоспарланып отыр", – делінген хабарламада.
STAN.KZ
Сенбі, 27 Қыркүйек, 2025 14:49
Талқылау