Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Екі оқ, кілт пен қан көрдім": Куәгер оқиға болған жерде жатқан оқты бір әйел алып кеткенін айтты

Фото: Видеодан скрин

Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысы кезінде тағы бір куәгер куәлік етті. Жанболатұлы Дарын оқиға болған соң қылмыс орнына барғанын айтып, көрген-білгенін баяндады. Ол оқиға орнында екі оқ болғанын және оны бір әйелдің алып кеткенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агентті хабарлайды.

“Сотталушылардан Нұрқиясты танимын. Бұған дейін бір-екі рет көріп, амандасқан едім. Жәбірленушілерден бұған дейін “Қамажай” дүкенінде Шерзатты көргем. Мен кешке Розыбакиев Юлдашқа қоңырау шалдым. Біз Тюкавкина Маринаны үйінен алып кеттік. Сөйтіп әкімшілік жаққа барып, оның алдында мен, Розыбакиев Юлдаш, Казакенов Арлан, Құсайынов Арлан, Дәулет, Жанболатұлы Данияр және Рузиев Әбілхан бәріміз тұрдық. Бірде менің ініме анам хабарласып, үйіміздің жанында бір жағдай болғанын айтты. Алғашында “қайдасыңдар” деп сұрады. Кейін төбелес болғанын айтты. Біздің сол төбелесте бар-жоғымызды сұрады. Сөйтіп бәріміз үй жаққа қарай бардық. Үйдің артындағы, артқы жағындағы подъезге барып тұрдық. Ол жақтан “Қамажай” дүкенінің артқы жағы ғана көрінеді. Ол жаққа жеткен жерде шалқасынан жатқан екі жігітті көрдік, алдында “Sonata” маркалы автокөлік тұрды. Содан кейін көп адам болды. Ата-анасы болса керек, оны көтеріп көліктің артына салды. Екі ер адам көтерді. Одан кейін жедел жәрдем мен полиция келді. Оқиға орнында екі оқ пен кілтті көрдім. Екі оқ жерде жатты. Екеуінің арақашықтығы – 2-3 метр. Содан кейін қан көрдім”, – деді куәгер.

Оның айтуынша, куәгерге көршісі Вилдана деген қыз телефоннан бір видео көрсеткен. Бірақ куәгер оған қарайтындай жағдайда болмаған. Кейін Дарын Розыбакиев Юлдашпен  бірге дүкеннің алдында тұрды. Бәрі тарағаннан кейін ол жанармай бекетіне барып көлікке жанармай құюға кеткен.

Дарын Жанболатұлы сот отырысы кезінде жараланған екі адамның қай жерде жатқанын көрсетті.

“Оқиға болған жерге барғанда Шерзаттың достарын көрмедім. Көлікке тек қашықта жатқан адамды салғанын көрдім. Екінші адамды салғанын көрмедім. Оқиға орнында көрген екі оқтың бірін әйел адам алып кеткенін көрдім. Ол “Sonata” көлігіне отырып кетті. Көлік жедел жәрдем келмей кетіп қалды. Жедел жәрдем кейін келді. Полиция келгенге дейін мен сонда болдым. Екінші оқ сол уақытқа дейін жатты. Бірақ оны кім, қалай алғанын көрмедім”, – деді куәгер.

Куәгер Нұрқияс Илиясовпен таныс болса да, оның бұған дейін сотталғанынан хабары жоғын айтты. 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 05 Мамыр, 2025 12:38
Талқылау