Алматыда мектеп асханасында оқушыларға қалдық тамақ берілетіні туралы айтқан мұғалім сотталды
Фото: желі кадрларынан скрин
Алматыда № 67 мектепте асханада балаларға тамақ қалдығын беретіні туралы хабарлаған мұғалім сотталды. Оған видеоларды желіде таратқаны үшін іс қозғалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2025 жылдың қаңтарында әлеуметтік желілерде № 67 Алматы мектебінің балалары асханада қалдықтармен қалай тамақтандырылғаны туралы видео пайда болды. Мұнда тамақ қалдықтарын оқушыларға қайта ұсынғаны айтылған.
Комиссия құқық бұзушылықты тауып, тамақты жеткізушілерді жұмыстан шығарған. Ал директорға сөгіс берілді. Алайда осы мәселені көтерген мұғалім керісінше сотқа тартылды.
"Рай-Ка" жеткізуші компаниясы Сәуле Сейдахметованы шындыққа жанаспайтын және іскерлік беделге нұқсан келтіретін мәліметтерді таратқаны үшін айыптады. 2025 жылдың 5 мамырында Алматы қаласының Түрксіб аудандық соты компанияның талабын толық қанағаттандырды. Сот мұғалімді:
▪️ "Рай-Ка "ЖШС-нің ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді қамтитын" барлық аккаунттардан орналастырылған роликтерді жоюға;
▪️ теріске шығарып, видео жариялауға және "Рай-Ка" ЖШС-нен көпшілік алдында кешірім сұрауға;
▪️ "Рай-Ка" ЖШС-не сот шығындары мен 550 мың теңге мөлшерінде өтем төлеуге міндеттеді.
Ал компанияның адвокаттары Сейдахметованың компания беделін қалай жамандағанына жауап бере алмады. Сотта ЖШС басшысы Райгүл Сыпатаева да, № 67 мектеп директоры Айнұр Жүнісбекова да болған жоқ. Сонымен қатар, журналистердің өтініші еленбей, сотқа жіберілмеген. Ал судя небәрі 15 минутта шешім шығарған.
Бұған дейін мектеп асханасында аспаздардың оқушыларға тамақ қалдықтарын жылытып, қайта берген видеосы тараған болатын.

“Ұлдан кешірім сұрамаймын” деді: Желіде "Тайсон қыз" деп танылған кішкентай ару туралы не белгілі
