Енді Қазақстанда базалық станция орнату үшін пәтер иелерінен рұқсат сұралмайды
Фото: pexels.com
Енді байланыс операторлары пәтер иелерінің келісімінсіз көппәтерлі үйлерде базалық станцияларды орнату мүмкіндігіне ие болады. Қазір жаңа норма телекоммуникация нарығын дамыту туралы заң жобасында қарастырылып жатыр. Осылайша мемлекет елдегі байланыс жылдамдығын дамытпақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Елімізде ғимараттардың көпшілігі кондоминиум нысаны ретінде қарастырылады. Мәселен, көп пәтерлі тұрғын үйлер азаматтардың жеке меншігінде, ал қалғаны олардың ортақ үлестік меншігінде. Меншік иелері ретінде олар жалпы жиналыста ғимаратқа телекоммуникациялық жабдық орнатуды сұраған кезде желілер мен байланыс құралдарының иелерінен бас тарта алады.
Осыған орай байланыс операторларына тұрғын үйдегі пәтер иелерінің келісімінсіз-ақ базалық станцияларды орнату құқығын беру туралы заң талқыланып жатыр.
"Ғимараттың, құрылыстың, пәтерлердің және тұрғын емес үй-жайлардың кондоминиум объектілерінің меншік иелерінің не санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды болған кезде ғимараттың, құрылыстың кондоминиум объектілерінде телекоммуникациялық жабдық орнатуда олардың сенім білдірілген адамдарының келісімі талап етілмейді", – делінген
"Тұрғын үй қатынастары туралы" заңының 38-1-бабының 3-тармағында.
Осы баптың 4-тармағына сәйкес меншік иелеріне "ғимараттың кондоминиум объектілерінде телекоммуникациялық жабдықты орнатудан бас тартуға тыйым салынады".
Бұл жаңа талаптардың орындалуын бақылауды тұрғын үй инспекциясы, яғни мемлекеттік ұйым жүзеге асырады. Демек, жаңа ережелерді бұзу ӘҚБтК-нің 462-бабы бойынша "мемлекеттік инспекциялар мен мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарына олардың қызметтік міндеттерін орындауына кедергі жасау, қаулыларды, нұсқамаларды және өзге де талаптарды орындамау" ретінде сараланатын болады. Коммерциялық емес ұйымдар үшін бірінші рет – 100 АЕК (393 200 теңге), кейін – 200 АЕК (786 400 теңге) айыппұл салынады.
"Еліміздің Байланыс туралы "Заңына сәйкес, байланыс желілері мен құралдарының иелері, байланыс операторлары шұғыл қызметтермен тегін қосылуға тәулік бойы қол жеткізуді қамтамасыз етуге міндетті", – делінген хабарламада.

Шымкенттік кәсіпкер белгілі заңгер Айгүл Орынбекті 10 миллион теңгеге алдады деп айыптады
