Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Халық санының 20 миллионға жетуі, қызылшаның өршуі, ArcelorMittal-дың кетуі: 2023 жылдың қорытындысы

2023 жыл еліміз үшін де әлем үшін де елеулі оқиғаларға толы болды. Депутаттар мен әкімдер сайлауы өтіп, зорлық зомбылыққа қарсы заңда толықтырулар енгізілді, халық саны 20 миллионға жетті. Елімізде биыл қандай маңызды оқиғалар болды, олар қоғам өміріне қалай әсер етті? Stan.kz тілшісі жылды қорытындылап, басты оқиғаларға шолу жасады. 

Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті

2023 жылы елімізде халық саны 20 миллионға жетті. Бұл жаңалықты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қуана жеткізді. 

Ал Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны атанған 5 балаға 2 миллион теңгеден берілген болатын.  

20 миллионыншы тұрғындар 14 қараша күні таңертең 08:10-да дүниеге келген Атырау, Ақмола, Түркістан, Ұлытау және Жетісу облыстарында дүниеге келген 5 нәресте екені белгілі болды.

Олар:  

  • Жетісу облысынан Сәбденбайлар отбасының төртінші ұлы Айсұлтан;
  • Ақмолалық Айдос Есеновтің отбасында дүниеге келген Ясина есімді қыз;
  • Ұлытау облысынан дүниеге келген 20 миллионыншы қазақстандық –  Томирис Сұңғатқызы;
  • Атырау облысынан  Берік Жұмағазиев пен Айдана Оразымбетованың сәбилері Мухаммад Қосай;
  • Түркістан облысы, Жетісай ауданында Шакеновтер отбасында дүниеге келген Әлімхан.

Елімізде алғаш рет аудан мен облыстық маңызы бар қалаларда әкімдер сайлауы өтті

Биыл елімізде аудан мен облыстық маңызы бар қалаларда алғаш рет әкімдер сайлауы өтті

Орталық сайлау комиссиясы облыстардың мәслихаттары осы сайлауды өткізу үшін 42 аудан мен үш облыстық маңызы бар қаланың тізбесін бекіткенін мәлімдеді. Нәтижесінде 1 553 сайлау комиссиясы: 17 облыстық, 3 қалалық, 42 аудандық және 1 491 учаскелік сайлау комиссиясы жұмылдырылды. 

Сайлау бюллетеньдеріне 125 кандидат енгізілді. Саяси бәсекеге қатысып, таңдауын жасағандар саны 63%-ға жуықтады. Ал сайланған әкімдердің орташа жасы 46 жас болды.

Мәжіліс және сенат депутаттарының сайлауы

Биыл мәжіліс депутаттарының құрамы өзгерді. 19 наурызда өткен сайлауда халық дауысының 5 пайызынан көбін Amanat партиясы жинады. Осылайша, 40 партия мүшесінің тізімі жарияланды. Бұл тізімде Мақсат Толықбай, Нартай Аралбайұлы, Айдос Сарым, Ерлан Қошанов, Ринат Заитов, Мұрат Әбенов, Асхат Аймағамбетов тағы басқа азаматтар болды.

Одан бөлек, сайлауда "Қазақстан халық партиясынан" – 5, "Ақ жол" партиясынан – 6, Respublika партиясынан – 6, "Ауыл" партиясынан – 8, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан 4 депутат сайланды

Ал бір мандатты округтер бойынша мәжіліс құрамына 29 депутат енді. Оларға Ермұрат Бәпи, Бақытжан Базарбек, Дәулет Мұқаев, Ардақ Назаров, Абзал Құспан, Еділ Жаңбыршин тағы басқа  азаматтар кірді.  

Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза күшейтілді

Биыл 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне түзетулер заңды күшіне енді.

Енді әйел отбасылық жанжал бойынша қоңырау шалса, оның айғақтарына сүйене отырып, құқық бұзушыға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық істері бойынша арнайы шаралары қабылданатын болады (ӘҚБтК 785-бабы). Яғни барлық айғақтар қаралып тексеріледі, бөлімшеге жеткізіліп, әкімшілік ұстау, медициналық куәландыру және тағы басқа шаралар қабылданады.

Өзгерістерге сай, сотта құқық бұзушының жәбірленушімен татуласу мүмкіндігі бар. Бірақ соңғы өзгертулер бойынша екі тарап тек бір рет татуласа алады. Яғни отбасылық жанжал шығарды делінген адам бірінші рет сотта жәбірленушімен татуласса, бұл әрекеттері келесі қайталанғанда оларды татуластыруға соттың заң бойынша құқығы жоқ. Отбасылық жанжал үшін агрессорға ескерту жасалады немесе 5 тәулікке қамауға алынады.

Қайта жасалған жағдайда – 10 тәулік қамауға алу, ұрып-соғу фактісі үшін – 10 тәулік қамауға алу, қайталанса – 20 тәулікке қамау көзделген. Денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін – 15 тәулік, ал қайталанса 25 тәулікке қамау жазасы бар. 

"Активтерді мемлекетке қайтару туралы" заңға қол қойылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы" заңға қол қойды.

Құжаттың мақсаты – заңсыз алынған мүлікті мемлекет меншігіне қайтарып, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру. Қайтарылатын активтерді қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға және осы процесте ашықтық пен тиімділікке қол жеткізуге бағытталған әлеуметтік-экономикалық жобаларды қаржыландыруға пайдаланылмақ.

Бас прокуратураның құрылымында осы саладағы уәкілетті органның функцияларын жүзеге асыратын, заңсыз алынған активтерді қайтару жөніндегі жеке департамент құру жоспарланды.

Бұл заң жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын немесе сондай лауазымда болған тұлғаларға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, сондай-ақ осы субъектілермен үлестес адамдарға қолданылады.

Көрсетілген критерийлерден басқа, заң нормаларын қолдану үшін тұлғалардың жиынтықта активтері – 13 миллион АЕК (44 миллиард 850 миллион теңге немесе шамамен 100 миллион АҚШ доллары) болуы шарт.

Активтерді қайтару туралы жұмысты арнайы құрылған органдар атқаратыны да айтылды. 



Түркістан қаласында екінші “Ұлттық құрылтай” ұйымдастырылды

Президент жанынан құрылған Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы биыл Түркістан қаласында ұйымдастырылды. Мұнда парламент депутаттары, қоғамдық кеңестер мүшелері мен БАҚ басшылары және сарапшылар қатысып, екі күн бойы өзекті мәселелерді талқылады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев “Ясауитану" ғылыми орталығы немесе институты құрылуы мүмкін екендігін жеткізді.

Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим іске қосылды

10 қарашадан бастап Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим жұмыс істей бастады. Соның есебінен Қазақстан мен Қытай азаматтарына елге кіру үшін визаны алдын ала ресімдемей-ақ саяхаттауға мүмкіндік ашылды.

Визасыз режимде 6 ай ішінде қазақстандықтар Қытайда барлығы 90 күн жүре алады. Яғни бір барғанда бірден толық 90 күн емес, ең көп дегенде 30 күн жүре алады. Солай 90 күнді бөліп белгілі бір мерзім ішінде бұл елге кіріп-шығуға мүмкіндік қарастырылды.

Дегенмен Қытай мен Қазақстан арасында визасыз режим іске қосылады деген сәттен бастап бұл тақырып қоғамда қызу талқыға түсті. Дегенмен депутаттар бұл келісімнің біздің елдегі туризмнің дамуына орасан зор үлесін қосатынына сендірді. 

Назарбаев атақтарынан айырылды

Биыл экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше атағы мен өкілеттілігінен айрылды. Атап айтқанда:

  • Экс-президент "Елбасы" мәртебесінен және отбасы үшін барлық артықшылықтар мен қорғаулардан айырылды. 
  • Астанада Назарбаев кітапханасының орнына жаңа орталық ашылды. Кітапхана базасында президенттік орталық құрылды. 
  • Қасым-Жомарт Тоқаев "Самұрық-Қазына" қорындағы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық ететін басқарманы таратып жіберді.
  • Назарбаевқа берілген "Құрметті сенатор" атағы сенат регламентінен алынып тасталды.
  • Елбасы атындағы ұлттық қорғаныс университетінің атауы өзгерді.
  • Сот Нұрсұлтан Назарбаев қорын “КТК” АҚ акцияларының бір бөлігінен айырды.
  • Астанада Назарбаев кітапханасының орнына жаңа орталық ашылды. Кітапхана базасында президенттік орталық құрылды. 

Назарбаев "Менің өмірім” атты кітап шығарып, екінші әйелі және

 балалары барын ресми түрде мәлімдеді

Биыл экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа" атты естелік туындысы жарыққа шықты

Мұнда Нұрсұлтан Назарбаев өзінің өмір жолымен қатар, еліміздің қалыптасуы және даму кезеңдері туралы естеліктерімен бөлісті. Аса маңызды саяси оқиғалар, ауқымды экономикалық жаңғырулар, күрделі халықаралық келіссөздер, ел басқарған кезде қабылдаған стратегиялық шешімдер туралы баяндады. Қаңтар оқиғасына қатысты пайымдаулар мен жеке сырын ағынан жарылып айтуы тұңғыш президенттің бұл кітабының салмағын арттыра түсті. 

Нұрсұлтан Назарбаев кітабында Әселді кездестіріп, көңіл жарастырғанын жасырмайды. Осы тұста арудың бойындағы бірнеше қасиеттерге тамсанып, ғашық болған екен. Ол осылайша психикалық тұрғыдан жалғыздықтан құтылғанын айтады.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Әсел (Исабаева – ред.) мұсылмандық әдет-ғұрып бойынша үйленген. Кейін дүниеге 2005 жылы Тауман мен 2008 жылы Бәйкен деген екі ұлы келеді. Осылайша, экс-президент 65 жасында қайта әкелік бақытты сезінеді.

Назарбаев Тауман туғаннан кейін Алматыға келіп, Сара Алпысқызынан кешірім сұрап, барлығын баяндап бергенін айтады. Ал бірінші жұбайы оны түсініп, кешірген екен. 

 Арселор Миттал

46 кеншінің өлімінен соң ArcelorMittalTemirtau инвесторы елден кетті

Биыл Қазақстандағы ArcelorMittalTemirtau нысандарын басқарған Үнді инвесторы Лакшми Миттал өндірістегі көптеген қайғылы оқиғалардан кейін елден кетті. Оның инвестор ретінде елден кетуіне 28 қазанда Костенко атындағы шахтада болған жарылыс басты себеп. Мұнда 50-ге жуық кенші қаза тапқан еді.

Кейін өндірістің жаңа инвесторы қазақстандық Qazaqstan Steel Group (QSG) компаниясы болды. “Qazaqstan Steel Group” мәміле шарттары бойынша ArcelorMittalTemirtau активтерін 286 миллионға сатып алды. Сондай-ақ жыл сайынғы төрт тең жарнамен төленетін 450 млн мөлшерінде кепілді кейінге қалдырылған төлемдерді жүзеге асыратын болды. 

Осылайша ArcelorMittalTemirtau кәсіпорнының атауы QARMET деп өзгертілді. Компания акционері – қазақстандық кәсіпкер Андрей Лаврентьев.

Қызылша ауруының өршуі

Жылдың екінші жартысында балалар арасында қызылша ауруы өршіді. Тіпті ЮНИСЕФ қорының мәліметтері бойынша Қазақстан қызылшаның таралуы бойынша әлем елдерінің арасында бірінші орында тұрғаны айтылған. 

Соңғы мәліметтер бойынша, елде қызылша жұқтырғандар саны 20 мың 200 адамға дейін өсті. Науқастардың арасында вакцинацияланбаған балалардың үлесі жоғары.

ЮНИСЕФ қорының мәліметтері бойынша Қазақстан қызылшаның таралуы бойынша әлем елдерінің арасында бірінші орында. 

Бұл аурудың балалар арасында өршуінің бірден-бір себебі ата-аналардың вакцина салдыруға қарсылығы болып отыр. Осы тұста денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қызылшаға қарсы вакцинаның қауіпсіз екенін дәлелдеу үшін немерелерін емханаға өзі апарып, ауруға қарсы екпе салдырғанын айтты. 

Елімізде қылшадан екі бала көз жұмды.

пинта

“Қазақ тілінде ән қоспаймыз”: Мейрамхана мен радио басшысының даулы сөзі

Биыл қоғам наразылығын тудырған дау-жанжалдар да орын алды. Солардың бірі "Пинта" мейрамханалар желісі мен "Бизнес FM" радиостанциясының бас директоры Рүстем Мақсұтовтың қазақ әндеріне байланысты айтқан пікіріне қатысты болды.

"Пинта" мейрамханалар желісі "мекеменің концепциясы" деп келушілерге мұнда тек ағылшынша және орысша әндер орындалатынын жеткізген. Плей-листте қазақша әндердің болмайтынын да желіде де ашық айтқан. Бұл қазақстандықтардың шамына тиіп наразылығын тудырды. Кей желі қолданушылары "Пинта" мейрамханалар желісіне "бойкот" жариялауды ұсынды. 

Әлеуметтік желідегі сыннан кейін мейрамханалар желісі ресми пікір білдіріп, мекеменің "ҚР-дағы тiл туралы" заңды сақтайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар ойын-сауық бағдарламалары екі тілде – орыс және қазақ тілдерінде жүретінін айтты. 

Ал "Масс-медиа туралы" заң жобасын талқылау отырысында "Бизнес FM" радиостанциясының бас директоры Рүстем Мақсұтов қазақ әндерінің радиостанция форматына сәйкес келмейтінін айтты. Көпшілік бас директордың бұл сөздерін қазақ әндерін тыңдайтын тыңдармандарды талғамсыз санайды деп қабылдаған. Директордың өзі де қазақша әндер туралы айтқандары көпшіліктің көңіліне тиіп кеткенін мойындады. Дегенмен ол таралған бейнежазбада өзінің “қазақша әндерді жақсы көрмеймін” деп айтпағанын алға тартады.

Осы оқиғадан соң радиостанция директоры жұртшылық тарапынан да өнер жұлдыздарының да оңбай сынына қалды. Қоғам белсенділері мен тіл жанашырлары да Рүстем Мақсұтовтың бұл сөзіне ашуланды. 

Талқылау