Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Алматылық судьялар 75 миллион теңге пара алған шенеунікке түрме жазасын тағайындамай, 35 мың пара алған қарияны 3 жылға қамаған

Фото: Stan.kz/ChatGPT арқылы жасалды

Алматыда судья 75 миллион теңге пара алған басшыға жеңіл жаза тағайындаған. Ал қызмет бабын асыра пайдаланды делінген изолятор бастығын 6 жылға, 35 мың теңге пара алған әжені 3 жылға соттап жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бәрі неден басталды?

Алматының Түрксіб аудандық сотында Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті тергеу изоляторы бастығының экс-орынбасары Ринат Ахметжановтың қылмыстық ісі қаралды.

Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, 45 жастағы Ринат Ахметжанов 2024 жылдың 1 маусымынан бастап Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті №72 мекемесінде басшының міндетін атқарушы қызметінде болған. Ал 16-18 мамыр аралығында мекеменің режим және қауіпсіздік бойынша орынбасары болып, тәртіп пен қауіпсіздікке жауапты болған.

№72 мекеме тергеу изоляторы саналады. Онда күдіктілерге тергеу жүргізіліп, қамауға алынады. Бір күні бұл мекеме айналасынан жағымсыз иіс шығады. Ол нысан айналасына жиналған қоқыстан шыққан.

“Өткен жылы мекемеден қоқыс иісі шыға бастаған. Мекеме жеке компаниямен қоқыс шығару бойынша келісімшарт жасасқан. Алайда серіктестік өз міндеттемелерін орындаудан бас тартқан. Соның салдарынан бір ай бойы жиналып қалған қоқыс жаңбырмен араласып, одан кейін күнге күйіп жата берген. Уақыт өте келе оны жеке адамдарға шығаруға тура келген. Сосын аумаққа жүк көтергіш пен екі КамАЗ жіберілген. Ал бұл міндетті жазасын өтеп жатқан сотталушы ұйымдастырған”, – делінген журналист жазбасында. 

Мәліметке сәйкес, үкім шығарылғаннан кейін тергеу изоляторында қалатын сотталғандар санаты бар. Әдетте мұнда кішігірім қылмыс үшін бір-екі жыл алғандар қалады. Изоляторда олар ауыр жұмыс істейді. Оларды “шаруашылық қарақшысы” деп атайды.

“Қоқыс шығару міндетін мойнына алған “денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін” сотталған “шаруашылық қарақшысы” Азамат Құдайқұлов. Ол сырттан таныс Камаз жүргізушілерін тапқан. Ал қоқысты шығару шығынын сотталушыға анасы мен әйелі жіберген”, – делінген мәліметте. 

Тергеушілердің айтуынша, Ахметжанов Құдайқұловты қоқыс шығаруды өз мойнына алуға мәжбүрлеген. Құдайқұловтың өзі мұны растап, басшы қоқыс шығармасаң, түрлі мәселелерге тап боласың деп айтқанын жеткізді. Дегенмен Ахметжанов мұндай бұйрық бермегенін, қоқыс шығару өз міндетіне кірмейтінін жеткізді. 

“Айыпталушы Ринат Ахметжанов Қылмыстық кодекстің 362-бабының 4-бөлігі (Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) бойынша кінәлі деп танылды. Ол алты жылға жалпы режимдегі колонияға сотталды. Сонымен қатар Ахметжанов әділет подполковнигі атағынан айырылды. Енді ол өмір бойына мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазым иелене алмайды. Ахметжановтан жәбірленушілерге 20 АЕК өтемақы және іс жүргізу шығындарын жабу үшін 117 374 теңге өндіріп алынды”, – делінген хабарламада.

Баптың санкциясында 5 жылдан 10 жылға дейін жаза қарастырылған, сондықтан 6 жыл орташа мерзім саналады

Енді жасалған қылмыстар мен оларға берілген жазаны салыстырып көрсек

Мәселен "Алматы су" мемлекеттік кәсіпорнының топ-менеджері 37 жастағы Мақсат Жолдыбаев 75 миллион теңге пара алған. Одан бөлек 345 миллион теңге алдын ала төлем болған. Ол "қаланың кәріз және сумен жабдықтау жүйелерін күрделі жөндеуге мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша жұмыстардың аяқталғаны туралы және бюджет қаражатының аударылғаны туралы актілерге кедергісіз қол қоямын" деген желеумен кәсіпкерден 75 миллион теңге пара алмақ болған. 

Фото: Антикор

Оның ісі биыл 9 қаңтарда Алматы қаласы Бостандық аудандық сотында қаралды. Нәтижесінде оның әрекеті алаяқтық ретінде сараланып, ол 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Алайда үкім туралы шу шыққаннан кейін Алматы қалалық соты шартты жазаны нақты жазаға ауыстырды. 

"Баспасөз беттерінде Жолдыбаев 5 жыл шартты жазаға кесілді деген ақпарат тарады. Алайда ол кәсіпкерлерден 75 млн теңге пара алмақ болды деген күдікке ілінген. Осыған орай прокуратура шағымы бойынша аппеляциялық шешім шығып, үкім 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылып, ол сот залында қамауға алынды", – делінген хабарламада. 

Дегенмен бұл пара алмаған Ринат Ахметжановқа берілген 6 жылдан әлдеқайда аз. 

Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, Ахметжановқа үкім шығарған Түрксіб аудандық сотының судьясы Ғани Амантайұлы 35 мың теңге пара алған 59 жастағы әйелді 3 жылға бас бостандығынан айырған. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, Жәмила Сырайлова АХАЖ бөлімінде жұмыс істеп, неке куәлігін берумен айналысқан. Оған шетелдік азаматқа тұрмысқа шығып жатқан әйел келіп, құжатты тез жасап беруді сұраған. Сырайлова құжатты 15 жұмыс күнінен кейін ғана бере алатынын айтқан. Алайда 35 мың теңге төлесе жұмысты жеделдетуге болатынын жеткізген. Қалыңдық мұны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне хабарлап, олармен бірлесе әрекет еткен. Ол 35 мың теңгені Сырайлованың есепшотына аударған. Осылайша Сырайлованың әрекеті мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлға жасаған алаяқтық деп сараланды.

Судья Амантайұлы оны 3 жылға соттады. Үкім заңды күшіне енген жоқ. 59 жастағы Сырайлова 35 мың теңгені қалыңдыққа аударып, өз кінәсін мойындаған. Десе де судья мұны ескермеген. Мұны 75 миллион теңге пара алып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған Мақсат Жолдыбаевтың ісімен салыстырсақ…

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Алматы қалалық сотынан пікір сұрап білді. 

Сот мәліметінше, бұл іс Түрксіб аудандық сотында қаралған. 

“Бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындалған. Тараптардан апелляциялық шағым түсірілген. Ол апелляциялық сатыда қаралып, бас бостандығынан айыру жазасы айыппұлға өзгертілген”, – делінген хабарламада. 

STAN.KZ
Бейсенбі, 08 Мамыр, 2025 13:28
Талқылау