Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Халықтың денсаулығы нашарлап, қылмыс көбейді": Қоғам белсенділері қазақстандықтарды уақыт белдеуін өзгерту үшін конститутциялық сотқа жүгінуге шақырды

Алматыда уақыт белдеуін кері қайтаруды қолдайтын қоғам белсенділері жиналып, қараңғылықтың ерте түсуі халық жағдайына қалай әсер етіп жатқанын талқылады. Әртүрлі сала мамандарынан құралған топ ел аумағында  арнайы зерттеу жүргізген. Нәтижеге сәйкес, қазіргі уақыт адамдардың денсаулығына кері әсер етіп жатқаны анықталған. Кәсіп пен жұмыстағы кедергілерден бөлек, елде бұзақылық пен қылмыс саны да өскен екен. Шараға қатысқан заңгер осы тұста қазақстандықтарды уақыт белдеуін нақты зерттеусіз UTC+5-ке ауыстырған министрлікті конститутциялық сотқа беруге шақырды. Stan.kz тілшісі белсенділердің бастамасын тыңдап келді.

Фото: Stan.kz

Белсенділер алдымен Сауда және интеграция министрлігін сотқа бергендерін, алайда шешім сәтсіз болғанын алға тартты. 

“Уақытты ауыстыру туралы бастаманы ұсынып, енгізген Сауда және интеграция министрлігі. Петиция талаптарын да қараған осы министрлік. Неліктен біздің талабымызды осы іске бастамашы министрлік қарады? Осыдан соң белсенділер тобы министрлікті сотқа бердік. Алайда сот министрлік тарапынан ешқандай заңбұзушылықтың жоқ екенін айтып қорғады”, – деді қоғам белсендісі Қазбек Бейсебаев. 

Мамандардың айтуынша, күзден бастап қазақстандықтар желіде уақыт белдеуінің өмірлеріне теріс әсер етіп жатқанына шағымдана бастаған. Бұдан соң, белсенділер арнайы бақылау тобын құрып Қазақстан бойынша халықтың өмірінде, денсаулығында қандай өзгерістер болып жатқанын зерттеді.

“Халықтың денсаулығы нашарлап, қылмыс пен жол апаты көбейді”

Әлеуметтанушы Жанар Джандосова зерттеу қорытындысымен бөлісіп, нәтиженің жақсы емес екенін алға тартты.

“Қазақстан 35 градуста UTC+4, +5 уақыт белдеуінде орналасқаны бәрімізге белгілі. 1 белдеу 15 градустан тұрса, 35 градуста 2,5 белдеу бар. Яғни уақыт айырмашылығы да осылай 2,5 сағаттан болуы тиіс. 

Үкімет уақыт белдеуін ауыстырар кезде мұның халық денсаулығына жақсы әсерін тигізіп, оң нәтиже беретінін айтты. Алайда қазір біз керісінше нәтижені көріп отырмыз. 

Барлығына бірдей уақыт белдеуі тек батыс пен орталық қазақстандықтардың ғана өміріне аса әсер етпеді. Алайда еліміздің шығыс аймағының тұрғындары мұндай уақыт белдеуіне түбегейлі қарсы. Шығыс аймақтың 85% халқы уақыттың ауысуы жаман әсерін тигізіп жатқанын айтты”, -деді ол. 

Маман еліміздің орталығында халықтың 50%-ы, шығысында тіптен 80%-ы адам уақыт белдеуінің әкелген өзгерістеріне кері баға бергенін алға тартты.

“Олар өз-өздерін жаман сезініп, ұйқының қанбауы, жұмыс талаптарының қиындауы, жұмысқа белсенділіктің төмендеуі мен денсаулықтың нашарлауына шағымдануда. Бұл жақта тіпті уақыт белдеуі ауысқалы қауіпсіздік жағы да нашарлай түскен. Әсіресе, балалардың кешкісін мектептен үйге дейін келетін мезгілі қараңғы болады. Қылмыс пен жол апаты саны да айтарлықтай өскен. Бұзақылық пен қылмыс шығыста 2,5 есеге дейін, Жетісу облысында 2,5 есеге дейін, Алматыда 1,6 есеге, Жамбыл облысында 1,8 есеге көбейген. Оның үстіне барлық көшелерде жарық жеткіліксіз. Сондықтан қазіргі уақыт ең алдымен адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп отыр”, – деді Жанар Джандосова.

Фото: Stan.kz

Қазақстандықтар уақыт белдеуіне байланысты конститутциялық сотқа жүгіне алады

Заңгер Амангелді Шорманбаев уақыт белдеуі ауысқалы бері Қазақстан халқының құқығы бұзылғанын алға тартты. 

“Билік осыған дейін әкімшілік кодексі арқылы еліміздің әрбір азаматының құқығы қорғалатынын жарияға жар салатын. Қандай да бір шешім қабылданар алдында халықтың пікірі ескерілетіні де уәде етілді. Алайда қазір барша қазақстандықтардың құқығы бұзылып отыр. Сот біздің тарапты қолдамады. Алайда біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Конститутциялық сот деген де бар. Бұл сот адамдардың құқығы шынымен де бұзылып, үлкен мәселе туындатқан кезде іске назар аударады. Біз енді соған жүгінбекпіз. Әрине, бұл соттың да біздің талаптарымызды қарауы екіталай. Алайда мен Қазақстан азаматтарын осы конститутциялық сотқа бізбен бірге арыздануға шақырамын”,,- деді ол. 

Заңгер бұл сотқа арызды еліміздің кез келген азаматы бере алатынын алға тартты. Ал үндеудің үлгісі мына жерде орналастырылған.

“Үкімет үшін халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең бірінші орындағы міндет. Алайда уақыт белдеуін ауыстыру арқылы бұл міндетті орындамай отыр. Екіншіден уақытты алмастыру арқылы елдегі халық жағдайында теңсіздік пайда болды. Мәселен, бастыстың тұрғындары үшін бәрі бұрынғыша, ал шығыс немесе орталық тұрғындары осы тұста қараңғылықта өмір сүруде. Сонымен қатар үкімет адам өміріне зиян тигізетін барлық қауіптің алдын алуға міндетті. Алайда қылмыс пен бұзақылықтың көбейгеніне қарап мұның да орындалмай отырғанын байқап отырмыз”, – деп қосты заңгер. 

“Бейбіт митингке де тыйым салып отыр”

Журналист Ардақ Букеева уақыт белдеуінің тарихы пойыз қатынасында кептелістер болмас үшін ойлап табылғанын алға тартты. Айтуынша, сол себептен уақытты белдеумен есептеу мүлде дұрыс емес. 

“Билік тіпті халықтың уақыт белдеуін ауыстыруға қарсы митинг ұйымдастыру туралы өтінішін де қабылдамады. Бұған себеп елімізде митинг өткізетін бос орын мен уақыт жоқ екен. Себебі барлық жерде мәдени іс-шаралар болады. Ал біз болсақ, күндіз ұйымдастыруды да сұрадық. Бұл азаматтардың өз ойын айтуына тікелей ашығынан қарсылық білдіру ғой! Ойлап қарасақ бұл бір үлкен саяси да тақырып емес. Ел ішіндегі шешімін таппаған маңызды титтей бір мәселе ғана. Соның өзіне жұртшылықтың жиналып, ойын бейбіт жеткізуіне тыйым салып отыр”, – деп қосты журналист. 

Белсенділер уақытты кері қайтару үшін әлі де әркетті тоқтатпайтынын алға тартты. 

Талқылау