Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павел Дуровтың ұсталуы, Талибанның әйелдерге қатысты жаңа заңы: Әлем жаңалықтарына апталық шолу

Францияда сенбі күні кешке Telegram желісінің иесі Павел Дуров ұсталды. Кәсіпкер Telegram мессенджеріне қатысты жүргізілген тергеуге байланысты қамауға алынған. Ал Каирде Израиль мен ХАМАС арасында Газа секторындағы атысты тоқтату  туралы өткен келіссөз нәтижесіз аяқталды. Артынша Израиль Ливан аумағына соққы жасады. 

Дуровтың ұсталуы

Француз полициясы сенбі күні кешке кәсіпкер Павел Дуровты ұстады. Telegram желісінің иесі жеке ұшағы Ле Бурже әуежайына қонған кезде тұтқындалған.

Дуров Telegram мессенджеріндегі жолсыздықтар үшін қамауға алынған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Француз тергеушілері Telegram желісінде есірткінің заңсыз айналымы, ақшаны жылыстату, алаяқтықпен және басқа да құқық бұзушылықтар болғанын алға тартты.

Фото: Ашық дереккөзден алынды

Telegram мәлімдеме жасады

Telegram командасы мессенджер еуропалық заңнамаға, соның ішінде цифрлық қызметтерге сәйкес келетінін және оның негізін қалаушы Павел Дуров қызметті теріс пайдаланғаны үшін жауапты емес екенін мәлімдеді.

"Telegram ЕО заңдарына, соның ішінде "Цифрлық қызметтер туралы" заңға сәйкес келеді - оның модерациясы салалық стандарттарға сәйкес келеді және үнемі жетілдірілуде. Платформаның теріс пайдаланылуына оның иесі жауапты деп айту абсурд. Дүние жүзіндегі миллиардқа жуық пайдаланушы Telegram-ды байланыс құралы және маңызды ақпарат көзі ретінде пайдаланады", – делінген мессенджердің Telegram ресми арнасында.

Коллаж: Stan.kz

Макрон Павел Дуровтың ұсталуында саяси астар жоқ екенін мәлімдеді

Франция президентінің айтуынша, оның елі сөз бостандығын шектемеуге тырысады және технологиялық инновацияларға оң көзқараспен қарайды.

"Telegram басшысын Франция аумағында жүргізіліп жатқан тергеудің айналасында қамауға алынды. Іске қатысты барлық шешімдерді судьялар қабылдайды. Кез келген құқықтық мемлекетте әлеуметтік желілерде де, өмірде де барлық бостандықтар заңмен белгіленген шеңберде қамтамасыз етіледі, бұл азаматтар мен олардың негізгі құқықтарын қорғау үшін жасалады", – деп жазды Макрон X әлеуметтік желісінде.

Дуровтың кепілге босатылуы

Дуров 5 миллион еуро кепілге босатылды. Оған Франциядан шығуға тыйым салында және ол аптасына екі рет полицияға белгіленуі керек.

Франция прокуратурасының мәлімдемесіне сәйкес, Дуров 12 қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінген. Айыптың барлығы Telegram қолдануына қатысты.

Израиль мен ХАМАС келісімге келе алмады

Израиль мен Хамас тобы Газадағы қақтығыс бойынша тұрақты келіссөздер кезінде атысты тоқтату туралы келісімге келе алмады.

Жексенбі күні Египетте келіссөздер өтті. Reuters ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Израиль де, Хамас та медиаторлар мен АҚШ ұсынған ымыраларды қабылдамаған.

Келіспеушілік Израильдің атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілгеннен кейін Мысырмен шекаралас аймақта және Газа секторының басқа жерлерінде өз әскерін орналастыруды жалғастыру ниетінен туындап отыр.

Хамастың жоғары лауазымды шенеунігі Израиль ұсынған жаңа шарттарды қабылдамайтынын айтты. Хамас Израильден өз әскерін анклавтан толығымен шығаруды талап етеді.

Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан Америка Құрама Штаттары мен басқа елдер атысты тоқтату және кепілге алынғандарды босату туралы келісімге келу үшін жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

Фото: AA

Төтенше жағдай: Ливан Израиль аумағына соққы жасады

Израиль армиясы Ливандағы Хезболла нысандарына шабуыл жасады. Артынша Хезболла Израильдің солтүстігін атқылады. 200-ден астам зымырандар мен ұшқышсыз ұшақтар атылған.

Хезболла өз мәлімдемесінде, Израильге жасалған шабуылды топтың әскери қолбасшысы Фуад Шукрдың шілде айының соңында өлтірілуіне жауап ретінде жасалғанын айтты. Ливанның оңтүстігінде үш адам қайтыс болғаны белгілі болды.

Израиль армиясы Хезболла арсеналындағы мыңдаған зымырандардың жойылғанын хабарлады.  

"Өзін-өзі қорғау үшін осы қауіп-қатерлерді жою үшін Израиль әскері Ливандағы лаңкестік нысандарға соққы беруде", – деп мәлімдеді Израиль армиясының баспасөз хатшысы Даниел Хагари.

Израильде 48 сағат төтенше жағдай жарияланған. Тель-Авив халықаралық әуежайы рейстерді қабылдауды және жіберуді тоқтатты. Артынша Израиль әскері "Әуе күштерінің ондаған ұшағы қазір Ливанның оңтүстігіндегі әртүрлі жерлерде нысанаға соққы беріп жатыр" деп мәлімдеді.

Ливаннан Израильге қарай 200-ден астам ұшқышсыз ұшақтар мен зымырандар ұшырылған. Хизболла Израильдегі 11 әскери нысанаға 320 зымыран ұшырғанын хабарлады.

Израиль де, Хезболла да жексенбі күні операцияның сәтті аяқталғанын хабарлады.

Инфографика: Stan.kz 

Талибан әйелдерге арналған қосымша шектеулер туралы жаңа заң қабылдады

Өткен аптада Ауғанстандағы Талибан қозғалысы "ізгілікті насихаттап, жамандықты жоюға" бағытталған жаңа заң қабылдады. Заң бойынша енді әйелдерге көпшілік алдында дауыстап сөйлеуге және үйден тыс жерде жүздерін көрсетуге тыйым салынады.

Біріккен Ұлттар Ұйымы жаңа "жамандық пен ізгілік шектеулерін" айыптап, жаңа заңдар Ауғанстанның болашағына алаңдаушылық тудыратынын ескертті.

Заңды Талибан қозғалысының жоғарғы жетекшісі Хайбатулла Ахунзада мақұлдаған.

Жаңа заңда қандай шектеулер бар?

Заң бойынша әйел денесін және бетін толығымен жабуы керек.
Әйелдің дауысы "әурет" болып саналады, оны көпшілікке естілмеуі керек. Сонымен қатар үйінде немесе көшеде ән айтуына тыйым салынады. Әйелдердің киімі жұқа, қысқа, тар болмауы шарт. Олар денелері мен жүздерін туыс емес еркектерден жасыруы керек.
Ерлерге әйелдің денесіне, бетіне қарауға, әйелдерге де еркектерге қарауға тыйым салынған.

Ресейде тұтқындар түрме қызметкерлерін кепілге алды

Ресейдің Волгоград облысындағы Суровикино қаласында орналасқан №19 түзету колониясында федералдық қылмыстық атқару қызметінің қызметкерін тұтқындар кепілге алып, өлтірген.

Оқиға тәртіптік комиссияның отырысы кезінде болған. Шабуыл барысында төрт қызметкер жарақат алған, оның ішінде колония басшысы Андрей Девятов бар, ол қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Тұтқындар қарсылық көрсеткен кезекшіні өлтірген және федералдық қылмыстық атқару қызметінің бірнеше басқа қызметкерін жаралаған.

Тұтқындар 2 миллион доллар және тікұшақ сұраған.

Фото: rosgvardofficial

Ресей гвардиясының снайперлері Суровикинодағы колония қызметкерлерін кепілге алған төрт тұтқынды өлтірді

Федералдық қылмыстық атқару қызметі колонияның төрт қызметкерінің қаза тапқанын хабарлады.

Ресейдің Федералдық қылмыстық атқару қызметі бүгін Волгоград облысындағы ИК-19-да болған оқиға туралы ресми түрде ақпарат берді. 

Ведомствоның мәліметінше, төрт тұтқын сегіз түрме қызметкері мен төрт сотталушыны кепілге алған.

“Қылмыскерлер төрт қызметкерге әртүрлі ауырлықтағы пышақ жарақатын салып, оның үшеуі қайтыс болған. Қарсылық көрсеткен тағы төртеуі ауруханаға жатқызылды, бірақ олардың біреуі ауруханада көз жұмды”, – делінген хабарламада.

Волгоград облысы денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Анатолий Себелева бұған дейін колонияның жараланған екі қызметкерінің жағдайы ауыр, тағы екеуінің жағдайы орташа деп мәлімдеген.

Сондай-ақ департамент кепілге алынғандардың барлығы босатылғанын хабарлады.

Талқылау