Magnum-да бір тауардың ақшасын байқамай төлемеген қазақстандықты ұрлық жасады деп айыптаған: Супермаркеттер сатып алушыларға айыппұл сала ала ма
Супермаркет желісіндегі өз-өзіңе қызмет көрсететін кассада байқамай тауарлардың бірінің ақысы төленбей қалса, айыппұл салына ма? Қазақстандықтар желіде Magnum супермаркетіндегі күзетшілердің әрекетіне шағымданды. Айтуларынша, байқаусызда тауарлардың біріне төлем өтпей қалған кезде күзетшілер полиция шақырамын деп қорқытып, айыппұл төлеуге мәжбүрлеген екен. Тіпті айыппұл ақшасын жеке шоттарына аудартпақ болғандар да кездесіпті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik.com
Желіде қазақстандық келіншек Magnum-да болған ыңғайсыз жағдайын бөлісті.
“Тіпті ұят! Өз-өзіне қызмет көрсету кассасында баламен жүріп, байқамай 10 заттың тек 9-ына төлеппін. Әрине, шығарда мені тоқтатты. Камералар орналасқан бөлмеге апарды. Оларға байқамай қалғанымды айтып, “төлеп кете берейін” дедім. Ал қызметкер болса, “10 мың теңге айыппұл төле, болмаса 102 шақырамын” деді.
Әрине, айыппұл төлемейтінімді айттым. “102 шақыра беріңдер, мұндай айыппұл қаншалықты заңды?” дедім. Осындай жағдайға бірінші рет тап болдым. Қызметкер 2 минуттан кейін шығып, “102-ні күткенше, айыппұл төлеп кете берген оңай емес пе?” деді. Уайымдай бастадым. Тіпті жігітіме хабарласайын деп жатқанымда қызметкер “тауарды төлеп кете бер” деді”, – деп баяндады ол.
“700 теңгенің қытырлақ картобын ұрлау үшін 15 мыңға сауда жасадым ба?”
Жазба астына өзге де қазақстандықтар осындай жағдайларға жиі кездескендерін айтып жатыр.
“Мұндай жағдайға бірнеше рет тап болдым. Әдетте кешке жұмыстан кейін супермаркетке жиі соғамын. Алайда бұл уақытта кассаларда кезек көп болады. Тіпті өзіне-өзі қызмет көрсету кассалары да босамайды. Міне, сол күні осындай кезекте тауарларымның бәрін бір реттен ұрып, төлеп, чекті алып, шығып бара жатқанымда күзетші тоқтатты. Чекті тексерді. 15 мың теңгеге сауда жасаппын. Алайда олардың арасында қытырлақ картоп (чипс) төленбей қалыпты. Ал күзетші қыз болса “20 мың теңге айыппұл, болмаса 102 шақырамыз” деді. Мен оған “басымды қатырма, сонда 700 теңгенің қытырлақ картобын ұрлау үшін 15 мыңға сауда жасадым ба? Мазақ қылып тұрсың ба?” дедім. Ол заң бойынша солай екенін айтты”, – деді Дария есімді алматылық.
Ару кейін күзетшінің айыппұлды өз шотына жіберуді сұрағанын алға тартты.
“Айыппұл төлеу ниетімде болмаса да, ақшаны кімге жіберуім керек екенін әдейі сұрадым. Ол болса өзінің жеке номерін беріп тұр. Кейін мен “102-ні де, Magnum-ның әкімшісін де шақыртайық” дедім. Ол болса “онсызда асығып тұрсыз ғой” дейді.
Мен 700 теңге үшін 102-нің мені қамап тастамайтынын айттым. Ал оған мені қорқытып, айыппұл деп ақшаны өзіне алғысы келгенін әкімшіге айтып жұмыстан шығартатынымды ескерттім. Соңында күзетші жай ғана жібере салды”, – деп қосты ол.
Фото: желіден скрин
“Күзетшілердің полициясыз айыппұл салуы заңсыз”
Stan.kz тілшісі мұндай жағдайда тұтынушының қалай әрекет етуі керек екенін заңгерден сұрап білді. Бауыржан Зәкидің айтуынша, "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңда сатушының (қызмет ұсынушының) тұтынушыларға жайдан-жай айыппұл салуы қарастырылмаған.
"Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңының 30-бабы 9-тармағына сай, сатып алынатын тауарға ақы төлеу нысаны тұтынушы мен сатушы (дайындаушы) арасындағы келісім бойынша еліміздің заңдарында белгіленген тәртіппен айқындалады. Яғни тұтынушы өзі таңдаған және сатып алатын тауары үшін ақы төлеуге міндетті. Ал төлемесе, яғни байқамай не әдейі кассадан төлемей өтсе немесе дүкен аумағынан шығып кетсе дүкен әкімшілігі мынадай іс-әрекет жасай алады:
- Полиция шақыру, себебін тергеу адамның іс-әрекетіне құқықтық баға береді. Яғни жымқыруға ниеті мен себебін анықтауға тиіс.
- Тауарды қайтадан кассадан өткізіп, құнын төлету және сатып алушыға ауызша ескерту жасап, жіберу”, – деді маман.
Заңгер айыппұл көлемін де түсіндірді. Болмашы көлемдегі тауарға айыппұл 10 айлық есептік көрсеткіштен аспайтындай (39 320 теңге) деңгейден бастап белгіленеді екен.
“Ал бөтеннің мүлкін ұрлау, алаяқтық, иемденіп алу немесе талан-таражға салу, 80 айлық есептiк көрсеткiшке (314 мың теңгеден аса) дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады. Немесе бұл жағдайда сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 20 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады”, – деп қосты ол.
Заңгер сонымен қатар, күзетшілер немесе супермаркет қызметкерлері полиция шақырмай, сомасын өздері қойған айыппұлды “төле, ешкімге айтпаймыз” десе және де тауардың құнын төлеу құқығын бермесе заңсыздық екенін түсіндірді.
Редакциямыз Magnum супермаркеттер желісінен де мән-жайды анығырақ сұрады. Желі қазір осы жайтқа байланысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын алға тартты.