“Жаттығу жұмысқа кедергі емес": "Қазақмыс" қызметкерлерін спортта қолдайды
Спорт – денсаулық кепілі! Осы ұранды ұстанатын "Қазақмыс" компаниясы өз жұмысшыларының денсаулығына әрқашан мән береді. Олардың кез келген спорт түрімен еркін айналысуына қолдау жасайды. Қызметкерлердің айтуынша, компания тек шаралар ұйымдастырып қана қоймай, спорт пен жұмысты қатар алып жүру үшін үлкен мүмкіндіктер қарастырған. Нәтижесінде бұл салада керемет нәтижеге қол жеткізгендер де көбейген екен.
Компания жыл сайын денсаулықты жақсарту мақсатында қызметкерлер мен оның отбасын спорттық-сауықтыру орталықтарына жібереді. Атап айтқанда, қызметкерлер компания есебінен спорттық-сауықтыру орталықтарында футбол, волейбол, жүзумен айналыса алады.
Одан бөлек, қызметкерлердің балаларына да сауықтыру лагерлерлеріне жолдама беріліп, бассейн мен спорт секцияларына абонименттер ұсынылады. Ал кәсіпке байланысты ауырып қалған жұмысшылар холдинг ынтымақтасқан медициналық орталықтарда ем алады.
“Бұл менің сүйікті жұмысым”
Мәди Сейтқалиев осымен жетінші қатарынан жыл Жезқазған байыту комбинатының Шаңтұтқыш және аспирациялық жүйелерді орнату учаскесінде слесарь-жөндеуші болып еңбек етеді. Ол әріптестерімен күнделікті фабрика цехтарын аралап, қондырғылардың жағдайын бақылап, аспирация деп аталатын желдету процедурасын жүргізеді. Ал жұмыс күні біткен соң, ол өзінің хоббиіне айналған жерге асығады. 11 жасынан бастап каратэмен шұғылданған Мәди жаттықтырушы ретінде осы кәсіпті әлі де жалғастыруда. Бұл ретте ол жұмысты да, хоббиін де қатар алып жүр. 8 жылдық бапкерлік тәжірибесінде ол көптеген шәкірттер тәрбиелеген. Өз кезегінде оның шәкірттері халықаралық байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүр.
“Бізде 5 жастан 8 жасқа дейінгі кіші топ, 9 жастан бастап үлкендер тобы бар. Тіпті 18 жастан асқан жастар да бар. Олардың ішіне Еуразия чемпионы атанып үлгерген спортшылар да кіреді. Жастар арасында Әлихан Туқышев Петропавлда өткен халықаралық турнирде 1-орынға ие болды. Қазақстан чемпионы – Сүгірәлі Дидар, Қазақстан чемпионатының жүлдегері – Әбілханов Құдайберген және басқа да турнирлерде жақсы нәтиже көрсетіп жүрген жігіттермен мақтанамыз. Өзім жұмыстан кейін осында келемін. Барлық шаршағаным бірден басылады. Маған балалармен жұмыс істеген керемет әсер береді. Бұл – менің сүйікті жұмысым”,- деді Мәди.
Сейітқалиев жаттықтыратын "Сұңқар" клубы жыл сайынғы байқау қорытындысы бойынша 2-орынға ие болды.
Жезқазған қаласында спорт саласы жыл өткен сайын қарқынды дамып келеді. Бірақ әлі де жетілдіретін жерлер бар. Мәди алдағы уақытта спортты жандандыруды одан әрі қолға алмақ. Қазір ол үлкен және кіші екі залды жалға алып жұмыс істеуде. Алайда жігіт алдағы уақытта өзімің жеке залым болса дейді.
“Спортты жұмыспен қатар алып жүруге болады”
Қазақмыс қызметкерлерінің арасында тек каратэ ғана емес, басқа да жекпе-жек түрлерінің майталмандары бар. Холдинг пен оның еншілес ұйымдарының қызметкерлері арасында 2019 жылдан бастап жыл сайынғы қазақ күресінен "Қазақмыс Барысы" турнирі өткізіледі.
Сәтбаев қаласындағы Шахтапроходкалау тресінде жұмыс істейтін палуан Ислам Рахманқұлов осы турнирге белсенді қатысушы.
“Шахтаға жұмысқа орналасар алдында 10 жыл дзюдомен айналыстым. Қазір жаттығуды жалғастырып жатырмын. Сәтбаевтағы спорттық-сауықтыру орталығында басқа жігіттермен бірге жаттығамын, өз жаттықтырушым да бар. Негізінде, спортты еш қиындықсыз жұмыспен қатар алып жүруге болады”, – деді Ислам.
Ислам бірнеше жылдан бері "Қазақмыс Барысы" турнирінде жүлделі орындарды иеленіп келеді. Алайда, бұл оның жалғыз жетістігі емес. Рахманқұлов холдинг аясындағы спорттық іс-шаралардан бөлек, басқа да жарыстарға белсене қатысады. Дзюдодан спорт шебері, жауынгерлік самбодан Қазақстан чемпионатының жеңімпазы, халықаралық жарыстардың жүлдегері – Ислам бұл жетістіктерімен тоқтап қалмақ емес.
“Қазір спорт белсенді дамып келеді. Әсіресе жастар үшін түрлі секциялар ашылуда. Бұл салада жергілікті билік тарапынан жақсы қолдау бар. Спортты дамытуға “Қазақмыс” та үлкен көмек көрсетуде. Біз әдетте жұмыстан бос уақытымызда жаттығамыз. Бірақ оқу-жаттығу жиындары немесе жарыстар басталған кезде бізді жұмыстан жібереді. Биыл бұл спортзал жұмысшыларға арналып салынды. Бос уақытта кестеге сай ойнауға немесе жаттығуға болады. Жабдық жаңа, бәрі керемет”, – деді Ислам.
Қызметкерлер үшін футболдың маңызы
“Қазақмыс” қызметкерлері үшін футболдың да маңызы зор. Бұған дәлел мұнда футболшылар саны тіпті бір цехтан бірнеше команда жинауға мүмкіндік береді. Холдинг футбол мен футзалдан ішкі чемпионаттар мен турнирлерді белсенді түрде өткізеді.
Мейіржан футболмен бала кезінде "Қазақмыс" футбол академиясында айналысқан. Сәйкесінше, компания туралы да алғаш осы жерде танысқан. Дегенмен, уақыт өте келе басқа қалаға оқуға түскеннен кейін спортты тастауға тура келген екен.
Кейін Жезқазғанға оралған соң Мейіржан өңдеу зауытына жұмысқа орналасып, футбол жаттығуларын қайта бастады. Әзірге команда тек әуесқойлық деңгейде өнер көрсетуде.
“Жаттығу жұмыс процесіне кедергі емес. Кесте жұмысты да, футболды да біріктіруге мүмкіндік береді. Клубтың қолдауы мен көмегі үшін ең алдымен Қазақмыс пен кәсіподақ ұйымына, сондай-ақ жанкүйерлеріге алғыс айтамыз.
Біздің байыту комбинатының ұжымы "Қазақмыс" компаниялар тобы арасында ғана емес, облыс деңгейінде де барлық жарыстар мен чемпионаттарға қатысады. Мысалы, наурыз айында өткен чемпионатта Қазақмыстың барлық командалары арасында бірінші орынды иелендік. Менің сол турнирдегі жеке жетістігім ең үздік ойыншыға берілетін марапат болды. Біз Ұлытау және Қарағанды облыстарындағы футбол лигаларына белсенді қатысушылардың біріміз. Қалалық жарыстарда да үнемі бірінші орын аламыз”, – деді Ислам.
Ұлытау өңірінің тұрғындары үшін футбол ерекше маңызға ие. Оған дәлел "Ұлытау" ФК бұрынғы "Еңбек" клубының негізінде құрылып, қазір Қазақстанның Екінші лигасында сәтті өнер көрсетуде. "Ұлытау облысы" футбол қауымдастығының басшысы Ғалым Нұржанов бұл спорт түрінде жағдайдың жасалуы өте маңызды екенін айтады.
“2022 жылдың желтоқсан айында облыс әкімдігі мен Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) арасында аймақтағы футболды қолдау және дамыту туралы меморандумға қол қойылды. ҚФФ президенті Әділет Бәрменқұлов біздің бастамамызды қолдап, Ұлытау өңірінде спорттың жаппай дамуына мүдделілік танытты”, – деді Ғалым Нұржанов.
"Қазақмыс" саланы қаржыландыруға көмек көрсетеді
Спорт сүйер қауым Жезқазғанда ғана емес, Балқашта да жеткілікті. Балқаш мыс балқыту зауытында тіпті шетелге танылған Алексей Федяев жұмыс істейді. Федяев 15 жылдан астам уақыт пауэрлифтингпен айналысып, Қазақстанда және шетелде көптеген марапаттарға ие болды. Холдинг басшылығы спортшыны белсенді түрде қолдап, жарысқа дайындалуға көмектеседі.
"Қазақстан аумағында, азиялық және еуропалық деңгейде жарыстарға қатысып, Оңтүстік, Орталық Америкада, Еуропада, Ресейде және Украинада бірінші және жүлделі орындарға ие болдым. Сонымен қатар спортзалда шәкірттерін дайындап, цех қызметкерлерін спортқа баулимын", – дейді Балқаш мыс балқыту зауытының балқытушысы Алексей Федяев.
Федяев әлі күнге дейін ауыр атлетика іс-шараларына қатысады. Ол қазір жарысқа жалғыз емес, барлық аймақтардан холдинг қызметкерлерін жинап, өз командасымен барады. Алексей күнделікті жаттығулар мен жарыстарға жұмыс арасында және жұмыстан кейін де үлгеретінін жеткізді. Айтуынша, қазір командада 5 адам бар.
Одан бөлек, Балқаш мыс зауытында халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері, озаттарының бірі, метзауытта 24 жыл бойы еңбек еткен Орденбек Қуанышбеков қызмет етеді.
"Жұмыс, әрине, физикалық тұрғыдан қиын. Сондықтан бос уақытымда өзімді сергек ұстау үшін спортпен шұғылданамын. 2015 жылға дейін мен қол күресіне, армрестлингке қызығатынмын. Әуесқойлық деңгейде дайындалдым, кейбір мерекелерде жарысқа қатыстым. Ал 2015 жылдан бастап спортпен кәсіби шұғылдана бастадым. 2019 жылы облыстық деңгейден өтіп, Қазақстан чемпионатына шығып, Азия және әлем чемпионаттарына жолдама жеңіп алдым", –дейді Орденбек Қуанышбеков.
Бүгінде оның жетекшілігімен әріптестері ғана емес, армрестлингке қызығушылық танытатын қала тұрғындары да жаттығады. Спортшы аптасына 3-4 жаттығу өткізеді.
"Бұл спортта мінез маңызды. Адамның денесінен барлық күш қолға жиналады, күш жұдырықта дейді ғой. Бізде жұмыс қиын, сондықтан спортпен шұғылдану керек. Егер сіз жұмыс істесеңіз, жалқау болмасаңыз, онда бәріне қол жеткізуге оңай болады деп сенемін", – деп қосты ол.
Корпоративтік мәдениетте спорттың маңыздылығы жылдан жылға артып келеді. Мұндай іс-шаралар командалық демалысқа айналып, ұжым біртұтас болып, корпоративті рух артады.
"Қазақмыс" осы салаға көп көңіл бөледі. Холдинг әр түрлі спорттық іс-шараларды ұйымдастырып, әр қызметкер мен аймақ тұрғыны өзіне ұнайтынын таңдай алады. "Қазақмыс" компаниялар тобының кәсіпорындарында қызметкерлердің денсаулығын нығайту үшін барлық жағдайлар жасалған. Спорттың маңыздылығын түсіне отырып, холдинг мекемелерді қаржыландыруға көмек көрсетеді. Жоспарлар қатарында Ұлытау футбол клубы ғана емес, паралимпиадалық спортты дамыту, стендтік атудан Әлем кубогын ұйымдастыру және жаңа спорт ғимараттарын салу қарастырылған.