Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада ең үздік әлеуметтік жоба таңдалды: Ол балалардың өмірін өзгертуге қалай үлес қосып жатыр?

Фото: Амира Сейфуллина

Астанада 2024-2025 жыл аралығындағы баскетбол маусымының үздік спортшылары, жаттықтырушылары мен жанкүйерлеріне QBF AWARDS 2025 марапаты табысталды. "Үздік әлеуметтік жоба" сыйлығына Halyk Bank қолдауымен ұйымдастырылған "Халық лигасы" ие болды. Банк жобаны 2005 жылдан бері қаржыландырып келеді. Сол арқылы осы уақыт ішінде балалар үйі мен мектеп-интернаттарының 4 мыңнан астам баласына қолдау көрсетілді. 

"Halyk Bank жыл сайын Баскетбол федерациясымен бірлесіп балалар үйінің тәрбиеленушілеріне өмірде өз жолын табуға көмектеседі. Еліміздің әр өңірінен 18 балалар үйінде баскетбол командалары құрылды. Біздің демеушілігімізбен олар толықтай киім-кешек, спорттық аяқ киім мен кәсіби жаттықтырушылардан сабақ алады", - деді Halyk Bank-тың Астанадағы филиалының директоры Жанар Рахимова.

Фото: Амира Сейфуллина

Жоба барысында 4 мыңнан астам бала баскетбол ойнауды үйренді. Үш спорт шебері шығып, 60-тан астам бала баскетбол шеберіне үміткер атанды.

"Жүздеген бала спортты мамандығы етіп таңдап отыр. Біреуі жаттықтырушы, біреуі төреші, енді бірі ойыншы болып жүр. Ал кейбірі жай ғана өзіне сенімді болуды үйреніп, өмірден өз жолын тапты. Биыл Халық лигасына тағы бір балалар үйі, 18-болып қосылды. Сонымен қазір 18 ерлер мен тоғыз әйелдер командасы құрылды. Өткен жылы 16 ерлер мен сегіз әйелдер командасы болған еді. Жыл сайын қатысушы балалар үйлері мен қатысушылар саны артып келеді", - деді Жанар Рахимова.

Фото: Амира Сейфуллина

Жүлдегерлерді ұлттық және жоғары лига клубтарының ойыншылары мен жаттықтырушылары, өңірлік федерация басшылары, Спорт және туризм министрлігі мен Ұлттық Олимпиада комитетінің өкілдері марапаттады. Марапаттар “кәсіби”, “жастар”, “әуесқой”, “3x3” және инклюзивті баскетболды қамтитын 25 номинация бойынша берілді.

Halyk Bank қолдауымен 2025 жылы Атырау, Талдықорған, ШҚО, Түркістан облысы, Петропавл, Павлодар, Семей, Ақкөл, Екібастұз, Қарағанды, Алматы, Рудный, Қызылорда, Шымкент, Орал, Тараз және Жезқазған қалаларындағы балалар үйлері мен интернаттарынан 400-ден астам бала баскетбол ойнай бастады.

Фото: Амира Сейфуллина

"Halyk әлеуметтік жобаға көп көңіл бөледі. Өйткені біз спорт тек физикалық дамуға ғана емес, сонымен қатар мінезді, сенімділікті қалыптастырып, жобаға қатысушылардың жарқын болашаққа нық қадам басуына көмектесетініне сенеміз", – деп атап өтті жоба кураторы Ольга Вурос.

"Халық лигасы" аясында жыл сайын “Үміт кубогы” атты чемпионат өтеді. Мұнда қатысушылар жаттығу кезінде үйренгендерінің бәрін ортаға салады. Биыл “Үміт кубогына” еліміздің 18 аймағынан 320-дан астам ойыншы келеді. Өткен жылы 16 аймақ, 288 қатысушы болған. Чемпионат Астанада 30 маусым мен 6 шілде аралығында өтеді.

QBF AWARDS шарасын ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінде Қазақстанда баскетбол жай ғана спорт емес, одан да үлкен мәнге ие болып отыр. Бұл өзіндік мінез қалыптастырып, ұрпақтарды біріктіретін және түрлі аймақтар мен елдер арасындағы мәдениетті жалғайтын көпір іспеттес. Сонымен қатар, жас таланттар арманға ұмытылып, кәсіпқойлар өздерін шыңдайтын, халықаралық аренада елдің атын шығаратын платформа.

Мәтінді Тengrinews.kz порталы дайындаған

STAN.KZ
Бейсенбі, 22 Мамыр, 2025 14:31
Талқылау