Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тері ауруы, өкпе қабынуы, аллергия тудырады: Қазақстандық маман қандай мектеп формасы балаға зиян болатынын айтты

Бірнеше күннен соң қазақстандық мектеп оқушылары жаңа оқу жылына аяқ басады. Олардың көпшілігінің жоғарыдан бекітілген талапқа сай киім үлгілерін алуға мүмкіндігі бола бермейді. Әдетте мектеп формасын таңдаудағы қарбаласта көпшіліктің арзан бағаға назар аударатыны анық. Құрамы белгісіз, арзан бағадағы киім оқушы денсаулығына қаншалықты зиян келтіретініне мән бермей жатады. Осы ретте Stan.kz тілшісі мектеп формаларының қаншалықты қауіпсіз екенін және оны қалай таңдау керектігін білу мақсатында Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жүгінді.

Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Қарлығаш Абдишевадан сапасыз форманы киюдің салдары өкпенің қабынуы мен тері ауруларына әкеліп соғатынын алға тартып, бірнеше кеңесімен бөлісті. 

Сурет жеке мұрағаттан

Қарлығаш Абдишева ҚР міндетті мектеп формасы туралы бұйрықтағы талапта көрсетілген нормалардың сақталуына назар салуды ескертті. 

“Ата-аналар мектеп формасын таңдаған кезде міндетті түрде оның таңбалануына қарауы керек. Оның ішінде киім этикеткасындағы мата құрамына назар салуға кеңес беремін. Мектеп формасының құрамына полуистер, синтетикалық және химиялық заттар қосылуы мүмкін. Алайда олар міндетті мөлшерде ғана рұқсат етіледі. Атап айтқанда, форманың ең болмағанда 50-70%-ы табиғи матадан болуы керек. Бұл табиғи матаға жүн, кашемир, мақта кіреді. Ал синтетика негізінен 25%, тіпті болмағанда 50% қосылса жеткілікті. Таза синтетикалық материалдардың бағасы арзан болып келеді. Дегенмен оның зияны да жоқ емес”, – деді маман. 

Қарлығаш Абдишева синтетикалық матаның тері ауруынан бастап баланың организмі мен сезім мүшелеріне дейін қатты әсер ететінін атап өтті. 

“Мәселен, оқушылар мектепте таңертеңнен кешке дейін формада жүреді. Үзілісте жүгіріп, секіріп, ойнап, терлеп жатады. Сол кезде синтетикалық матадан тігілген киім іштегі ылғалды сыртқа жібермейді. Сәйкесінше, теріге де ауа бармайды. Мұның салдарынан бала ең бірінші суық тигізіп, жөтеліп өкпесі қабынып, ауруы мүмкін. Одан бөлек, бұл көптеген тері ауруларын туғызады. Мәселен, үнемі ылғалда, ауа бармаған соң тері тітіркеніп, түрлі аллергиялық аурулар пайда болады”, – деп қосты маман. 

Бөлім басшысының айтуынша, бұл сонымен қатар баланың жалпы өзін сезінуіне әсер етіп, сабаққа құлшынысының төмендеуіне әкеліп соғады.

“Теріге үнемі ауа бармағандықтан бұл ағзаның жұмысына да едәуір ықпал етеді. Балада әлсіздік, дене температурасы болып, басы айналып, сабаққа деген ынта, назары біртіндеп азая бастайды”, – деді ол.

Маман синтетикалық материалдардың өңі ұзақ сақталып, мыжылмай, тез жуылатынын алға тартты. Сондықтан да бұл көптеген киімнің құрамына қосылып жатады екен. Дегенмен медицина қызметкерлері оларды суық және ыстық уақытта киюге мүлде кеңес бермейді. Ал мектеп формасының матасы ең болмағанда жартылай табиғи жартылай синтетикалық құрамнан болуы керек екенін ескерте кетті.



“Елімізде мектеп формасының негізгі талаптарында олар тозуға төзімді, антистатикалық, бактериялар мен микробтарға қарсы қасиеттері болуы керек екендігі жазылған. Алайда біздің жасөспірімдер мен балаларға арналған маталарға қойылатын талап бойынша Кеден одағының немесе Еуразиялық экономикалық одақ техникалық регламенттер талаптары бойынша қарастырылады. Бұл өнімдер техникалық, таңбалану, әртүрлі физикалық, химиялық, биологиялық қасиеттері бойынша талаптарға сәйкес болуы керек”, – деп қосты ол.

Қарлығаш Абдишеваның айтуынша 2022 жылы елімізде 713 мектеп форма үлгісі тексеріліп, сараптамадан өткен. Нәтижесінде 64%-ы яғни 470 үлгісі техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмеген

“Біздің тексеріс нәтижесінде өзге елдерден келетін мектеп формаларының көпшілігінде талапқа сай құрамдары жазылмаған. Яғни жаңағы айтқан 470 үлгінің ішіндегі 401-і екі тілде таңбалануды көрсетпеген. Шығарған мемлекет тілінде ғана жазулар болды. Одан бөлек маталарының құрамында қандай заттар бар екені жазылмаған. Сонымен қатар жаңағы 470 сәйкес келмеген үлгінің 49-ы гидроскопиялық тыныс алу және бояудың тұрақтылығы бойынша талапқа сай болмай шықты”, – деді Қарлығаш Абдишева.

Маман бұл сәйкес келмеген өнімдер Ресейден, Қырғызстаннан және белгісіз мемлекеттерден келгенін тілге тиек етті. Тіпті қай елде тігілгені көрсетілмегендері де болыпты.

Белгісіз елден келетін киімдер көбіне Қытайдан болуы мүмкін. Техникалық регалменттер талаптарына жауап бермейтін мұндай өнімдерді өткізудің белгіленген факттері бойынша, кәсіпкерлік субьектілерге және сауда субьектілеріне айыппұлдар салынды. Оны жою тәртібін міндетті түрде түсіндіре отырып, ҚР заңнамасында бұзушылықтарды жою тарапына ұйғарымдар берілді. Міне осындай жайттардан соң ата-аналарға мата құрамы көрсетілмеген мектеп формасын алмауға кеңес береміз”, – деп қорытты бөлім басшысы.

Еске салсақ, бұған дейін базарда балаларын жетектеген алматылық ата-аналардың “он есе қымбат” деп дабыл қаққанын хабарлаған болатынбыз.  

Талқылау