Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ата-анам көз жұма қарады": Қазақстандық қыз өзін соққыға жыққан туған інісін сотқа берді

Қазақстандық қыз өзін соққыға жыққан туған інісін сотқа берді

Фото: Ru.freepik.com

Қазақстандық қыз өзін соққыға жыққан 19 жастағы інісінің үстінен арыз жазып, сотқа бергенін айтты. Оның туған бауырының үстінен шағым түсіруіне отбасылық кикілжің себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

26 жастағы желі қолданушысы өз парақшасында жағдайдың қалай болғанын егжей-тегжейлі баяндады.

“Туған інімнің үстінен арыз жаздым. Мен ата-анаммен бірге тұрамын. Үйде 3 ұл, бір қызбыз. Үйге үлкен ағам мен жеңгем жиендеріммен келді. Бірде жиенім өзін Дамир ұрғанын айтып, жылап келді. Дамир 19 жастағы менің інім. Баланы жұбату үшін “Дамир, неге ренжітесің? Жылап тұр ғой” дедім де, жастықпен жаймен түртіп қалдым. Сонда ол орнынан тұрып бар күшімен менің кеудемнен теуіп жіберді. Мен оны итеріп, дауыс көтеріп едім, ол тағы да мені тепті. Мен жөтеліп, тыныс алуым қиындай бастады. Әкеме болған жағдайды айтып едім “Дамир, ол сенің әпкең ғой, сен еркексің ғой. Олай жасауға болмайды” деген сөздермен ғана шектелді. Әкем інімді жазалайтын шығар деп ойлаған едім. Бірақ керісінше, жеңгемнің көзінше жанжал шығарғаным үшін өзіме ұрысты. Дірілдеп, қалшылдап кеттім. Қатты ренжідім. Сөйтіп 102-ге хабарластым. Учаскелік полиция келгенде болған жағдайды айтып бердім”, – деп жазды желі қоданушысы.

Айтуынша, полиция қызметкерін көргенде оның ата-анасы таңғалған. Кейін олар “отбасыңды масқара қылмақсың ба?” деп қыздың өзіне жегіп, айғайлаған. Учаскелік полиция шақырту түскен соң келгенін және шағымданушының не қылмыстық іс бойынша, не әкімшілік іс бойынша арыз жазу керегін түсіндірген.

“Бас тартуға болмайды екен. Әкем “үйден кет” деп айғайлаған соң, арызымнан бас тартатынымды айттым. Полиция Дамирмен түсіндірме жұмысын жүргізді. Анам істі жауып тастауын сұрады. Өйткені Дамир басқа қалада оқитындықтан оған қайту керек еді. Бірақ полиция хабарласып менің арызым сотқа жеткенін мәлімдеді. Ертеңгі күні, яғни бүгін сағат 10-да сот болатынын айтты. Мен ол екінші рет маған қолының ұшын тигізбейтіндей сабақ бергім келді. Сондай-ақ ата-анамның мені қолдамайтынын түсіндім. Сот өтті. Судья “Сендер туған әпкелі-інілі емессіңдер ме? Солай ма? Қалайша бұлай болды? Татуластыңдар ма?” деп сұрады. Мен “жоқ” деп жауап бердім. “Ол сізден кешірім сұрамады ма?” деп сұрады. Мен інімнің менен кешірім сұрамағанын, бірақ қазір кешірім сұраса, кешіретінімді айттым. Бірақ ол судьяның бірнеше рет қойған сұрағына жауап қатпады. Қысқасы, сот оны кінәлі деп тапты. Әкімшілік жаза ретінде, оның бұған дейін жауапқа тартылмағанын ескеріп тек ескерту берді”, – делінген жазбада.

Қыздың айтуынша, егер інісі алдағы уақытта тағы осы әрекетін қайталайтын болса, ол 10 тәулікке қамалмақ. 

Болған жағдайға қатысты Шығыс Қазақстан облысының полиция департаментіне сұрау салдық. Алайда ведомство арызға қатысты сот шешім шығарғандықтан пікір білдіруден бас тартты. Stan.kz тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметінен пікір сұрады. Сот алдағы уақытта мәлімет беретінін айтты. 

STAN.KZ
Сейсенбі, 26 Тамыз, 2025 18:14
Талқылау