Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тасқын болғанда не су азайғанда елдер бір-біріне хабар беретін": Экс-министр КСРО кезінде Қазақстанда су тасқынының қалай алдын алғанын еске түсірді

Мамандар биылғы көктемдегі су тасқыны әдеттегі шектен асып кеткенін айтып, дабыл қағуда. Еліміздің Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау облыстарында қазір халықтың көп бөлігі эвакуацияланды. Осы орайда қазақстандық су маманы, бұрынғы қазақ КСР Мелиорация және су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақпаев табиғи апаттың жылдан-жылға күшейіп жатқанын алға тартты. Айтуынша суға бақылау жұмыстарын жүргізетін мамандарыелімізде тапшы. Сол себептен қауіпті аймақтарға адамдар үй салуын тоқтатпай келеді. Stan.kz тілшісі маманмен сұхбаттасып елдегі су тасқыны салдарымен қалай күресуге болатынын сұрап білді.

Фото Stan.kz

Маман елде су шаруашылығына қатысты бақылау жұмыстарының ақсап қалғанын жасырмады. Айтуынша, қазіргі су тасқынын күздегі жағдайдан-ақ аңғаруға болатын еді.

“Өткен жылы күзде өте көп жаңбыр жауды. Жаңбырдың арты қарға айналды. Жердің беті 50-60 сантиметр тереңдікте ылғалмен толды. Осы тереңдік суықта қатып қалды. Ал мұны мамандар аңғармаған тәрізді. Су тасқынын алдын алу үшін жұмыс үздіксіз жүруі керек. Судың жүретін жолдары дайындалып, тасқынның шамамен қаншалықты болатыны алдын ала болжауға болады.

Оның үстіне бізде халық үй салса, жер алса өзеннің жағасында болғанын қалайды. Ал бұған норма бойынша жол берілмеуі керек. Су қорғау белдеуі мен су қорғау аймағы бар. Судың деңгейі өзгеріп тұратын осы аймақта ешқашан құрылыс салынбауы керек. Үй, ғимараттар мүлде болмауы шарт. Тек демалатын орындарға ғана рұқсат беріледі. Себебі табиғат солай жаратылған. Қар жауады, кейін еріп, өз ізімен арна, сай, жылғақпен ағып кетеді. Ал біз сол жаратылысқа қарсы ағыстардың үстіне үй, ғимарат салып бітеп тастадық. Соңында су қайда ағады, әрине үйді басады”, – деп түсіндірді ол.

“Су мекемелерін “керек емес” деп жауып тастады”

Нариман Қыпшақбаев мұндай қиын жағдайға қалуымызға ауыл, аудандардағы су мекемелерінің жабылуының да әсері тигенін тілге тиек етті.

“Кейінгі 20 жылда “бәрін Астанада отырып-ақ басқарамыз” деген оймен биліктегілер облыстық, аудандық су мекемелерінің жұмысын тоқтатты. Салдарынан ақыл айтып, шара қолданатын мамандар қалмады. Бүгінде атқамінерлер аттың үстінде отырып қана бұйрық береді. Меніңше, шындыққа тура қарайтын уақыт келді. 

Су мәселесі енді жылдан-жылға күрделенеді. Сұраныс та жылдан-жылға өсе бермек. Бұл заңды. Су ресурсы өспейді. Өзендер қалай жаратылды, сол қалпында қалады. Судың мөлшері, көлемі тұрақты дегеннің өзінде оған сұраныс көбейе береді. Қазірдің өзінде мамандар жетпей жатқанда, ертең 50-жылдан соң тіпті 10 жылдан соң не болмақ? Осы мәселені ойлайтын ғылыми мекемелер болуы керек қой! Бұл жағын министрлік шешуі шарт”, – деп қосты маман. 

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген гидротехнигі осы салада 23 жыл ұстаздық еткен. Алайда қазір елімізде су мамандарын оқытатын жер жоқтың қасы екеніне күйінеді екен.

“Бұл мамандық келешекте еліміз үшін өте қажет. Су мамандары бұған дейін Сәтбаев атындағы техникалық университет пен Аграрлық университетте дайындалды. Алайда кейін Сәтбаев атындағы техникалық университеттегі Су факультетін “қажеті жоқ” деп жауып тастады. Сонда жалғыз Аграрлық университет қалды. Енді естіп отырмын, биыл су мамандарын дайындайтын факультетке емтихан тәртібі өзгергендіктен бірде-бір бала оқуға түспеген. Өскеменде, Ақтөбеде Су факультеті бар дейді. Алайда оқытып жатқан ұстаздардың қатарында бір сушы маман жоқ екен. Демек олар білікті студенттерді дайындап жатқан жоқ деген сөз. Осы мәселеге назар аударуымыз керек”, – деді Нариман Қыпшақбаев. 

Фото pixabay.com

КСРО кезінде су тасқыны болды ма?

Гидротехник дәл қазіргідей қарқын алған су тасқыны 1968-69 жылдары орын алғанын еске алды. 

“Мұндай жағдай бұрындары болмады деп айта алмаймын, болды. Сол кезде Қазақстанның барлық малы қырылып қалған еді. Менің Семейде жұмыс істеп жүрген кезім. Ол жақта қар қалың болды. Ертістен су келіп, шапқылап жүріп, Семей қаласын әрең дегенде сақтап қалдық. Қызылорданың маңына қаншама дамбы салдық. Ол кезде Шардара су қоймасы болмаған. Шардара салынғалы көп мәселе шешілді. Біздің қазіргі жағдайда сондай қорғаныс керек”, – деп қосты ол.

Су маманы Есіл, Тобыл, Торғай, Ырғыз сияқты жазық даладағы өзендерде қатарынан үш-төрт жыл су көп келсе, кейін керісінше үш-төрт жыл су азайып, құрғақшылық орын алуы мүмкін екенін алға тартты.

Су тасқынынының қалай алдын алу керек?

“Болары болды, енді дәл қазір осы факттерді міндетті түрде түртіп алу керек. Су қандай жағдайда басты, қайдан келді, қанша келді, деңгейі қанша, қай жаққа ағызылды бәрін жинақтау маңызды. Сол арқылы инженерлер жоба жасауы шарт. Сонда келесі жылы өзеннің жағасына дамбы салып, ауыл маңындағы арықтарды кеңейту жұмыстары жасалады. Осылай қардың суын тікелей өзенге ағызуға болады. Дегенмен мұны мамандар сараптап отыруы керек. Әр жылғы ақпаратты жазып алдын ала болжай білуі тиіс. Мысалы су қоймасын саламыз. Оны не үшін пайдаланамыз? Үш жыл Есілдің бойында су болмай қалса, халық қалай күн көреді? Демек сол қоймаларымызды су көп жылдары толтырып алуымыз керек. Бірақ жылда оны жаймен ағызып жіберіп, жаңартып отыруымыз қажет. Әсіресе тасқын болатыны болжанса, қойманы алдын ала босатып дайындау керек. Ол үшін күнделікті болжам мен ғылыми негіз маңызды. Сонда зардап шегу жағдайлары азаяды”, – деп түсіндірді маман.

Фото pixabay.com

“Суды көрші елдермен бөлісу үшін байланыста болуымыз керек”

Нариман Қыпшақбаев 1990 жылдары министр болған тұсында су мамандарының бақылау жұмыстары мықты болғанын жасырмады. Айтуынша ол кездері Шымкентте Орталық Азияның бес министрі кездесіп, Сырдария өзенін бөлісу бойынша комиссия да құрылған.

“Кеңес үкіметі құлай сала екі айдан кейін осы комиссияны құрғанбыз. Қазақстаннан мен қол қойдым. Сырдарияның бойында қырғыздың, тәжіктің, өзбектердің және қазақтардың су қоймалары бар. Сол тәртіп бойынша қоймада қанша су бар, қанша су келеді, бәрін есептеп әр мемлекеттің су үлесін анықтайтынбыз. Оның да өз тәртібі бар. Сол су үлесіне сәйкес  90-92 жылдары Ресей, Орталық Азия, Өзбекстан, Қырғызстан тіпті қытайлармен де келістік. Біз өзеннің ортақ екенін мойындадық. Кейін әрқайсымыздың үлесіміз осылай деп келісіп алдық. Сол бойынша тасқын болғанда немесе су азайғанда бірінші елдер бір-біріне хабар беріп отыратын. Мәселен ертіс өзенін алып қарасақ, басында қытайлар, ортасында біз, төменгі жағында ресейліктер отыр. Біздің аймақта Бұқтырма, Өскемен, Шүлбі деген үш су қоймасы бар. Енді бізде су көбейіп тасқын болатындай жағдайда ресейде керісінше аз болуы мүмкін, сол кезде біз олармен келісіп, суды жіберетінбіз. Трансшекаралық келісімде әр ел байланыса отырып шешуі керек”, – деп түсіндірді гидротехник. 

Нариман Қыпшақбаев осы тәсілді қайта жандандыру қажет екенін қазіргі министрлікке ұсынып келе жатқанын да алға тартты.

“Сырдария, Ойыл өзені, су басып жатқан Торғай, Ырғыз, Жайық өзендері бар. Осының бәрін бақылау керек. Көрші мемлекеттермен байланысып, ең биік деңгей оларда қанша болды, қаншаға түсті, көбейді ме, азайды ма, соны біліп әр секунд сайын бақылап отыру маңызды. Бізге қазір дәл осы тәсіл жетіспей тұр. 

Екінші мәселе бөгет пен су қоймалар тез уақытында ашылатындай, тез уақытында жабылатындай, майланған, дұрыс жұмыс істейтіндей болуы шарт”, – деп түсіндірді маман.

“Алматы өте қауіпті аймақ, бұл аймаққа үй салуға болмайды”

Нариман Қыпшақбаев су тасқыны жағдайында үлкен қала Алматының да өте қауіпті орында тұрғанын жеткізді.  

“Алматы тау бөктерінде орналасқандықтан кішкене судың өзі қатты қарқынмен ағады. Сондықтан тіпті тізеге жетпейтін судың өзі адамды құлатып жіберуі мүмкін. Сондықтан қауіпті аймаққа үй сала берудің қажеті жоқ. Мәселен Кіші Алматы өзенінде судың бетінде екі үй салыныпты. Біреуі арғы, екіншісі бергі бетінде. Ал олардың қақ ортасында судың бетінде әжетхана орналасқан. Міне ойланбағандары соншалық осылай жасап қойған. Төменгі жақта тұрғындар сол өзеннен су ішіп отыр ғой. Қандай заңдылықпен жасап жатыр? Меніңше, тәртіп пен заң бойынша жүрсе бәрінен сақтанар едік. Қауіптің бәрі осыдан басталады. Сондықтан судың тазалығы, қауіпсіздігі сақталу үшін өзеннің жағасына жақындамау керек. Табиғаттың заңын ескеріп, бағыну керек. Сонда еш қиындық болмайды”, – деп қорытты маман.

Талқылау