Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат Тұрлыхановтың ұлы соттан жазасын айыппұлға ауыстыруды сұрады

Фото: Желіде тараған видеодан скринделген

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат өзіне кесілген жазаны айыппұлмен ауыстыру туралы сотқа өтініш білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Іс бойынша жәбірленуші саналатын адвокат Анна Чернова ақпаратты бөлісті. Алматы қаласы Алатау аудандық соты да мұны растады.

"Иә, сотталған азаматтан Қылмыстық кодекстің 73-бабы бойынша "тағайындалған жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру немесе жаза мерзімін қысқарту" тәртібімен жеңілдету жөнінде өтініш келіп түсті", – деді сот өкілдері.

2024 жылдың күзіне қарай сот Нұрасыл Болаттың жазасының өтелмеген бөлігін 1 жыл 5 ай 10 күнді бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы шешім шығарған еді. Себебі ол пробациялық бақылау талаптарын үш рет бұзды. Мәселен, ол 11 қазан күні сағат 19:30-дан 21:45-ке дейін мейрамханада болған. Ал 12 қазан күні сағат 4:15-тен 4:59-ға дейін караоке аумағында жүргені тіркелген.



Нұрасыл Болаттың айтуынша, электронды білезігінің қуаты бітіп қалғандықтан караокеге досынан қуаттағыш алу үшін барған. Бірақ ішіне кірмегенін алға тартты. Қазір ол жазасының үштен бірінен астамын 7 ай 22 күнін өтеген.

Бұған дейін заңгерлер Олег пен Анна Черновтарды соққыға жыққаны үшін екі жыл бас бостандығын шектеу жазасын алған, депутат Тұрлыхановтың ұлының түнгі уақытта көшеде жүрген және тойда жүрген видеосы тарағаны туралы жазған едік. 22 қазан күні Алматы соты Нұрасыл Болаттың бас бостандығын шектеу жазасын пробация тәртібін бұзғаны үшін бас бостандығынан айыруға ауыстырды. Енді депутат Тұрлыхановтың ұлы жазасының қалған 1 жыл 5 ай мерзімін орташа қауіпсіздіктегі колонияда өтейді.

STAN.KZ
Жұма, 13 Маусым, 2025 15:38
Талқылау