Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл мәселені әкімдік жақсы біледі": Куәгерлер Алматыда төрт адамның өмірін жалмаған лай көшкіні туралы айтып берді

Лай көшкіні жүрген Алматыдағы Медеу ауданы Тау-Самал шағынауданындағы тұрғындар Stan.kz тілшісіне оқиғаның қалай болғанын және зардабын айтып берді.

Фото оқиға орнынан түсірілді

"Біздің ауданда түні бойы сирена ойнап, жедел жәрдем мен төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары жүрді. Лай көшкіні түнгі 03:00-терде басталды. Қорыққанымыздан отбасымызбен терезеден қарап отырдық. Түнді қорқып өткіздік. Міне, 48 мектептің жанында сел болып, үйлер топырақ астында қалды. Өкінішке қарай, бүтін бір отбасы көшкіннің астына кетті”, – деді Тау-Самал шағынауданының тұрғыны Татьяна.

Татьянаның айтуынша, құтқарушылар тек бір ер адамды ғана шығарып алды.

“Қуаныштысы, ол кісі тірі екен. Ал қалған отбасын ТЖД іздестіріп жатыр. Табу өте қиынға соғып отыр. Көшкіннің астында тағы үш адам бар. Топтан сол отбасының бір мүшесін тауып алғанын естідік. Қазірдің өзінде 8 камаз топырақ жиналып төгілді. Топырақтан бөлек, үйдің қирандылары да жиналған деседі. Естуіміз бойынша, апат салдарына байланысты №48 мектеп жабылған. Үрей басым. Себебі өткен айдағы жер сілкісінен кейін шошынып қалды. Сөмкемді жинап, кетуге даяр отырмыз”, – деді Татьяна.

лай көшкіні

Фото: ТЖД

Медеу ауданының тұрғыны балалары үшін алаңдайтынын жеткізді.

“Бұл таулы жердегі лай көшкіні мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатыр. Халық айтқанмен, нәтижесі жоқ. Себебі жер телімдерінің бәрі сатылып кеткен. Үйлердің көбі таулы жотада бой көтерген. Адамдар табиғатты, соның ішінде ағаштарды кесіп, алма бақтарын қалай жойып жібергенін өз көзімізбен көріп отырмыз. Бойында аққайың өсіп тұрған бұлақ та бар еді. Ол жоқ болды. Құрылыс нәтижесінде 5 қабатты және 3 қабатты үйлер салып тастаған. Бұдан бөлек, ауданда су мәселесі бар. Көптеген жылдар бойы су жетіспейді. Аққайың ауданында мүлдем су жоқ. Адамдар суды тасып ішеді. Бұл мәселені әкімдік жақсы біледі. Дәл мұндай сел Аққайың ауданында 3-4 жыл бұрын қайталанды. Қуанышқа орай, онда үйлер емес, бос тұрған саяжайлар селдің астында қалды. Бұл лай көшкіні, көріп тұрғандарыңыздай, әлі қайталанып жатыр”, – деді Татьяна.



Ал шағынаудан тұрғыны Аня сел жүргені туралы тек жаңалықтардан естігенін айтты.

“Біз Байқоңыр көшесінен сәл жоғары тұрамыз. Сел жүргені және аудандағы дабылдардың даусы бізге жетпеді. Ешнәрсе сезбедік. Тек жаңалықтардан оның бізге жақын жерде болғанын оқып білдік. Тек дүкенге зат алуға бара жатқанымда анам хабарласты.

Анам Алматы-Петропавл бағыты бойынша кетіп бара жатқан. Астанаға теміржолына аялдағанда, жаңалықтардан оқып маған іле-шала хабарласты. Анамның айтуынша, сел сүт секілді ағып, құйғын желдей тез өтіп кетті. Мұнда көшіп келгенімізге 6 жыл болды. Мұндай жағдай болмаған, тек жер сілкінісі болмаса. Таулы аймақта үйлер ретсіз салынғанына таңданамын. Себебі үйлер бой көтермей тұрып, олардың құрылысына рұқсат алу керек. Геодезиялық бақылау жұмыстары жүргізілген жағдайда ғана үй салуға болады”, – деді тұрғын Аня.

Еске салайық, 8 ақпанға қараған түні Алматыдағы Медеу ауданы Тау-Самал шағынауданында лай көшкіні жүргені туралы хабарлаған едік. 

Талқылау