Қазақстанда микрокредиттерді беру тәртібі өзгермек
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстанда микрокредиттер беру туралы шарт жасасу тәртібіне өзгерістер енгізбек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ашық дереккөзден алынды
Агенттік мәліметінше, заң жобасында жеке тұлғамен 45 АЕК-тен аспайтын сомада 45 күнтізбелік күнге дейінгі мерзімге жасалған микрокредит беру туралы шартқа қойылатын талаптарды бекіту көзделген.
Құжатқа сәйкес келесі шарттар қарастырылған:
- микрокредит сомасын қайтару және микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақы төлеу жөніндегі міндеттемені бұзғаны үшін айыпақының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері мерзімі өткен әрбір күн үшін орындалмаған міндеттеме сомасының 0,2 пайызынан аспайды;
- микрокредиттің мәнін қоспағанда, микрокредит беру туралы шартта көзделген сыйақы мен айыпақы (айыппұл, өсімпұл) сомасын қоса алғанда, микрокредит беру туралы шарт бойынша қарыз алушының барлық төлемдері жиынтығында микрокредит беру туралы шарттың бүкіл қолданыс кезеңі үшін берілген микрокредит сомасының жартысынан аспайды;
- тараптардың келісімі бойынша микрокредит беру туралы шарттың қолданыс мерзімін күніне 0,2 (нөл бүтін оннан екі) пайыздан аспайтын шарт бойынша сыйақыны көздейтін жақсартатын талаптарда күнтізбелік қырық бес күннен аспайтын мерзімге екі реттен астам емес ұлғайтуға болады;
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
Қарыз алушының құқықтары:
- микрокредиттер беру қағидаларымен, ұйымның микрокредиттер беру жөніндегі тарифтерімен танысу;
- алынған микрокредитке шартта белгіленген тәртіппен және талаптармен иелік ету;
- егер негізгі борышты және (немесе) сыйақыны өтеу күні демалыс не мереке күніне сәйкес келген жағдайда, негізгі борышты және (немесе) сыйақыны айыпақы (айыппұл, өсімпұл) төлеместен, одан кейінгі жұмыс күні төлеу;
- шарт бойынша берілген микрокредит сомаларын айыпақы (айыппұл, өсімпұл) төлемей, ұйымға мерзімінен бұрын толық немесе ішінара қайтару;
- қарыз алушы – жеке тұлғаның шарты бойынша міндеттемелерді орындау мерзімі өту бастаған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ұйымға баруы және (немесе) жазбаша нысанда не шартта көзделген тәсілмен шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімінің өту себептері, кірістері және оның шарттың талаптарына өзгерістер енгізу туралы өтінішіне негіз болатын басқа да расталған мән-жайлар (фактілер) туралы мәліметтерді қамтитын өтініш ұсынуы, оның ішінде мыналармен байланысты:
шарт бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгерту;
негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру;
берешекті өтеу әдісін немесе берешекті өтеу кезектілігін, оның ішінде негізгі борышты басым тәртіппен өтей отырып өзгерту;
микрокредит мерзімін өзгерту;
мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіру, микрокредит бойынша айыпақының (айыппұлдың, өсімпұлдың) күшін жою;
тараптардың келісімінде белгіленген мерзімдерде ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті кепіл берушінің дербес сатуы;
ұйымға кепілге салынған мүлікті беру жолымен шарт бойынша міндеттемені орындаудың орнына бас тарту ұсыну;
сатып алушыға шарт бойынша міндеттемені бере отырып, ипотеканың мәні болып табылатын жылжымайтын мүлікті өткізу;
- қарыз алушы – жеке тұлғаның Талаптардың 7-тармағы 3) тармақшасының төртінші абзацында көзделген ұйымның шешімін алған күннен бастап күнтізбелік он бес күннің ішінде немесе шарттың талаптарын өзгерту туралы өзара тиімді шешімге қол жеткізілмеген жағдайда, бірмезгілде ұйымға хабарлай отырып, уәкілетті органға жүгіну;
- қарыз алушы – жеке тұлғаның Заңның 9-1-бабының 4 және 5-тармақтарында көрсетілген тұлғамен келіспеушіліктерді реттеу үшін ұйым осы қарыз алушымен жасалған шарт бойынша құқықты (талапты) басқаға берген жағдайда банк омбудсманына жүгіну;
- алынатын қызметтер бойынша даулы жағдайлар туындаған кезде ұйымға жазбаша өтініш жасау мүмкіндігін көздейді.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда жұбайының келісімімен несие беру талаптары өзгеретінін жазған едік.