“Отбасы жай сөз емес, өмірімдегі басты құндылық”: Түркістандық көпбалалы ана бала тәрбиесіндегі құпиямен бөлісті
Дара болуға және өзін-өзі тануға ұмтылу басты міндетке айналған мына заманда отбасылық құндылықтар екінші орынға түсіп қалды. Алайда отбасы екі адамның бірлестігі ғана емес, сол шаңырақта дүниеге келген сәбидің де жылы ұясы. “Отбасы жай сөз емес, өмірімдегі басты құндылық” деген 7 баланың анасы Клара Оралбайқызы өзі және жанұясы туралы Stan.kz ақпарат агенттігіне айтып берді.
Фото: Клара Орынбайқызының жеке дерекқорынан
Отбасы жай сөз емес, ең басты құндылық
Қазіргі таңда бес қыз, екі ұлды тәрбиелеп отырған Клара Шырынбаева 1986 жылы 20 маусымда Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Әкесі Оралбай мен анасы Әтіркүл алты қыз, үш баланы тәрбиелеп өсірген екен. Өзі де көпбалалы отбасыда дүниеге келген ана “мен үшін отбасы жай ғана айтыла салған сөз емес, өмірімдегі ең басты құндылық” дейді.
“Ата-анам ештеңеден кем қылмай өсірді. 1991 жылы мектепке барып, сабағымды үздік оқығанмын. 2005 жылы осы Сарыағаш ауданындағы Достық ауылына тұрмысқа шықтым. Қазіргі таңда жарым Нұрғали екеуіміз 7 баланы, яғни 5 қыз бен екі ұлды тәрбиелеп отырмыз. Үлкен қызым 2009 жылы, екінші қызым 2011 жылы, үшіншісі 2013 жылы туған Одан кейін ұлым 2015 жылғы. Ал 2017 жылы ұл мен қыз, яғни егіздерді дүниеге әкелдім. Ал кенже қызым 2021 жылы дүниеге келді”, – дейді Клара Шырынбаева.
Көпбалалы ананың сөзінше, бала біздің бақытымыз, қуанышымыз әрі үмітіміз.
“Біздің өмірімізде түрлі қызықты оқиғалар мен қуаныш қатар жүреді. Қандай жағдай болмасын отбасымызбен бәрін бірге қарсы алып, бір-бірімізге қолдау білдіріп, жеңуге тырысамыз. Ұл-қыздарымыз дүниеге келіп, бізге сөзбен айтып жеткізе алмайтын махаббат пен қуаныш сыйлайды. Сондықтан жолдасым екеуіміз оларға бақытты балалық шақ пен әдемі болашақ сыйлағымыз келеді. Сәйкесінше оларды сыйластыққа, жауапкершілікке, адалдыққа, мейірімділік пен сүйіспеншілікке үйретеміз", – деді Оралбайқызы.
Сондай-ақ ол ұл-қызын жақсылық жасауға, басқаларға көмектесуге дайын жақсы адам болып өскенін қалайтынын айтты.
Фото: Клара Орынбайқызының жеке дерекқорынан
Өзім оқуға түсе алмадым, ұл-қызымның жоғары білім алғанын қалаймын
Клара Оралбайқызы ұл-қызының сауатты білім алып, Қазақстанның беделді тұлғасы ретінде өскенін тілейтінін жеткізді.
“Ұл-қыздарым білімді. Олардың болашақта да жоғары білім алуы үшін барымды саламын. Кезінде өзім оқуға түсе алмадым, жоғары ала алмадым. Енді осы ұл-қызымның сауатты білім алып шыққанын, еліне өз үлесін қосатын азамат болып өскенін тілеймін. Үлкен қызым педагог, екінші қызым дәрігер болғысы келеді. Сәйкесінше олардың осы білімді алуына өз көмегімді аямаймын”, – дейді ана.
Айтуынша, өзі кішкентай күнінен әнші-биші болуды армандаған екен. Кейіннен әкем бұл қыз баласына жат нәрсе деген соң, жай ғана хоббиыма айналды дейді.
“Мектепте бүкіл концерт, конкурстарда билеп, ән айтатынмын. Қазір бала күнгі арманым жай ғана хоббиіме айналды. Жеке қызығушылығым ретінде қарастырамын. Ал тағы бір қызығушылығым тәттілер пісіру. Кейде балаларым сұраған уақытта торт, пирог пісіріп беремін. Сондай-ақ ұл-қыздарыммен бірге кітап оқып, олармен талдап, пікірін алмасқан ұнайды”, – дейді көпбалалы ана.
Сондай-ақ ол өзі жете алмаған арманға, балалары жетсе дейді.
Отбасымыз үшін басты құндылық бір-бірімізге қамқор болу
Клара Оралбайқызы бірінші кезекте балаларының денсаулығы маңызды екенін айтты. Ол ұл-қызымның біреуі ауырса, ана ретінде ол жазылғанша жанымды қоярға жер таппаймын дейді.
“Ұл-қыздарым аман болса, мен де аман-сау жүремін. Олармен сырласып, көп уақыт өткізуге тырысамын. Ал отағасы балаларға қажетті дүниенің бәрін қолдан келгенше алып беруге тырысады. Жалпы, ата-анының біірінші міндеті үлкенді сыйлап, кішіні құрметтейтін, өзгелерге көмек қолын созуға дайын бала тәрбиелеу. Біздің отбасымыз үшін басты құндылық бір-бірімізге қамқор әрі бауырмал болу”, – дейді көпбалалы ана.
Фото: Клара Орынбайқызының жеке дерекқорынан
Сондай-ақ ол көпбалалы ана ретінде мемлекеттен қандай жәрдемақы, көмек алатынын айтты.
“Екі жыл бұрын “Алтын алқа” иегері атандым. Көпбалалы ана болған соң дәрігерге барғанда кезексіз кіре аламын. "Алтын алқа" иегері болған соң кей қоғамдық орындарға тегін кіреміз. Жақында жаңа оқу-жылы басталады. Ұл-қызыма әкімдік тарапынан мектеп формасы, оқуға керек-жарақ беріледі. Сондай-ақ балаларға атаулы әлеуметтік көмек аламын”, – деді ана.
Клара Оралбайқызы отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясат маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
"Қазір Қазақстанда “Менің отбасым”, “Біз бақытты баламыз” сынды бағдарламалардың белсенді жұмыс істеп жатқанына қуаныштымын. Оның аясында отбасыларға түрлі қолдаулар, балалар жәрдемақысы, тұрғын үй субсидиялары мен медициналық көмектер көрсетіледі. Көптеген жанұяның осы секілді қолдауды сезінуі балаларды тәрбиелеуге қолайлы жағдай жасау мүмкіндігі", – деді ана.
Көпбалалы ана болу әркімге нәсіп ете бермейтін бақыт
Сонымен қатар ол көпбалалы ана болу әркімге нәсіп ете бермейтін үлкен бақыт екенін айтты.
“Жалғыздықтан гөрі бауырларыңмен бірге күліп-ойнап өскен жақсы. Сол кезде бала қамқор әрі бауырмал болып өседі. Үнемі бір-біріне көмектеседі. Ұл-қыздарыма да бір-біріңе бауырмал болыңдар, мейірім танытып, көмек қолын созыңдар деп үнемі құлақтарына құйып отырамын”, – дейді Клара Оралбайқызы.
Ол ана ретінде балаларының болашақта қазақ еліне еңбегі сіңген азамат ретінде өскенін қалайтынын айтты. Бәрі бір-бір мамандық иесі болып, аман-есен өсіп өркендегенін қалаймын дейді.
“Әрине көпбалалы ата-ана болудың қызығы мен шыжығы көп. Дегенмен “балалы үй базар, баласыз үй қу мазар” дегендей балалардың шуылдап үйде жүргенінің өзі бақ. Сәбидің іңгәлап, өмірге келгенінен бастап, оны өсіріп, жетілдіріп, тұлға етіп шығару ата-ананың тарапынан үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Есімі елге белгілі тұлғалар көпбалалы отбасынан шыққаны бәрімізге белгілі. Әжеміз бен анамыздың ізін жалғап, ұрпағыма бойымдағы бар жақсы қасиеттерімді, тәлім-тәрбиемді беріп, ақылымды айтып, дұрыс жөн көрсетуден жалықпаймын. Балалы болудан қашпау керек. Алдағы уақытта балаларымды жарқын болашақ күтіп тұрғанын сеземін және сенемін”, – дейді көпбалалы ана.
Отбасы – басты құндылығымыз, күш-қуатымыз бен шабытымыздың қайнар көзі. Осындай керемет отбасым барына қуаныштымын. Қазақстандағы барлық жанұяға бақыт, махаббат пен береке тілеймін дейді жылы жүректі ана.

Маңғыстауда тұрғындардың үйлерін, көшелерін қоңыз басты: Аумақтық инспекция жәндіктермен күресті халықтың өзіне қалдырды (видео)
