"Жұбайының көз алдында болған": БҚО-да оқушы мен әкесін құтқарамын деп суға кеткен мұғалімнің жақыны мән-жайды айтты
Фото: Жақындарының жеке дерекқорынан алынды
Батыс Қазақстан облысында 10 шілдеде суға батып бара жатқан 13 жастағы қызды құтқармақ болған екі мұғалім қаза тапты. Жайық өзеніне отбасымен демалуға барған марқұм Қанат Шайхиденовтың досы оқиғаның мән-жайын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жайық өзеніне батып, қаза тапқан екі ер адам мұғалім болған. Оның бірі Абай ауылының 37 жастағы тұрғыны, ағылшын тілі мұғалімі Қанат Шайхиденов. Ал екіншісі Астанадағы Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM мектебінің физика пәнінің мұғалімі Бекарыс Әминов.
Марқұмның досы Бекзат Сәбитовтың сөзінше, қайғылы жағдай болған күні марқұм Қанат отбасымен демалуға барған.
"Ол суға түспейді, тек балық аулауды ұнатады. Сол күні де қармағын суға салып, жанұясымен бірге демалып жатқан. Жағалауға басқа да отбасылар келген. Судың терең жеріне ағаш қадап қойған. Онда қауіпсіздік белгісі бар. Дегенмен, демалып жатқан отбасының 13 жастағы қызы терең жерге байқамай түсіп кеткен. Жасөспірім қызға алдымен Бекарыс Әминов, артынша оның әкесі көмектесуге ұмтылған. Кейін Қанат Шайхиденов те көмекке кірісіп, бірге қыздың әкесін жағаға шығарған. Алайда қыз судың ағымына бой бермей, ер адамдарды суға тартқан. Сол сәтте жағалаудағы өзге жігіттер қызды жағаға шығарып үлгерген", – дейді марқұмның досы.
Марқұмның досының айтуынша, Бекарыс Әминовтің сол мезетте жүрегі жарылып, су бетіне қалқып шыққан. Ал Қанатты ағыс алып кеткен.
"Әкесі мен қызы жағаға шығарылған. Ал Бекарыстың жүрегі жарылып, денесі бірден судың бетіне шыққан. Оған алғашқы көмек көрсету барысында, Қанат қараусыз қалып қойған. Ол алыстап, құтқару құралдарына жете алмай қалған. Сонымен Қанат әрі қарай батып кетеді", – деді Сәбитов.
Қайғылы жағдай болған сәтте марқұмның бес баласы жағада ойнап жүрген. Бәрі жұбайының көз алдында болыпты.
"Үлкен баласы 14 жаста, аутист диагнозы қойылған. Ал кейінгілері 11, 9, 4 жаста және 4 айлық. Енді әкесіз қалған балаларға көмек керек. Төтенше жағдайлар министрлігі байланысқа шығып, ерлікпен қаза тапты деген сынды марапат та бермеді. Жергілікті әкімшіліктен де хабар жоқ", – дейді марқұмның досы.
Жалғызбасты ана енді қазақстандықтардан көмек сұрап отыр.
Kaspi арқылы:
+7 778 126 89 41 – Айкумис Х.
Байланыс үшін:
+7 775 412 12 83 – Бекзат Сәбитұлы (досы).
Айта кетейік, бұған дейін БҚО-да суға батып бара жатқан қызды құтқарамын деп екі мұғалім мерт болғаны туралы жазған едік.

"Желке сүйегін алып тастады": Астанада тұрғын кешенінің ауласында кішкентай қыздың үстіне футбол қақпасы құлаған
