"Мұнымен тоқтамаймын": 35 жастағы әйел денесі мен бетіне 100-ден астам ота жасатқан
Фото: bbc.com
Қытайда косметикалық хирургия қарқын алып барады. Күннен-күнге артып келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін емханалар да көп ашылып жатыр. Алайда елде білікті дәрігерлер жетіспейді, емханалардың көбінің лицензиясы жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Эбби Ву есімді қытай қызы алғаш рет косметикалық отаны небәрі 14 жасында жасатқан. Түрлі гормондармен емделгеннен кейін Эббидің салмағы екі айда 42 килограмнан 62 килограмға артып кеткен.
Оның бойындағы бұл өзгеріске драмалық өнерден сабақ беретін мұғалімі ескерту жасап: “Сен біздің жұлдызымыз едің, ал қазір тым толып кеттің. Не беріл, не тезірек қалпыңа кел”, – дейді. Ол кезде Эбби актерлік шеберлік емтихандарына дайындалып жүрген.
Іші мен аяғындағы майды алдыру үшін анасы Эббиді липосакцияға апарады.
Эбби отаға кіруге дайындалып тұрғанда анасы оған “қорықпай, кір, сұлу болып шығасың” деп қолдау білдіреді.
Ота ауыр өтеді. Эббиге анестезия жартылай бергендіктен, ол ота қалай жасалып жатқанын сезіп-біліп жатады.
“Тәнімнен қанша май алынғанын, қанша қан кеткенін көріп жаттым”, – дейді ол.
Қазір Эбби 35 жаста, содан бері ол 100-ден астам ота жасатқан, ол оталардың жалпы құны жарты миллион доллардан асқан.
Ол қазір Бейжіңдегі сұлулық емханасының иелерінің бірі әрі Қытайдағы пластикалық хирургияға деген сұраныс аясында танымал болған жанның бірі. Көп реттік ота денсаулығына керә әсерін тигізіп жатса да, Эбби таңдауына өкінбейді.
“Ота өз нәтижесін берді. Мен күн өткен сайын өзіме сенімдірек және бақыттырақ бола түстім, Анам дұрыс шешім қабылдаған деп ойлаймын”, – дейді ол.
Қытайда бір кездері тыйым салынған пластикалық хирургия соңғы 20 жылда қарқын алды, бұған халық табысының өсуі және әлеуметтік желілердің дамуымен қоғамдық көзқарастардың өзгеруі себеп болып отыр.
Жыл сайын 20 миллион тұрғын косметикалық процедураларға ақша жұмсайды.
Мұндай отаға жүгінетіндердің басым бөлігі – жас әйелдер. Науқастардың 80 пайызы – әйелдер, ал ота жасатқандардың орташа жасы – 25 жас.
Қытай мәдениетінде сыртқы келбет әрқашан маңызды болғанымен, әсіресе әйелдер қаумы үшін елдегі сұлулық стандарттары өзгеруде.
Бұл индустрияда біраз жыл бойы батыс жұлдыздарының, аниме кейіпкерлері және K-Pop өкілдерінің бет-пішіні сәнде болса, соңғы кездері инфантильдік идеал сұранысқа ие бола түскен.
Қазір бет пішінін кішірейтіп көрсету үшін ботокс құлақтың артына салына бастаған. Ал астыңғы қабақ пластикасы бет-әлпетті аниме кейіпкерлеріне ұқсатып, бейкүнә сәби кейпін беру үшін жасалады.
Үстіңгі ерінді қысқарту ерін мен мұрын арасын қысқартып, жас қылып көрсетеді.
Бірақ мұның көбі экран үшін жасалады. Сүзгілер мен сақиналы шамдар жарығынан адамның бет-пішіні мінсіз көрінгенімен, шынайы өмірде нәтиже көңіл көншіте қоймауы мүмкін.
Күннен-күнге артып келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін Қытайда көптеген емхана ашылып жатыр. Дегенмен білікті дәрігерлер жетіспейді, кей емханалардың лицензиясы жоқ.
iResearch зерттеу компаниясының дерегіне сәйкес, 2019 жылы Қытайдағы 80 мың мекеме лицензиясыз сұлулық процедураларын ұсынған, 100 мың косметолог біліктілігін растайтын құжатсыз жұмыс істеген.
Соның салдарынан Қытайдың пластикалық хирургия клиникаларында күн сайын жүздеген қайғылы жағдай тіркеледі екен.
Шанхайдағы лицензиясы бар косметикалық хирургия клиникасының иесі, пластикалық хирург дәрігер Ян Лу соңғы жылдары сәтсіз операцияларды түзету үшін ота жасатуға келетіндердің саны артып бара жатқанын айтады.
"Мен лицензиясы жоқ клиникаларға барғандықтан алғашқы операциясы сәтсіз болған көптеген пациентті көрдім, Кейбіреуіне тіпті үйінде ота жасалды ", - дейді доктор Ян.

"Оқушылармен бір vibe-тамын": Желіде тренд түсірген мектеп директоры жұрттың ықыласына бөленді
