"Тегін оқу мен мүмкіндігі мол Tech Orda": Семейлік азамат вахталық жұмысын IT саласына қалай ауыстырғанын айтып берді
Елімізде IT саласы транформациядан өтіп жатыр, осыған сай жаңа мүмкіндіктер де ашылуда. Тіпті қазір кез келген адам мамандығын ауыстырып, жаңа салада өз қабілетін сынап көре алады. Осы тұста көпке тегін білім беріп, отандық үздік компанияларда қызметке тұруға бастамашы болып жүрген Tech Orda бағдарламасын ерекше атап өткен жөн. Бағдарламаның қатысушысы – семейлік 29 жастағы Жандос Сапарғазы бағдарламаға қатысу арқылы өмірін жаңа бағытқа бұрды. Осылайша бүгінде ол вахталық жұмысын ірі банктегі қызмет орнына алмастырған. Stan.kz тілшісі Жандостан Tech Orda-ның өзіне қандай мүмкіндіктер ашқаны, еліміздегі IT саласының қарқыны жайлы тілдесіп, алдағы болашағын қалай елестететінін сұрады.
Tech Orda – Қазақстанның жекеменшік мектептерінде IT мамандарын даярлауға бағытталған ҚР ЦДИАӨМ мен Astana Hub-тың біріккен қаржыландыру бағдарламасы. Әрбір студентке 600 000 теңгеге дейін грант беріледі.
– Жандос мырза, өзіңізді таныстыра кетсеңіз. Қай жерде білім алдыңыз, негізгі таңдаған мамандығыңыз қандай?
– Семейде туып-өстім. Мектепті бітірген соң, Мәскеу гештальт институтында геология факультетіне оқуға түстім. Бұл мамандықты өзім таңдаған едім. Ал геологияны игерген соң, еліміздің түрлі аймақтарында жұмыс істедім. Мәселен, "Қазгеология" компаниясында Ақтөбе облысындағы шалғайдағы ауылда, Риддер қаласындағы "Қазцинк" мердігерлік ұйымында қызмет еттім. Өз мамандығыммен жұмыс істеген кезде де түрлі қиындықтар болды. Жұмыс режиміміз вахталық түрде есептелгендіктен, далада, алыс ауылдық жерде, алаң алқаптарда үш айлап жүретінбіз. Саламның мұндай тұстарынан моральды тұрғыдан жаситынмын. Кейін өмір бойы вахталық режимде бұлай жүргім келмейтінін түсіндім. Жұмысым тыныш, ешқандай көшіп- қонусыз, мүмкіндіктері көп ірі қалада, тұрақты жерде болса ғой деген армандар пайда болды. Себебі бұған дейін алыс аймақтарда жүрді және елді мекендер мен өзге аймақтарға шыға беруден кейде шаршағанымды жасырмаймын.
– Ал IT саласына қызығушылығыңыз қай кезден басталды? Tech Orda туралы қайдан естідіңіз?
– Карантин кезінде осы салаға назарым ауып, қызығушылығым пайда болды. Google компаниясында жұмыс істейтін досым бар еді. Ол осы саланың басы-қасында жүргендіктен, ойын сұрап мамандығымды ауыстырғым келетінін жеткіздім. Досым егер ниет пен ынта болса, бұл саланың мүмкіндікке толы екенін айтты. Сөйтіп алдымен ғаламтордан IT бағытын үйрететін түрлі платформаларды іздеп, өз бетіммен қарайтынмын. Python және SQL бағдарламалау тілдерін қарқынды түрде зерттей бастадым. Бір күні вахталық ауысымда жүрген кезімде ютуб арнасынан IT саласын үйрететін курстар туралы жарнамаға тап болдым. Кейін Astana Hub-тың парақшасына жазылып алдым. Бір күні дәл осы парақшада Tech Orda туралы ақпарат шықты. Жай таныстырылымын көргеннен-ақ осындай бағдарлама арқылы мен де білім ала алатынымды бірден түсіндім. Жаңа өмірдің бастамасын сезгендей болдым.
– Өзіңіз білім алған Tech Orda-ның артықшылықтары қандай?
– Мұнда тегін оқу мүмкіндігі бар. Саған ешқандай артық мінддетемелер жүктемейді. Қатал талаптары да жоқ. Ең кереметі жігерлендіріп, жаңа ортада өзіңді сынап көруге сенімділік сыйлайды. Мұнда тап болу да қиын емес. Тек түрлі білім беретін мектептер өздерінің талаптарына қарай емтихандар жасауы мүмкін. Кейін мотивациялық хат жазып, осы салада өзіңізді қалай көрсеткіңіз келетінін айтып берсеңіз болғаны.
Мен Tech Orda-да ғылыми ақпараттар бағытында жарты жылдай білім алдым. Мұнда келгенде өмірімде өзгеше жаңашылдықтар орын алды. Мәселен, түрлі бастамалары мен стартабы бар адамдармен таныстым. Осы стартаптар арқылы шетелге шығуға болатынын ұқтым. Кейін табыс табудың да өзіндік жолдарын үйрендім. Көптеген талантты жандармен танысып, олардың ел үшін қандай бастамалар дайындап жатқанын көрдім. Керемет шабыт алдым.
Қарап тұрсам, менімен бірге оқығандар да қазір түрлі жерде жақсы қызметтер атқарып жүр. Біреуі Air Astana-да болса, кейбірі банкте білікті маман. Tech Orda-дағы сабақтастарыммен әлі де араласып тұрамыз.
– Tech Orda бағдарламасында сабақтар қалай өтті? Сіз үшін қиын болған пәндер болды ма?
– Мұнда оқыту life форматында Zoom платформасында өтті. Барлығы жақсы, түсінікті түрде жүргізілді. Дәріс оқыған ұстаздар – осы саладағы білікті мамандар. Мәселен, кураторымыз Азаттың өз стартабы бар. Ол облыс аймақтардан қабілетті жастарды жинап, білікті мамандар дайындайды.
Ал маған қиын болған тұстарға келетін болсақ, негізі жоғарғы математика мен машиналық оқыту жағы күрделілеу болды. Дегенмен барымды салып оқыдым.
– Қазір қай жерде қызмет етіп жүрсіз?
– IT саласына келгеніме 2,5 жыл болды. Бұған дейін республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығында пайдаланушыларды қолдау жөніндегі жетекші маман ретінде қызмет атқардым. Қазір Kaspi Bank-те IT бағытында жұмыс істеймін. Әрине, Tech Orda-дан алған білімім көмектесіп жатады. Банктегі жұмысым кәсіби маман ретінде өсуіме жаңа серпін беруде. Өзім қалағандай үлкен компанияда қызмет етіп жүрмін. Өз күшіме сеніп, IT секторының жақсаруына үлкен үлес қосқым келеді. Мамандығымды алмастырғаныма өкінбеймін. Осы тұста біздің мүмкіндіктеріміз шексіз екеніне тағы көзің жетеді. Егер өзіңізге ұнамаған салада жүрсеңіз, қызыққан ортаға ауысуға әркез жол ашық болады екен.
– Еліміздегі IT саласының қарқыны қандай? Алдағы мақсаттарыңызды да айта кетсеңіз?
– Елімізде IT саласы жақсы дамуда. Бұрын мекемелерге барып, кезекте тұрып бітіретін көптеген жұмысты қазір кез келген жерден онлайн түрде жасауға мүмкіндік бар. Нақтырақ айтқанда, қажетті құжаттар үшін біз бұрынғыша жүгірмейміз.
IT саласын дамытуда да көптеген шара жүргізілуде. Тіпті Tech Orda-ның өзін алып қарасақ, маған алған білімім қатты ұнады. Жалпы жобаның идеясы керемет. Бұл елімізде IT саласын дамытуға арналған бағдарлама ғой. Сол арқылы алдағы уақытта білікті мамандар саны артады деп ойлаймын. Ал мамандар көбейген сайын еліміз де цифрлық жағынан дами түспек. Болашақта медицинаға немесе пайдалы қазбаларға арналған стартап ашып, мен де бір үлесімді қоссам деп армандаймын.
Айта кетейік, Tech Orda бағдарламасы – Қазақстанның 18 бен 45 жас аралығындағы барлық азаматтарына IT мамандықтарын игеруге бірегей мүмкіндік береді. 2023 жылы еліміздегі 83 IT мектептен 219 курс қолжетімді болды. Оқыту веб-әзірлеу, 3D дизайн, бағдарламалық қамтамасыз ету, мобильді қосымшаларды құру, сондай-ақ Big Data және Blockchain сияқты салаларды мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізіледі. Оқу ұзақтығы – 6 айдан 2 жылға дейін.
Tech Orda 2021 жылдан бастап Astana Hub базасында жұмыс істейді. Содан кейін пилоттық жоба Қазақстанның түкпір-түкпірінен 100 студентті қамтыды. Олардың әрқайсысына бағдарлама бойынша 600 000 теңгеден қаржылай қолдау көрсетілді. 2022 жылы Tech Orda бағдарламасы кеңейтіліп, 3000-нан астам қазақстандық тегін оқуға жолдама алды. Биыл да студенттер саны осындай шамада.