Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үкімет ERG компаниясындағы 40% акциясын сатпайтынын мәлімдеді

Фото: erg.kz

Қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті ERG компаниясындағы 40% үлесін сатпайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Үкіметі тарапынан ERG компаниясының мемлекеттің меншігіндегі акцияларын сату мәселесі қарастырылып жатқан жоқ", – делінген жауапта.

Айта кетейік, осыған дейін америкалық кәсіпкер Джеймс Кэмерон Eurasian Resources Group компаниясын 5 млрд долларға сатып алғысы келетінін жазғанбыз.

Кейін ERG директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов компанияны сату жөніндегі қауесеттерді жоққа шығарды. Ол ешқандай келіссөздер жүргізіліп жатпағанын айтқан еді.


Еуразиялық қаржы компаниясының тең иесі Александр Машкевич көз жұмды


ERG компаниясының құны – шамамен 5,145 млрд доллар. Компанияның 20,7%-ы Ибрагимовтер отбасына, 20,7 пайызы 2025 жылғы 22 наурызда көз жұмған Александр Машкевичке, 18,6%-ы Патох Шодиевке, ал 40 пайызы Қазақстан үкіметіне тиесілі.

ERG 2014 жылы Eurasian National Resources Corporation (ENRC) активтерінің негізінде құрылған. Компания Люксембургте тіркелген және табиғи ресурстарды өндіру мен өңдеу саласындағы ірі кәсіпорындарды біріктіреді. Олардың қатарында ферроқорытпа, темір кеніштері, алюминий, көмір және энергетикалық активтер бар. Сонымен қатар ERG Африкада мыс-кобальт жобаларын бақылап, Бразилияда темір рудасын өндіру жобасын іске асырып жатыр.

Қазақстанда ERG-ге "Қазхром", "Қазақстан алюминийі", ССГПО, Қазақстан электролиз зауыты, "Еуразиялық энергетикалық корпорациясы", "Шұбаркөл көмір", "ТрансКом" көлік тобы және басқа да кәсіпорындар тиесілі.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 24 Сәуір, 2025 18:28
Талқылау