Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Олар — дөңгелектегі кісі өлтірушілер": Сарапшылар неге ескі көліктерге салынатын салықтың төмендеуін әділетсіз деп санайды?

Фото: Stan.kz

Шенеуніктер, экономистер мен бизнесмендер Қосылған құн салығының шекті мөлшерін талқылап жатқанда, көлік үшін төленетін маңызды төлем салық реформасының көлеңкесінде қалды. 2026 жылдан бастап өзгерістер көлігі бар қазақстандықтардың бәріне әсер етеді. Осы орайда сарапшылар ескі көліктерге салынатын салықтың төмендеуін әділетсіз деп санайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды.  

Бұл идеяны Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігі бірлесіп ұсынды. Енді жаңа және ескі көліктердің иелері бірдей салық төлейді. Келесі жылдан бастап көлігінің қолданылғанына 10 жылдан асқандар үшін салық 30 пайызға, ал 20 жылдан асқандар үшін 50 пайызға азаяды. 

Ұсынысқа сәйкес:

  • жаңа автокөлік қымбатырақ, яғни оған салынатын салық мөлшері жоғары болады; 
  • жылдар өте келе машина арзандап, құнын жоғалтады. Тиісінше, оның салық мөлшері азаяды. 

Бұл ретте автокөліктерге арналған Айлық есептік көрсеткіштегі мөлшерлемелер өзгеріссіз қалады. Қолданыстағы Салық кодексінде қозғалтқышының көлемі 1,1 литрге дейінгі автокөліктер үшін 1 АЕК-тен (3932 теңге), 4 литрден жоғары жеңіл автокөліктер үшін 117 АЕК-ке (460 044 теңге) дейін болады. 2013 жылдың 31 желтоқсанынан бері Қазақстанда шығарылған қозғалтқышының көлемі 3 литрден асатын көлік иелеріне 35 - 200 АЕК жоғары салық мөлшерлемесі қарастырылған.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин тұрғындардан, әсіресе ескі көліктері бар, салықтары жоғары өңірлерден көп өтініштер түсіп жатқанын, бұл үлкен жүк екенін айтты.

“Қазақстанда салық мөлшерлемесі көліктің жылына байланысты болатын мұндай жүйе бұрыннан бар еді. Кейін ол жойылып, жаңа көліктерді сатып алуды ынталандыру үшін барлығына бірдей салық мөлшерлемесі енгізілді. Бірақ бұл көмектеспеді. Адамдар әлі де ескі көліктерді қолданып жүр. Өйткені көпшілігінің жаңа көлік сатып алуға қаржылай мүмкіндігі жоқ. Қазақстандағы барлық көліктердің 67 пайыздан астамы ескі. Ескі көліктердің салығынан 35 миллиард теңге немесе 86 миллиард теңге түседі”, – деді Әмрин. 

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов әріптесінің пікірін қолдады.

“Ауылдық жерлерде адамдардың жаңа көлік алуға қаржысы жоқ. Салықты азайту ескі көліктерді пайдаланатын фермерлердің жағдайын жеңілдетеді. Ескі көліктердің көпшілігі өңірлерде қолданылады. Бұзылған, бірақ тіркеуден шығарылмаған көліктер де бар. Джиптерді жиі қолдануға болмайды. Олар, 4,6 литрлік джипке жыл сайын 600-700 мың теңге салық салады. Халықтың барлығы қалада тұрмайды және салық төлей алмайды”, – деді ол. 

Сондай-ақ елде ескі көліктерді әкелуге кедергілер бар екенін айтты. 

“Бұл кедендік баждар, қайта өңдеу төлемдері және басқа да тетіктер. Ал ел ішінде бұрыннан бар ескі көліктер үшін қазақстандықтардан қосымша жоғары салық алу дұрыс емес”, – дейді ол.

Автокөлік және қаржы мамандары кез келген тұрғын ала алатын көліктің бағасы алты айлық, ең көбі бір жылдық жалақыдан аспауы керек деп есептейді. Көптеген адамдар ескі премиум автокөлік пен жаңа, қарапайым бюджеттік автокөлікті таңдауда қателеседі. Бірақ көлік иесі джиптің бағасы қанша тұратынын ескермеген болса, бұл мемлекеттің емес, оның иесінің мәселесі. Жылына көлікке 500 мың теңге салық төлей алмасаңыз, ол көлік сізге қажет емес. Нарықта қарапайым және арзан нұсқалар бар.

Азамат Әмриннің айтуынша, өзгерістер қоршаған ортаға немесе қайталама көлік нарығына ешқандай әсер етпейді. Ол көлік салығы таза мүлік салығы екенін, ол көлікті пайдаланғаны үшін емес, оны иелену фактісі үшін алынатынын алға тартады. Салықта қоршаған ортаға келтірілген зиян есепке алынбайды.

Көлік саясатының сарапшысы Елена Ерзакович ұсынылып отырған түзетулер қоғамда кеңінен талқыланбағанын айтты. Оның айтуынша, бұл ұсыныс экология, ескірген көлік паркі мен қауіпсіздік мәселелерін шешпейді.

“Экологиялық тұрғыдан алғанда, бізде заңда бекітілген қағида бар, яғни табиғатты ластаған адам салық төлейді. Неғұрлым көп ластасаңыз, соғұрлым көп төлейсіз. Осы логика контекстінде түзетулер мүлдем түсініксіз”, – деді сарапшы.

Оның пайымдауынша, көлікке салық салу жалпы экологиялық саясатпен, көлік құралдарының қауіпсіздігімен және адамдарды жаңа көліктерді сатып алуға ынталандырумен байланысты болуы керек.

“Пайдаланылғанына үш жылдан аспайтын көліктер жеңілдіктерге ие болуы керек. Ең аз шығарындылары бар жаңа автокөлікті сатып алу тиімді болғаны жөн. Шетелдік тәжірибе бар. Онда көлік салығын нөлге түсіріп, оны бензиннің бағасына қосып, сосын көлікті көп айдайтындар көбірек төлейді. Бірақ бұл идея терең түсіндірілместен бас тартылды. Неліктен?”, – деді Елена Ерзакович.

Мәжіліс жанындағы қоғамдық палата мүшесі, заңгер Дидар Смағұлов Қазақстандағы автокөліктердің жартысына жуығы 20 жылдан асқанын еске салды. Оның айтуынша, мұндай көліктер экологияға ғана емес, азаматтардың қауіпсіздігіне де қауіп төндіреді. Ескі көліктерде қазіргі заманғы қауіпсіздік жүйелері жоқ.

“Олар — дөңгелектегі кісі өлтірушілер. Мемлекет автопаркті қалай жаңарту керектігін ойлауы керек. Өкінішке қарай, қазір қолданылып жатқан тәсілдер үлкен экономикалық нәтиже бермейді. Мен 3,6 литрлік қозғалтқышы бар Chevrolet TrailBlazer жүргіземін, шамамен 240 мың теңге салық төлеймін. Жыл сайын 40 мың шақырым жүремін. Ал кей жүргізушілер жылына 5 мың шақырым да жүрмейді. Олар жолды да азырақ тоздырады, экологияға да азырақ зиян келтіреді. Бірақ біз бірдей салық төлейміз. Бұл аса әділетті емес”, деп ашынды Смағұлов.

Мәжіліс жанындағы қоғамдық палата мүшесі, Urban Living компаниясының бас директоры Гүлмира Байғабұлова түзетулер халықтың көпшілігіне ұнамды болу үшін, салық жүктемесін жеңілдету мақсатында қабылданып жатқанын атап өтті. Ол бұл өзгерістерді "артқа тарту" деп бағалады. Сарапшының пікірінше, бұл жаңашылдықтар ескі көліктерді ары қарай пайдалануға итермелейді.

“Олар атмосфераға бірнеше есе көп зиянды заттар шығарады, жанармайды көбірек тұтынады және көлік саласының дамуын тежейді. Бұдан бөлек, бұл шет елдерден арзан, ескі көліктерді жаппай әкелуге тікелей түрткі болады, Мұндай көліктерден дамыған елдер экологиялық себептерге байланысты баяғыда-ақ құтылған, — деп атап өтті Гүлмира Байғабулова.

Ол да көлік салығын жанармай бағасына қосу идеясын ұсынды.

Қоғам қайраткері және Astana Open Dialogue негізін қалаушы Александр Данилов көлік салығы жанармай құнына қосылатын модельге көшу Қазақстан үшін тиімді шешім екенін айтты.

“Бұл жүйе қазір көптеген елде жүзеге асып жатыр. Сондай-ақ өзінің тиімділігін дәлелдеді. Қазір Қазақстанда кереғар жағдай қалыптасып отыр: жылына 100 мың шақырым жүретін көліктер жол инфрақұрылымын бұзады. Көбірек ластайды, бірақ өте аз салық төлейді”, – деді Данилов.

Ол жаңа Салық кодексі бойынша жұмыс аясында бұл мәселе талқылануы тиіс деген қорытындыға келді. Жолды және басқа инфрақұрылымды көп пайдаланатындар көп төлеуі керек дейді Данилов. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстанда 5,7 миллионнан астам автокөлік тіркелген. 20 жылдан асқан көліктер – 44%, 10 жылдан 20 жылға дейінгілер – 24%. Қалған 32% 3 жылдан 10 жылға дейінгі көліктер.

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 23 Сәуір, 2025 18:21
Талқылау