95 жастағы Бибігүл Төлегенованың үйіне сайлау жәшігін әкеп берді
Қазақтың аты аңызға айналған опера әншісі Бибігүл Төлегенова атом электр станциясын салу жөніндегі референдумға қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі
Бибігүл Ахметқызына дауыс беру үйде өтті. №559 сайлау учаскесінің өкілдері сайлау жәшігін опера әншісінің тұрғылықты жеріне әкелді.
Өнер иесі бұл шараның ел үшін маңызды екенін айтты. Оның айтуынша, референдумға қатысу Қазақстанның болашағы үшін әрбір азаматтың міндеті.
"Мұндай шешімдер мұқият ойлануды қажет етеді. Өйткені олар елдің қазіргі жағдайына ғана емес, келешек ұрпақтың болашағына да әсер етеді. Ел үшін маңызды мәселеге өз дауысымды қосқанымды мақтан етемін", – деді Бибігүл Ахметқызы.
Опера әншісінің пікірінше, Қазақстан әлі де жас мемлекет. Елімізді маңызды шараларға қатысу арқылы қолдау керек. Осылайша мемлекетіміз үшін оңтайлы даму жолын таңдау керек дейді.
Айта кетейік, бұған дейін АЭС салу бойынша референдумда алғашқылардың бірі болып премьер-министр Олжас Бектенов дауыс берді. Кейін мемлекет басшысы Тоқаев АЭС салу бойынша референдумда дауыс беріп, АЭС-ті кімдер салатынын айтты.
Сондай-ақ Алғашқы президент Нұрсұлтан Назарбаев АЭС салу бойынша референдумда дауыс берді.