InEco Fest 2025: Экология мен баршаға қолайлы орта — сән емес, саналы өмір салтының бастауы
Алматыда экологиялық және инклюзивті тақырыптарды біріктіретін қала деңгейіндегі фестивальге дайындық жүріп жатыр. 15 тамызда Алматыдағы Бас ботаникалық бақта “InEco Fest 2025” фестивалі өтеді. Мұнда экологиялық сана мен қала бастамаларын бәріне бірдей қолжетімді ету туралы ашық әңгіме жүргізіледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, тұрақты даму жасы, денсаулығы немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан, барлық адамдардың қатысуымен жүзеге асады. Шара "ITeachMe" қоғамдық қоры мен Бас ботаникалық бақ, "Шеврон" компаниясының қолдауымен ұйымдастырылады.
Фестиваль қарапайым идеядан бастау алған. Атап айтқанда, тұрақты даму тек қоқыс пен энергияны үнемдеу ғана емес, сонымен қатар қолжетімділік, баршаның қатысуы мен тең мүмкіндіктерді қамтиды. Бүгінде InEco Fest экологиялық, білім беру және әлеуметтік тәжірибелер тоғысатын толыққанды платформаға айналды.
"Бастапқыдан-ақ InEco Fest-тің барлығы теңдей қатыса алатын алаң болғанын қаладық. Бұл – біздің қор үшін инклюзия, қолжетімділік және белсенді қатысу сияқты құндылықтарды қала өміріне енгізудің бір жолы. Мұнда әр адам өзіне пайдалы, қызықты әрі шабыт беретін дүниені таба алады", – дейді "ITeachMe" қорының директоры Захира Бегалиева.
InEco Fest – қауымдастықтарды ұзақ мерзімді қолдаудың бір мысалы. Мұнда қаржыландыру, ұйымдастыруға қатысу, инклюзивті форматтар мен экологиялық ойлауды ілгерілету маңызды рөл атқарады.
Тұрақты даму адамдардың белсенді қатысуынан басталады. Сондықтан экология туралы жай айтумен шектелмей, табиғатқа қамқорлықты күнделікті өмірге қалай енгізуге болатынын нақты мысалдар арқылы көрсету маңызды. Ол үшін бұл тақырып барлық адамға қызықты әрі қолжетімді болуы керек.
Табиғат пен тең мүмкіндіктер кеңістігі
Бас ботаникалық бақ – фестиваль өтетін жай ғана орын емес. Мұнда адамдар еркін қозғалуы, бағыт-бағдар табуы және тынығуы үшін барлық жағдай жасалған. Кеңістік мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттарға және балалармен келген отбасыларға ыңғайластырылған.
"Біз үшін InEco Fest – Бас ботаникалық бақ аумағында Ботаника және Фитоинтродукция институты жүргізіп жатқан тұрақты қалалық сананы қалыптастыру жұмысының жалғасы. Бұл шара экологиялық жауапкершілік пен инклюзияның қазіргі қоғамдағы маңыздылығын көрсетуге мүмкіндік береді. Біз бақтың әртүрлі серіктестер мен бастамаларды біріктіретін орталыққа айналғанын мақтан тұтамыз. Бізді табиғатқа және бір-біріне қамқор болатын саналы қоғам құру сияқты бір мақсат біріктіреді", – деді Ботаника және Фитоинтродукция институтының маркетинг және PR бөлімінің басшысы Баян Коспенбетова.
"Біз экологияға жауапкершілік пен баршаға тең мүмкіндікті бірге ұстанатын жобаларды қолдауға тырысамыз. InEco Fest – мұның айқын үлгісі. Бұл фестиваль маңызды мәселелерді іс-әрекет, қатысу және ашықтық арқылы көрсетеді. Біз үшін әркім жасы, денсаулығы немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан жақсы өзгерістерге қатыса алатын орта жасау идеясы маңызды", – деді "Шеврон" компаниясының Евразия бөлімшесінің әлеуметтік инвестициялар бойынша кеңесшісі Лейла Айтмұханова.
Recycle БІРГЕ: Экологияға қамқорлық іс-әрекетпен
InEco Fest-тің негізгі қатысушыларынан бірі – 2018 жылы Алматыда алғашқы экологиялық сенбіліктерден бастау алған Recycle БІРГЕ жобасы.
"Қарапайым сенбіліктерден айырмашылығы, біз басынан бастап қалдықтарды сұрыптап жинауға басымдық бердік. Тек аумақты тазалау емес, қайта өңдеуге мүмкіндігінше көп қалдықты жіберу маңызды болды", – деді жобаның негізін қалаушылардың бірі Әлия Сальменова.
Фестиваль ұйымдастырушылары бұл жобаны екінші жыл қатарынан инклюзивті экологиялық білім берудің мықты үлгісі ретінде алып отыр. Себебі олар қалдықтарды сұрыптап жинау мәдениетін жүйелі түрде дамытып, экологияны кең аудиторияға түсінікті әрі қолдануға ыңғайлы етіп жеткізеді.
"Біз бұл фестивальге қатысамыз. Өйткені ол біздің философиямызды көрсетеді. Фестивальге келген адамдар экологияның инклюзивті екенін түсінеді деп үміттенеміз. Бұл – адамның денсаулығы, жасы немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан барлығына маңызды нәрсе. Біз бәріміз бір ауамен дем аламыз, қалдық шығарамыз және ластанған ортадан бірдей зардап шегеміз. Сондықтан экология баршаға қатысты мәселе", – деді Recycle БІРГЕ жобасының негізін қалаушылардың бірі Әлия Сальменова.
Recycle БІРГЕ жобасы басынан барша адамға ашық, қолжетімді жоба ретінде жасалды.
"Экологиялық өмір салты жасқа, денсаулыққа немесе әлеуметтік жағдайға қарамастан барлығына қолжетімді болатынына сенеміз. Біздің еріктілер құрамында мүмкіндігі шектеулі адамдар, әлеуметтік осал топтағы жастар және осы топтармен жұмыс істейтін белсенділер бар. Біз барлығы қатыса алатын іс-шаралар ұйымдастырамыз", – деді Алия Сальменова.
Қатысу құқығы (инклюзия) тек ресми талаптармен шектелмейді. Бұл – әлеуметтік экология, яғни қоғамның тұрақтылығы оның барлық мүшелерінің тең дәрежеде қатысуын білдіреді.
Recycle БІРГЕ фестивальде қалдықтарды сұрыптау бойынша шеберлік сағатын, интерактивті оқыту ойындарын және заттар мен кітаптар алмасу аймағын ұйымдастырады. Барлық шаралар әртүрлі мүмкіндіктегі, көру қабілеті нашар жандардан бастап, арбада таңылған адамдарға дейін ыңғайлы етіп жасалған.
"Біздің құрал-жабдықтарды қолмен ұстап, сезінуге болады. Ешқандай шартсыз жасы мен денсаулығына қарамастан баршаны қатысуға шақырамыз. Өткен жылы көру қабілеті нашар адамдар біздің іс-шараларға ерекше қызығушылық танытты. Олардың бірқатары тұрақты қатысушыларға айналды", – дейді Әлия Сальменова.
Recycle БІРГЕ-нің басты мақсаты мыңдаған адамды шараға қамту емес. Олардың ең басты мақсаты – әр қатысушының фестивальден кейін тұтыну мен тұрақтылық туралы ойланып, өзгеріс жасауына ықпал ету.
Неліктен InEco Fest 2025-ке қатысу маңызды?
InEco Fest 2025 бұл – экологияға бей-жай қарай алмайтын адамдардың бас қосатын орны. Мұнда әркім өзіне пайдалы болатын нәрсені таба алады:
– экологиялық әдеттер, тұрақты тұтыну туралы дәрістер мен шеберлік сабақтары;
– балалар мен ересектерге арналған интерактивті аймақтар;
– Ботаникалық баққа экскурсия;
– аз қозғалатын адамдарға арналған қолжетімді демалыс аймақтары;
– экопродукция сатылатын инклюзивті базар;
– шеберлік сыныптары мен қойылымдық дәрістер;
– ДАРмарка – жақсы күйдегі, бірақ сізге қажет емес заттарды пайдалы нәрсеге айырбастау;
– кітаптар мен өсімдіктер алмасу;
– жаңа экологиялық бастамаларға қосылу мүмкіндігі бар.
Фестиваль – тек бір күндік оқиға емес, бұл – өзіңе, айналаңдағы адамдарға және ғаламшарға қамқорлық көрсетуге, жаңа ой мен саналы әрекетке жол ашатын бастама.
"Біз адамдарды "дені сау" және "ерекше қажеттіліктері бар", "білімі бар" немесе "жаңа бастағандар" деп бөлмейміз. Біз барлығына ыңғайлы орта құрып жатырмыз. Онда оқуға, тәжірибе алмасуға және шабыт алуға болады", – дейді фестиваль ұйымдастырушылары.
Қорытынды орнына: Әркім өзгерісті өзінен бастайды
InEco Fest мынаны көрсетеді: қоғамның тұрақты болуына қол жеткізу үшін ерекше қабілетті адамдар немесе "суперқаһармандар" қажет емес. Тек әр адамда түсінікті, қарапайым әрі қолжетімді әрекет жасауға мүмкіндік беретін орта болса жеткілікті. Өйткені қоқыс сенікі болмаса да, жер бәрімізге ортақ.
Толығырақ ақпаратты мына жерден біле аласыз!

Соңғы бес жылда 1,5 миллиардқа жуық теңгеге 47 мультфильм түсіріліп, тек төртеуі экранға шыққан
