"Пышақты үйінен алып шығып, қасақана шабуылдады": Алматыда мопед айдағаны үшін көршісі пышақ сұққан жасөспірімнің туыстары әділдікті талап етті
Алматыда ойын алаңында 47 жастағы ер адам мопед айдағаны үшін жасөспірімге пышақ сұққан. Жасөспірімнің туыстары пышақты үйінен алып шығып, қасақана бірнеше рет сұғуға тырысқан адам лайық жазаланбай ма деп қорқатынын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото Динара Мұратова желі парақшасынан
Оқиға туралы Faceboоk желісінде Динара Мұратова есімді қолданушы бөлісті. Айтуынша 15 жастағы жиеніне көршісі себепсіз шабуылдаған.
“Жиенім мен оның сыныптасы алаңда дауысы дырылдап шығатын, ақауы болған мопедті айдап көріп жүрген. Оларды мас ер адам айқайлап, қорқытып, тоқтатқан. Ұлдар бұл көршіні бұрын көрмеген, содан танымаған. Қысқа диалогтан кейін жасөспірімдер оның мас екенін түсініп, онымен сөйлесудің қажеті жоқ екенін ұғып, мопедтерін жөндеуге қайта кіріскен. Сол сәтте жаңағы көрші үйіне барып, кеудеше киіп, оған пышақ жасырып алып шыққан. Кейін пышағын алып балаларға келген”, – деп жазды ол.
Балалар тіпті өздеріне қауіп төніп тұрғанын білмеді дейді Динара Мұратова.
“Ол жиенімнің арт жағынан келіп, иығынан итерген. Бұрылып, қараған кезде пышақты шабына сұғып, қайта тығуға ұмтылған. Алайда жиенім оны итеріп үлгеріп, ол құлап түскен. Осы кезде сыныптасы көршінің қолындағы қан мен пышақты, досының қансырағанын көріп, тезірек үйіне қашуға шақырған. Жиенім қатты шошынғаннан тіпті жарақат алғанын бірден түсінбеген. Сол кезде мас ер адам жиенімнің сыныптасына қарай ұмтылған. Ол тас лақтырып жиенімді алып үйге қашып үлгерді. Ал жаңағы көрші кейін ештеңе болмағандай үйіне кіріп кеткен”, – деп баяндады ол.
Динараның айтуынша, ең қорқыныштысы – оқиғаның балалар ойын алаңынан 20-30 метр қашықта болғаны.
“Жедел жәрдем жиенімді ауруханаға апара жатқанда, ол көп қан жоғалтқаннан есінен танып қалды. Көзі бұлдырап қорқып жатқанын айтты. Алматылық дәрігерлерге рахмет. Жеткізе сала қанды тоқтатып, жарақатты тігіп, ауруханаға жатқызды. Дәрігер ұлдың ең маңызды жамбас артериясы мен жыныс мүшесі ғажайып жағдайда зақымдалмағанын айтты. Пышақ сперматикалық сымға (жараның түбіне) дейін келіп тоқтаған. Пышақ жарақатының тереңдігі – 6 сантиметр. Яғни бұл ұзындығы 5 сантиметр болатын сіріңке қорабынан да ұзынырақ", – деп атап өтті алматылық.
Әйелдің айтуынша, барлық көрші ер адам қашып кетпес үшін полиция келгенше үй сыртында бақылап жүрген. Полиция оны ұстап, 107-бап (Денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру) бойынша іс қозғаған.
“Сараптама баланың өмірлік маңызды аймағына ене жаздаған тереңдігі шамамен 6 сантиметр болатын пышақ жарақатына қарамастан “денсаулығына жеңіл зиян келтірді” деп шығарылған. Енді мәселе іс басқа бапқа ауыстырылып, жаза жеңілдей түсе ме білмейміз. Көрші айыппұлмен, қоғамдық жұмыспен құтылып кетуі мүмкін. Қоғамнан оқшауланып, түрмеде отыруы керек адам қазір бостандықта. Ойлап қарасақ, бұл ер адам қылмысты қасақана мақсатта жасады ғой. Ол үйіне қайтып барып пышақ алып шығып 15 жастағы баланың дәл шап аймағына, яғни өмірлік маңызы бар органына сұғып тұр. Есіңізде болса Денис Тен жарақаты да дәл солай болған еді. Ал прокуратураның неліктен екінші баланы жәбірленуші емес куәгер етіп қойғанын түсінбедік. Оған да оқиға орнында шабуыл жасалды. Ол тас лақтырып өзін әрең құтқарды”, – деп қосты ол.
Динараның айтуынша, осы жағдайдан соң жиенінің отбасы да қатты қорқып қалған.
“Қансыраған ұлды 6 жасар інісі өз көзімен көріп қатты шошыды. Кішкентай балаға бұл психологиялық жағынан ауыр. Атасы мен әжесі де енді әлгі бостандықта жүрген көрші келіп, кек ала ма деп уайымдап, қорқып жүр. Ойлап көріңіз қансырап “өзінің қорқып жатқанын айтқан” балаларын көру қандай қасірет. Біз балаларды қорғауымыз керек. Сонда неге полиция бұл оқиғаны қасақана пышақ шабуылын, екінші рет оқталуын, соққы беру кісі өлтіру әрекетін, қару-жарақ бұзақылығына оқталуын ескермейді?” – деді ол.
Алматы полиция департаменті бұл дерек бойынша Түрксіб ауданының полиция басқармасы қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.
"Күдікті ұсталып, полицияға жеткізілді. Жасөспірімнің дене жарақаттарының ауырлық дәрежесін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қылмыстық іс бойынша тергеу іс-қимылдары кешенінің нәтижесінен соң процестік шешім қабылданады. Кінәлі міндетті түрде жауапқа тартылады", – деп түсіндірді құқық қорғау органдары.