"Электр есептегішті ауыстыруға үгіттейді": Қазақстандықтарға алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертілді
Алматылықтар тағы бір алаяқтық түрінің пайда болғанын алға тартып, дабыл қақты. Тұрғындардың айтуынша белгісіз номерлер хабарласып, электр есептегішті (счетчикті) ауыстыруға үгіттеп жатыр. Ал егер “ауыстырмаса электр қуатын үземіз” деп қорқытады екен. "АлматыЭнергоСбыт" ЖШС мамандардың ешқашан олай хабарласпайтынын, мұның алаяқтық схема екенін ескертті. Осы тұста Stan.kz тілшісі заңгерден алаяқтардың бұл схемасы қалай жүзеге асатыны мен сақ болу шараларын сұрады.
Фото: pixabay.com
Алматылық тұрғындар редакциямызға: “Көршілер, қайырлы кеш! Жаңа ғана бізге белгісіз адам қоңырау шалып, Энергосбыт ЖШС-нің есептегіштерді ауыстыру уақыты келгені туралы айтты. Егер ауыстырмасақ, 2025 жылдың қаңтарында барлық электр энергиясы кесіледі екен”, – деген хабарламаны жіберді. Айтуларынша қазір осындай сылтаумен хабарласатындар көбейген.
Ал "АлматыЭнергоСбыт" ЖШС тұрғындарды абай болуға шақырды. Айтуларынша компания тарапы мұндай мәселелер үшін қоңырау шалмайды, тек жазбаша хабарлама хаттарды жолдайды.
“Абайлаңыз, бұл алаяқтар! Құрметті тұтынушылар, алаяқтық жағдайлары жиілеп кетті. Қаскөйлер өздерін энергетикалық компания қызметкерлері ретінде таныстырып жүр.
Ресми түрде еске саламыз, "АлматыЭнергоСбыт" ЖШС қызметкерлері жылжымайтын мүлік иелерімен электр энергиясы үшін берешек мәселелері бойынша ғана байланысуы мүмкін. Мұндай кезде оператор әрдайым өзін таныстырып, қарыз сомасын хабарлайды. Төлем жасалмаған жағдайда электр қуатын өшіру туралы ескертеді”, – деді "АлматыЭнергоСбыт" ЖШС басқарушы директоры Жеңісбек Жолдасов.
Сонымен қатар компания өкілі электр есептегіштерін тексеру, ауыстыру электр желілері иесінің жауапкершілік аймағына кіретінін қоса кетті.
“Егер сіздің шоттарыңызда АлматыЭнергоСбыт логотипі болса, онда желілер "Алатау жарық компаниясы" АҚ-ға ("АЖК" АҚ) тиесілі. Есептегіштерге қызмет көрсетумен солар айналысады. "АЖК" АҚ бұл мәселелер бойынша ешқашан қоңырау шалмайды. Маңызды есепке алу құрылғысын тексеру немесе ауыстыру туралы хабарламалар тек жазбаша түрде жіберіледі. Сақ болыңыз, егер сізге "АЖК" АҚ-дан қоңырау шалып тұрмыз” деп шара қолдануды талап етсе, бұл алаяқтар”, – деп қосты компания басшысы.
Алаяқтардың мақсаты не?
Алаяқтар алдымен хабарласып, есептегішті ауыстыратынын айтады. Олар үй иесінің аты-жөнін атап, аталған ұйымның қызметкері ретінде сенімге әбден кіреді. Кейін:
- телефон арқылы сөйлесіп болған соң, жәбірленушіге тапсырыс нөмірімен хабарлама жібереді.
- Сосын тапсырыс беру процедурасын аяқтау үшін алаяқтар төлқұжат сканерін немесе ЖСН нөмірін сұрайды.
- Келесі қадам телефонға келген растау кодын сұратады.
- Осыдан соң шабуылдаушылар азаматтардың деректерін еркін қолдану арқылы шоттарынан қаражатты ұрлауға кіріседі.
Заңгер Мәулен Спанкулов көбіне тұрғындардың есептегіш (счетчик) мерзімі өтсе де ұзақ жыл ауыстырмай жүретінін алға тартты. Айтуынша, сол себепті алаяқтар хабарласқанда олар абдырап, ресми ұйымдардан сұрауға батпай, алданып жатады екен.
“Алаяқтар көбіне деректер базасын сатып алады. Сіз бен біздің деректеріміз ашық алаңда жүреді. Сол арқылы олар халыққа хабарласады. Электр есептегіштің мерзімі өтті деп алдайды. Ауыстырмаса үлкен айыппұл салынатынын жеткізеді.
Мұндай алаяқтарға алданбас үшін әр тұрғын үйге жауапты арнайы ұйымдарға жүгінгені жөн. Тіпті электр есептегіштің өзінде-ақ (квитанцияларында), мерзімі жазылып тұрады. Коммуналдық қызметке хабарласу арқылы да ақпараттың анық қанығын тексеруге болады. Неге бізде кейбір адамдар осындай хабарламаларға алданады? Себебі біздің жұрт көбіне электр есептегішті уақыты өткен болса да ауыстырмай ұзақ уақыт жүре береді. Сол себепті мұндай хабарлама түссе кейін ресми жерлерден айыппұл аламын деп қорқып, осындай алаяқтарға тап болады”, – деді заңгер.
Сонымен қатар маман елімізде шынымен де өз қызметтерін ұсынып ақша табатын компаниялардың көбейгенін де алға тартты. Айтуынша олар келіп электр есептегішті ауыстыруы мүмкін. Алайда мұндай компаниялар көбіне жұмысты сапасыз әрі заңсыз орындайды.
Ал Алматы полиция департаменті әзірге мұндай фактілер бойынша тұрғындардан арыз шағымдардың түспегенін жеткізді.