Алматы әуежайында қызметкердің кепілге алынуы: Сот істі қайта тергеуге қайтарды
Сот Алматы әуежайындағы кепілге алу ісін қосымша тергеуге қайтару туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматыда 67 жастағы Машрапбек Баратовқа қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.
9 сәуірде өткен сот отырысында қылмыстық істі қосымша тергеуге қайтару туралы шешім қабылданды. Айыпталушыға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылды.
Еске салайық, айыпталушыға қатысты терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама беру "Қылмыстық кодекстің 273-бабы" бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сондай-ақ оған адамды кепілге алу айыбы тағылып отыр. Бұл бап бойынша 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу қарастырылған. Бұған қоса, оған қару қолдана отырып бұзақылық жасау айыбы да бар. Бұл бап бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Айта кетейік, бұған дейін пышақ ұстаған ер адамның Алматы әуежайының қызметкерін кепілге алғаны туралы хабарлаған едік. Желіде оқиға орнынан видео пайда болған. Кадрлардан қолында пышағы бар ер адамның қыздың шашынан тартып ұстап алғанын байқауға болады.
Кейіннен қызметкерге пышақпан шабуылдаған күдіктінің кім екені анықталған. Тоқаев Алматы әуежайында күдіктіні ұстаған адамды мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырған.
Осыған дейін Алматы әуежайында қызды кепілге алған 67 жастағы Машрапбек Баратовтың соты басталған еді. Машрапбек Баратов өз кінәсін мойындады. Айыптау қорытындысынан ер адамның Алматыдан билетсіз ұшпақ болғаны белгілі болды.