"Орташа тозу деңгейі 65%": Еліміз жылыту маусымына дайын ба
Қазақстанда ЖЭО қысқы жылыту мауысымына дайын ба? Мамандар биыл жылыту маусымына дайындық толық әрі тез өтіп жатқанын жеткізді. Алайда ЖЭО-ның тозығы 65%-ға тең. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31- арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото сюжет кадрларынан
Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев коммуналдық қызметтерді тұтыну нормалары тұтынушылар үшін жыл соңына дейін әзірленетінін жеткізді.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, жылыту маусымына дайындық алдын ала басталған. Алайда бүгінде ЖЭО-ның орташа тозу деңгейі ел бойынша 65%-ға тең. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2% жақсарған.
“Ел бойынша үлкен мәселе тудырып тұрған ЖЭО жоқ. Теміртау, Жезқазған, Кентау, Риддер және Екібастұз ЖЭО-ға Энергетика министрлігі, әкімдіктер тарапынан жылу беру маусымына дайындауға аса назар аударылған”, – деді ҚР Энергетика министрлігі Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Илья Рожков.
2022 жылы Екібастұз ЖЭО-да болған ірі апаттан кейін Мемлекет басшысы проблемалық энергия активтерін мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарауды тапсырған еді. Қазір Екібастұз, Риддер, Ақтау және Маңғыстау облыстарындағы ЖЭО коммуналдық меншікте. Әзірге Екібастұз ЖЭО-ны жөндеуге үкімет резервінен 30 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.
“Үкімет резерві есебінен 15 қазандыққа, сондай-ақ "Самұрықэнерго" қаражаты есебінен 12 қазандыққа жөндеу жасалып жатыр. Жұмыс кестеге сәйкес, артта қалмай үлгерудеміз”, – деді Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Ержан Салханов.
Ал синоптиктер қыста, әсіресе елдің солтүстік және шығыс аймақтарында ауа райы тұрақсыз және желді болатынын болжады.

22 жастағы қазақстандық қыздан асқынған сатыдағы қатерлі ісік анықталды: Ол диагнозды жүкті кезінде білген
