"Қазақтардың жүзге бөлінетініне таңғалдым": Елге мобилизация кезінде келген ресейлік Қазақстанның артықшылығы мен кемшілігін айтып берді
2022 жылы қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин мобилизациялау туралы қаулыға қол қойған еді. Ол жарияланғаннан кейін Қазақстанға ресейліктер ағылып келді. Мобилизациялау науқанында елге келіп, екі жылдан бері елордада тұрып жатқан ресейлік Қазақстанның артықшылықтары мен кемшіліктері туралы Stan.kz тілшісіне айтып берді.
Фото: Никитаның жеке дерекқорынан
Ресейден кетуді мобилизациядан бұрын ойлап жүрдім
Никита Қазақстанға 2022 жылдың қыркүйегінде Ресейдің Воронеж қаласынан келген. Ол Ресейден кетуді 2022 жылы емес, одан ертеректе ойлағанын жеткізді.
“Көп жағдайларға байланысты Ресей маған бұрыннан ұнамай қалған. Дегенмен бірдеңе өзгереді, бәрі жақсы болады деген үмітпен жүрдім. 2022 жылдың қыркүйегінде ештеңе жақсармайтынына көзім жетті. Сол жылы Ресейде мобилизация болып жатты. Оны Қазақстанға келуімнің негізгі себебі деп айта алмаймын. Бірқатар факторларды ойлап, енді бұлай жүре алмайтынымды түсіндім. Басқа нұсқа жоқ. Шығар жол қалмаған соң, кетуге бел байладым. Бұрыннан ойлап жүргенмін, бірақ тура сол кезде кетемін деп шештім”, – дейді Никита.
Ол Ресейден кетерде нақты мына елге барамын деп шешпегенін айтты.
“Шынымды айтайын, Ресейден кетер кезде менде ешқандай таңдау болмады. Тіпті паспортым да жоқ еді. Ал шетелге шығатын құжатсыз Ресей азаматын санаулы елдер ғана қабылдайды. Сосын ең жақсы нұсқа ретінде Қазақстанды таңдадым. Қазақстанға келіп, паспортымды дайындадым. Шыны керек, мені бұл жерде ештеңе ұстап тұрған жоқ еді. Ол кезде қашықтан жұмыс істейтінмін. Алайда бұл ел ұнап қалды. Жаңа достар, таныстар тапқан соң оларды да қимадым. Жұбайыммен осында кәсіп ашамыз деп шештік. Қазір киім дүкеніміз бар”, – дейді ол.
Сондай-ақ Никита әу баста Қазақстанды таңдағандықтан, осында тұрақты түрде қалатынын айтты.
Қазақстанның ең үлкен кемшілігі – тұрғын үй мәселесі
Никита Қазақстанда бәрінен бұрын адамдары қатты ұнағанын айтты. Бәрі қонақжай, жылы жүзді адамдар дейді.
“Қазақстан маған бірден ұнады. Бәрінен бұрын адамдары жылы қарсы алды. Бұл – ең үлкен артықшылық. Одан кейін өзім тұратын Астана қаласы ұнады. Ресейден келгенде әуелі Алматыға бардым. Дегенмен өзіме өмір сүруге ыңғайлы қала ретінде Астананы таңдадым. Керемет, үлкен, заманауи. Барлық қызметтер қолжетімді, бағасы да қолайлы. Өзім Ресей провинциясынан келген соң Астана қатты ұнады”, – дейді Никита.
Фото: Instagram Никита
Никита Қазақстанда табиғи, көрікті жерлердің қолжетімсіздігін басты кемшілік санайтынын айтты. Сөзінше, тұмса табиғаты бар нүктеге жету үшін көп күш сарп етуге тура келеді.
“Қазақстанның кемшіліктеріне тоқталсам. Біріншіден, келе сала баруға тұрарлық көрікті жерлерді іздедім. Мұндай жерлер Қазақстанда өте көп әрине. Бірақ ол нүктеге жету қиын. Әсіресе, тұмса табиғаты бар, көрікті жерлерге бару көп еңбекті қажет етеді. Бұл Қазақстанда шешімін таппай жатқан ең басты мәселелердің бірі. Алматыда шаңғы тебетін орын мен табиғаты керемет орындар бар. Дегенмен алып шаһардан ары ассақ, мәселен, Қатон-Қарағай, Риддер мен оның маңындағы аумақтарға жету өте қиын. Ол нүктеге шығу үшін көп уақыт жоғалтуға тура келеді. Табиғи, көрікті жерлердің қолжетімсіздігін – үлкен кемшілік деп санаймын. Қазақстанның әдемі жерлеріне барғым келеді. Дегенмен ол үшін көп уақыт пен ақша керек”, – дейді Никита.
Оның сөзінше, Қазақстанда шешімін таппай тұрған мәселелердің бірі – тұрғын үй.
“Тағы бір кемшілік – инфрақұрылым. Әсіресе, тұрғын үй мәселесі. Үлкен заманауи қалада тұрамын, жылу мен жарықтан мәселе жоқ. Бірақ жаңалықтарды бақылап отырсам, басқа өңірлерде неше түрлі қиын жағдайлар болып жатыр. Мысалы, Қазақстанға енді келген жылы қыста Екібастұзда жылу құбыры жарылды. Қарағандыдағы шахтада қайғылы оқиға болды. Жалпы, шағын қалалар мен елді мекендерде түйткілді мәселелер бар деген сөз. Бұл – жалпыға мәлім жағдай. Тіпті мен де байқадым. Сондықтан мұны кемшіліктердің қатарына қосамын”, – дейді ол.
Сондай-ақ ол Қазақстанның тағы бір кемшілігі ретінде жемқорлық мәселесін мысалға алды.
"Жемқорлық – кез келген елде кездесетін мәселе. Бұл мәселені қалай реттейтінін үкімет шешуі тиіс. Жемқорлықтың бары факт. Кей мәселелерді шешу үшін шамадан тыс қаражат бөлінеді. Дегенмен ол мәселенің түйінін тарқатуға көмектеспейді. Астанада "жемқорлық ескерткіші" (ред. LRT) бар. Оны аяқтау үшін уақыт пен көп күш қажет. Елдегі тағы бір кемшілік – жоғары инфляция. Соңғы жылдары бағаның өсуі көптеген факторларға байланысты айтарлықтай жеделдеді. Азық-түлік, автокөліктер, жалға берілетін тұрғын үйлер, импорттық тауарлар бағасы соңғы бір жылда шарықтап кетті. Жалақының өсіп жатқанын айта кету керек. Алайда тауарлар бағасы секілді орташа жалақы көлемі қатты ұлғайған жоқ. Ұлттық банк жоғары пайыздық мөлшерлемемен инфляцияны тежеуге тырысып жатыр, бірақ ипотека мен пәтер алу бағасы өте қымбат", – деді Никита.
Никитаның сөзінше, Қазақстанда ең өзекті мәселелердің бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Өкінішке қарай, адамдарға біреуге күш көрсету дұрыс емес екенін түсіндіруге мәжбүр дейді.
"Зорлық-зомбылық, біреуді ұрып-соғу жақсы нәрсе емес. Ресейліктер де Бишімбаев ісін талқылауда қазақстандықтардан кем түспеді. Олар да сот процесін үзбей қарады, бақылады. Себебі ол жақта да мұндай мәселе жетіп артылады. Ресейдің Қазақстаннан айырмашылығы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң қабылдамады. Сол үшін де қазақ елін құрметтейміз", – деді ол.
Қазақстанның кемшіліктерін тізген азамат, Қазақстанды жақсы көретінін, елдің дұрыс бағытта келе жатқанын айтты. Алайда кез келген мемлекетте мәселе айтылып, талқыға түскен кезде шешімін табады дейді.
Қазақстан тыныш ел және халқында таңдау бар
Никита Қазақстанның артықшылықтарын да атап өтті. Сөзінше, елдің басты артықшылығы тыныштығында.
“Қазақстанның миллиондаған жауы жоқ. Сондықтан ертең бірдеңе болып қала ма деп алаңдауға негіз жоқ. Ал Ресейде күн сайын қарулы қақтығыс, жаңа қатыгез заңдар, тіпті одан да сорақысы болуы мүмкін. Әрине, Қазақстанда да қаңтар оқиғасы болды. Белгілі блогерлер мен қоғам белсендері қамауға алынды. Дегенмен бұл ара-тұра, сирек болатын жағдай. Ал қарулы қақтығыс сынды оқиғалар Ресейде жұмыс күні сияқты”, – дейді Никита.
Сондай-ақ ол Қазақстанның барлық елмен достық қарым-қатынас құрып, экономикалық әлеуетін арттыруға жұмыс істеп жатқанын айтты.
“Қазақстанға қытайлық, еуропалық және ресейлік компаниялар келіп, жұмыс істеп жатыр. Олар өзара тәжірибе алмасып, ел экономикасына үлес қосып отыр. Халықта таңдау, компанияларда бәсекелестік бар. Әрине, коласыз, Instagram үшін VPN қосып өмір сүре аласыз. Дегенмен таңдау бар жерде бәрі жақсы болады”, – дейді ол.
Никита Қазақстанның әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі мен отбасылық құндылықтары ұнағанын жеткізді.
“Біріншіден, қазақтар жүзге бөлінеді. Ресейде мұндай мүлде жоқ. Екіншіден, қазақта отбасылық дәстүр мен құндылықтар мүлде бөлек. Мәселен, жеті атасы, өз шежіресі бар. Ал ресейліктер өз ата-әжесінің кім екенін ғана біледі. Алайда арғы ата-бабасынан хабары жоқ. Мұндай ерекшелікті бұрын-соңды кездестіріп көрмегенмін”, – деді Никита.
Фото: TikTok Никита
Қазақстандық достарым “қазақ тілінде” сайрап тұр деп айта алмаймын
Никита Қазақстанға келгенде пәтер іздеуден басқа, айтарлықтай мәселе болмағанын жеткізді.
“Елге келгенімде бірден достарым мен таныстарым пайда болды. Таныса келе олармен ментальды тұрғыда жақын екенімізді байқадым. Себебі бала күнімізде көрген мультфильм мен киноға дейін ұқсас екен. Бәріміз ұқсас заманның адамы болған соң тез тіл табыстық. Бір ғана мәселе – пәтер табу қиын болды. Қазақстанға жағдай өршіп тұрған кезде келдім. Пәтерлер бағасы шарықтап тұрды. Дегенмен, ол да екі айдан соң шешімін тапты. Бағасы қалыпқа түсті. Қазір еш мәселе жоқ”, – дейді ол.
Никитаның сөзінше, мұнда басым көпшілігі орыс тілінде сөйлейді. Сондықтан тілдік тұрғыда мәселе жоқ дейді.
“Жергілікті тұрғындармен сөйлесуде қиындық болған жоқ. Себебі Солтүстік Қазақстанда, Астанада тұрамын. Мұнда көпшілігі орыс тілінде сөйлейді. Қандай да бір сандар, сөз тіркестері, сәлемдесу немесе қоштасуға қатысты айтылатын қазақ тіліндегі сөздерді өзім үйрендім. Алайда қазақ тілін меңгеру қиын екенін байқадым. Әзірге тілге ешқандай қажеттілік жоқ. Бұл жақсы ма, жаман ба, білмеймін. Бірақ Астанада бұл тұрғыдан мәселе жоқ. Мұнда екі жылдан бері араласатын достарым қазақ тілінде сайрап тұр деп айта алмаймын. Бәрі орыс тілінде сөйлеседі. Алдағы уақытта қазақ тілін негізгі деңгейде үйренуге тырысамын”, – дейді Никита.
Қазақтың қонақжайлығына шекарада тұрғанда көз жеткіздім
Сондай-ақ Никита қазақстандық ортаға қалай бейімделгенін айтып берді. Сөзінше, басқа елге қоныстанатын адамның міндетті түрде бір-екі хоббиі болғаны жөн.
“Таныстарымның арасында Қазақстанға екі айға келгендер болды. Олар бәрі саябырсыған соң қайта кетеміз деді. Алайда көпшілігі осында қалып қойды. Жаңа ортаға бейімделу үшін хоббиімді пайдаланып, биге бардым. Ресейде бимен айналысатынмын. Міне осының арқасында дос таптым. Жаңа мекенге келгенде міндетті түрде бір-екі хоббиіңіз болу керек. Себебі ол адамдармен танысып, тіл табысып, елге бейімделуге көп көмегін тигізеді”, – дейді ол.
Ол Қазақстан шекарасына келгеннен бастап, қазақтың қонақжайлығына таңданғанын жеткізді.
“Қазақстан туралы стереотиптердің бергі бетін ғана білемін. Әсіресе қазақтардың, көшпелі халықтардың қонақжайлығы туралы БАҚ беттерінде көп айтылады. Мәселен, қазақтар бір жағдайға тап болсаң жалғыз қалдырмайды. Үйіне әкеліп, сыйын көрсетіп, ас-суыңды алдыңа тосады. Қазақтың қонақжайлығына шекарада ұзын-сонар кезекте тұрғанда көз жеткіздім. Сол кезде жергілікті тұрғындар келіп шай-тамағымызды беріп, көмегін аямады. Пәтер іздеп, құжат өткізіп жүргенде де қазақтар көмектесті. Қалада қай жерден тамақтанып, қай дүкенге кіру керегін айтты. Танымайтын адамнан көмек алу өзімізді қауіпсіз сезінуге көмектесті. Қазақтар туралы осы стереотиптің шындық екеніне көзім жетті”, – дейді Никита.
Никита Қазақстанның ұнағанын, әзірге басқа елге кету жоспары жоқ екенін айтты.