Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы төрт адамның өмірін жалмаған лай көшкініне бір жыл: Қала билігі қандай сабақ алды

2024 жылы 8 ақпанға қараған түні Алматы қаласы, Медеу ауданы, Тау-Самал шағынауданында лай көшкіні орын алып, екі тұрғын үйге зақым келген еді. Қайғылы оқиға салдарынан бір отбасының төрт адамы қаза тапты. Аталған жағдайдың орын алғанына 1 жыл өтті. Алматы қаласы әкімдігінен Stan.kz тілшісі осы уақыт ішінде қандай жұмыс атқарылғанын сұрап білді. 

Фото: Төтенше жағдайлар департаменті

Бәрі неден басталды

Төтенше жағдай өткен жылы ақпанның 8-іне қараған түні болды. Тұрғындар сол күні жер асты дүмпуін сезіп, жиһаздың дірілдегенін байқаған. Бірнеше жер асты дүмпулері болған деген болжам бар. Көшеге жүгіріп шыққан олар үйдің орнынан тек топырақ үйіндісін көрген. Ал қираған баспанада тұрған отбасының төрт мүшесі қаза тапқан.

Жергілікті тұрғындар құтқарушылардың оқиға орнына 30 минутта жеткенін айтады. Сағат 10:00-де Төтенше жағдайлар департаменті жасөспірімдердің бірінің денесін тапқанын хабарлаған. Қалған отбасы мүшелерінің мәйіті шамамен сағат 13.00-де табылған. 

Фото: Ольга Шин әлеуметтік желідегі парақшасынан

Сол кезде жағдайдың басы қасында болған құтқарушылар ауа райы қолайсыздығына байланысты іздеудің қиындағанын айтады. Департамент cел көшкініне құбырдың бұзылуы мен топырақтың батпақтануы себеп болғанын мәлімдеді. 

Аталған лай көшкінінен ерлі-зайыпты Ольга Шин мен Ілияс Омаров және олардың егіз ұлдары Денис пен Сергей қаза тапты. Олар отбасымен бірге белсенді демалысты ұнатқан. Табиғат аясына жиі шығып, балық аулаған. Отбасының анасы Ольга үй шаруашылығымен айналысқан. Ол екінші күйеуі Ілияс Омаровпен соңғы 4 жылдан бері бірге тұрып келе жатқан. Ілияс көне теңге іздеумен айналысқанды және балық аулауды ұнатқан. Ерлі-зайыпты тірі болғанда биыл 40 жасқа толып, егіз ұлдары мектеп бітіріп, студент атанар еді. 

Фото: Ольга Шин әлеуметтік желідегі парақшасынан

Лай көшкіні салдарынан қаза тапқан қаралы отбасыдан аман қалған Ольганың үлкен ұлы Дмитрий Шин ғана. Ол биыл көктемде 22 жасқа толады. Қайғылы оқиға орын алған күні Дмитрий шетелде болған.  

Stan.kz тілшісі 4 жақынынан айырылған Дмитрий Шиннің хәл жағдайын білу үшін байланыс нөміріне хабарласып көрді, алайда телефоны сөндірулі. Онымен қоса әлеуметтік желіден жеке парақшасын іздеп көрдік. Дегенмен жеке мәлімет табылмады. 

Еске салайық, өткен жылы қайғылы жағдай орын алған күні Алматы әкімдігі қаралы отбасыдан аман қалған ұлдың оқу ақысын төлеп беретінін, елге келген соң өмір сүруіне материалдық қолдау көрсетілетінін хабарлаған. Сол кезде Дмитрийдің елден тыс жерде білім алатыны да айтылған еді. 

Осы тұста Stan.kz ақпарат агенттігі “Алматы қаласы әкімдігіне 1 жыл ішінде қандай жұмыстар атқарылды, зардап шеккендерге қандай көмек көрсетілді” деген сұрақтармен жүгінді. 

Әкімдік мәліметінше, ққайғылы жағдайдан зардап шеккендерге жан-жақты қолдау шаралары көрсетілді. 

Қаралы отбасыдан аман қалған жігітке пәтер берілді

“Марқұмдардың туыстарына көмек көрсетілді. Атап айтсақ, қаза болған азаматтарды жерлеу рәсімдері ұйымдастырылды. Марқұмдар Боралдай шағынауданындағы зиратта жерленді. Қоштасу рәсімі Луганский көшесі, 54 мекенжайында орналасқан "Көк-Төбе" шипажайында өтті. 7 күндік және 40 күндік еске алу асын ұйымдастыруға қолдау көрсетілді. Ас беру рәсімдері Иштван Қоңыр көшесі, 18 мекенжайындағы Panorama мейрамханасында өткізілді”, – делінген хабарламада. 

Жергілікті билік мәліметінше, қайтыс болған отбасының аман қалған үлкен ұлы, Мәскеуде білім алатын Дмитрий Шинға әкімдік қолдауымен пәтер берілді. Сондай-ақ демеушілердің көмегімен қаржылай көмек көрсетіліпті. 

Құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр

Алматы әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта апат орын алған шағынауданда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

“Қайғылы оқиғадан кейін залалдар егжей-тегжейлі талданды. Болашақта осындай жағдайларды болдырмас үшін арнайы нығайту жобасы әзірленді. 2024 жылы 10 шілдеден бастап "Тау-Самал" шағынауданындағы Олимпийская көшесі, 3А мекенжайында құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Жұмыстар аяқталу сатысында”, – делінген хабарламада. 



Құрылыс-монтаждау жұмыстары барысында:

  • Тіреуіш қабырғаларды орнату үшін аумақ жоспарланып, 880 м³ темірбетон конструкциялары бұзылды;
  • ПС-1 және ПС-2 тіреуіш қабырғаларының негізіне тереңдігі 6,6 м және 20 м қадалар орнатылды;
  • Ұзындығы 96 м және 26 м тіреуіш қабырғалар бетондалып, 900 м³ габиондық тіреуіш конструкциялары жасалды;
  • Жалпы ұзындығы 135 м металл қоршаулар орнатылды;
  • Дренаж жүйесі толығымен аяқталды;
  • 496 анкер бекітіліп, аумаққа тросс-анкерлік жүйеге арналған 2660 м² тор төселді;
  • "Ласточка" жолының бойына нөсерлік арық салынды;
  • "Сакура" тұрғын үй кешенінде 772 м² брусчатка төселді.

Медеу ауданы әкімінің аппараты қайғылы жағдайдан кейін зардап шеккендерге барынша қолдау көрсетілгенін айтты. Осындай апаттардың алдын алу мақсатында кешенді шараларды жүзеге асырылыпты. Қазіргі уақытта еңістерді нығайту және қауіпті аймақтарда алдын алу жұмыстары жалғасып жатыр дейді. 

Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы Медеу ауданында 8 ақпанға қараған түні сел жүріп, екі үй зақымдалған еді. Оқиға орнына келген құтқарушылар үйде болған 4 адамды іздестірген. 

ТЖД құбырдың жарылуы селдің алдын ала себебі болуы мүмкін екенін айтқан. 

Ал лай көшкіні салдарынан қираған үй астынан 1984 жылғы ер адамның, 1980 жылғы әйелдің және 2007 жылғы егіз жасөспірімдердің денелері табылған еді.

Талқылау