Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кітаптарымызды қарызға алып, ақшасын үш ай бермеді": “Меломан” дүкені қазақ тіліндегі баспа кітаптарынан бас тартпақ болған

Меломан қазақша баспа кітаптарын қарызға алып, ақшасын бермеген

Фото: yandex.kz

Баспагер Шыңғыс Мұқан “Меломан” дүкенінің қазақ тілінде аударма жасайтын Mazmundama баспасының кітаптарынан бас тартқанын айтып шағымданды. Айтуынша, дүкен баспадан кітаптарды қарызға алып, кейін үш ай бойы ақшасын қайтармай жүрген. Ал ақшаны талап етіп, сұрап алғаннан кейін ынтымақтастықты бұзатынын мәлімдеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Баспаның негізін қалаушы желіге “Меломанның” ынтымақтастықты бұзу туралы орыс тілінде жазып жіберген құжатын жариялады

“Қазақ тілінің контентін әлем әдебиетін аудару арқылы дамытып жатқан Mazmundama баспасы өз кітаптарын“Меломанға” қарызға береді. Өткен соң, ақшасын ай сайын бізге аударып отырады. Біз баспаханадан қарызымыздан құтыламыз, ұжымға айлық береміз. Ақшамызды ала алмай жүргенімізге үш айға қараған соң, кеше талап етіп пост жаздық. Ақшамызды алып, ұжымның айлығын төледік.

Енді, бүгін міне, өз ақшамызды сұрап алғанымыз үшін “Меломан” осындай хат жазып жіберіпті. Mazmundama-мен шартты бұзбақ. Қадірлі әріптестер, “Меломан” қарыз болып, қайтармай отырса, ниеттестік танытуды сұраймын. “Меломан” көзмайын таусып кітап шығарып отырған біз сияқты баспалардан қарызға кітап алып сатып пайда тауып отырған дүкен. Серіктестерінің ақшасын бермей осылай қорлайтын, талап етсең, кітабыңнан бас тартатын дүкенге қарызға не үшін кітап береміз?”, – деп жазды ол. 

Шыңғыс Мұқан сонымен қатар, дүкеннің шетелдік кітаптардың ақшасын төлеп, ал қазақша кітаптарға келгенде қарызға алатынын жеткізді.

“Ресей баспаларының орысша кітаптарын ғана сата берсін. Олардан, меніңше, кітапты нақ ақшаға сатып алады. Қадірлі оқырмандар, біздің кітаптарды іздеп бұдан былай “Меломанға” барудың қажеті жоқ. Kaspi-ден ала аласыздар және әлдеқайда арзан. Бұл орысша хат, Талеб айтпақшы, біздің антиосалдығымыз, яғни біздің күшті ете түсетін қысым. Енді, көрмегенім “Меломан” болсын!”, – деп қосты ол. 

Меломан қазақша баспа кітаптарын қарызға алып, ақшасын бермеген

Фото: Желі кадрларынан скрин

Желі қолданушылары баспагерді қолдап пікір жазды.

“Олар оңай құтыламын деп ойлап отыр ғой. Қазіргі қазақ, құдайға шүкір, бұрынғыдай ақшасыз, "ақымақ" қазақ емес. Әлі-ақ кешірім сұрайды бұлар. Мухоряповтың кебін киіп. Негізі Меломанның өзін сатып алмасақ та, сол тектес қазаққа бүйрегі бұратын дүкендер желісін ашатын уақыт келген секілді”, “Меломан бұл әркетімен үлкен сынға қалары анық. Өткен жылдан бастап сыннан көз ашпай жүрген компания өз бағытын өзгертеді деп сенеміз”, “Байкот”, – деп жазды жұртшылық. 

Кейін Шыңғыс Мұқан “Меломаннан” кешірім хат келгенін хабарлады. Айтуынша, олар ынтымақтастықты бұзу туралы хатты қателесіп жіберген екен. 

“Меломаннан” түн ортасында осындай хат келді. Қазақ тілінде! Кешірім сұрапты. Келісім-шартты бұзбайтын болыпты. Бұл да бір біздің жеңісіміз деп ойлаймын. Күнде көзмайымызды таусып, қағаз кеміріп, құмырсқадай еңбектеніп жүрген, бірден бірге әрең іліктіріп жүрген мына бізге зиян тигізу оп-оңай. Дегенмен оқырмандарымыздың қолдауының арқасында мыңғырған “Меломан” кешірім сұрап жатыр, жаңылысыпты. Дегенмен көңілде аз да болса кір қалды. 

Шыны керек, кешірімге зәру емеспіз. “Меломан” сатпай қойса да, оқырмандарымыз кітапсыз қалмайды. Бастысы шартты орындаса екен дейсің. Жаңа кітаптарымыз оқырмандарымыз сатып алған ақшаны күтіп отыр. Дәл қазір 20 кітап кезекте тұр. Баспаға дайын. Тапсырайық десек, жеткізе алмай отырмыз. Осыны ескере келіп, бұдан былай “Меломанға” қарызға кітап бермейміз деп шештік. Жаңа кітаптарымызды сатып алып жатса, “Меломаннан” таба аласыздар, болмаса Kaspi-ден ала аласыздар”, – деп жазды Шыңғыс Мұқан. 

STAN.KZ
Жұма, 26 Қыркүйек, 2025 18:07
Талқылау