Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат Тұрлыхановтың ұлынан таяқ жеген қыз полицияға шағымданбаған

Алматы полициясы Дәулет Тұрлыхановтың ұлымен болған оқиғаға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Айта кетсек, бұған дейін әлеуметтік желіде жігіт пен қыздың арасындағы жанжалға байланысты видео тарады. Видео авторы бұл оқиға Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ортаншы ұлына қатысты екенін айтқан болатын. 

Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, жанжалға себепкерлер анықталған. 

“Алматы полиция департаменті бұл факт бойынша ішкі істер органдарына өтініш түспегенін хабарлайды. Дегенмен, оқиғаның қатысушылары анықталды. Жәбірленуші полицияға арызданудан бас тартып, оқиға сол күні аяқталғанын және ешкімге шағымы жоқ екенін хабарлады", - деді Алматы ПД баспасөз қызметі.

Сондай-ақ Дәулет Тұрлыханов бүгін әлеуметтік желіде тараған ұлына қатысты видеоға түсініктеме берген болатын.

"Мұндай оқиға менің отбасымның айналасында бірінші рет болып отырған жоқ. Оның қайталануы мені ойландырып қойды. Балаларыма қазақы толық тәрбие бердім. Бүгінгі видеоға қатысты менің де қоятын бір сұрағым бар. Таңғы сағат 4-те мұндай қыздар ұлым тұратын үйге келіп, осындай оқиғаға не себепті бастамашы болатыны түсініксіз. Оның үстіне бұл жағдай аяқ астынан камераға түсіп қалып, белгілі бір адамдарға пайдалы үзінділерінің тарауы менің ғана емес, кез келген адамның көңіліне күмән ұялатады", - деп жазды депутат желідегі парақшасында.

Дәулет Тұрлыханов бұл жағдай өзінің отбасына соңғы жылдары жасалған кезекті ақпараттық шабуыл деп ойлайтынын атап өтті.

"Видеода менің баламның бұл жанжалдан барынша қашқақтауға әрекет жасағаны анық көрінеді. Сіздерге түсінікті болу үшін видеоның толық нұсқасын жолдап отырмын. Осы болған жағдайды дұрыс түсінулеріңізді сұраймын", - деп түйіндеді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Нұрасыл Болат Алматы қаласында заңгер Анна Дмитриевич пен оның күйеуі Олег Черновты соққыға жыққан болатын. Кейіннен Алматы соты "Н" есімді азаматтың әскери бөлім бастығының бұйрығына бағынбағаны және орындамағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылғанын хабарлады.

 

Талқылау