Жер сілкінісі туралы видео түсірген қазақстандық сотқа тартылды
Фото: pixabay.com
Жамбыл облысындағы Тұрар Рысқұлов аудандық соты онлайн платформаларда жалған ақпарат жариялаған қазақстандыққа қатысты әкімшілік құқықбұзушылық ісін қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Іс материалдарына сәйкес, осы жылдың наурыз айында Instagram желісінде 2025 жылғы 28-29 наурыз аралығында болған жер сілкінісі "G." ЖШС – алтын өндіру фабрикасымен байланысты екенін айтқан видеожолдау жариялаған.
Алайда сотта К әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен келіспейтінін және өз кінәсін мойындамайтынын айтқан. Ол 2003 жылы Т.Рысқұлов ауданында болған жер сілкінісінің салдарынан зиян келгенін көрсетіп, дәл сондай жағдайдың қайталануынан қорқып, парақшасында алтын өндіруші кәсіпорындағы жарылыстан күдіктенетінін жазғанын түсіндірген.
"Сот іс материалдарын қарап, К өз азаматтық құқығын іске асырғанына байланысты оны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 3-бөлігі (Онлайн платформаларды пайдаланушылардың қоғамдық тәртіптің, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің бұзылуына жағдай жасайтын жалған ақпаратты орналастыруы, таратуы) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартуға негіз жоқ деген қорытындыға келді", – делінген хабарламада.
Сот қаулысымен К-ның әрекеттерінде осы бапта көзделген әкімшілік құқықбұзушылық белгілерінің болмауына байланысты іс тоқтатылды.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Маңғыстауда тұрғындардың үйлерін, көшелерін қоңыз басты: Аумақтық инспекция жәндіктермен күресті халықтың өзіне қалдырды (видео)
