"Бұндайды бұрын-соңды көрмедік деп таңғалды": Америкада үш қарулы жігітке қарсы тұрған қазақстандық оқиғаның қалай болғанын айтып берді
Әлеуметтік желілерде АҚШ-та жүрген қазақстандық Олжас Қаныбекке қарақшылық шабуыл жасалғаны, қазақ жігіті қылмыскерлерге тойтарыс беріп, қаруларын тартып алғаны туралы видео таралған болатын. Ол Таңшолпан бағдарламасында өзінің Түркістан облысы Кентау қаласының тумасы екенін айтып, оқиғаның қалай болғанын баяндап берді.
Видеодан қазақстандықтың тапанша мен мылтық ұстаған үш жігіт сөмкесін тартып алуға тырысқанын көруге болады. Бірақ кейін Олжас Қаныбек олардың бірін қуып жүріп ұстап, оны жібермей отырып полицейлерді күтеді. Осы сәтте қарақшының екі досы оны босату үшін қайта оралған. Қолдарында қарулары бар олар қазақ жігітіне шабуыл жасаған. Алайда Олжас қарсылық көрсетіп, қаруды тартып алған. Ұрылар қашып кеткен.
Көп ұзамай полицейлер жеткен. Қарақшыларды іздеуге 6 полиция көлігі мен тікұшақ жұмылдырылған.
“Негізінде мен өзіме телефон алуға барғанмын. “Оper App” деген сайт арқылы жеке адамнан аламын деп ойладым. Ешқандай дүкен емес. Өздері шақырған мекенжайға бардым. Бірақ ол тұзақ болып шықты. Басында бір адам болған. Телефонды тексеріп тұрғанда оның екі досы қару-жарақпен келеді. “Тона-тона” деп айта бастады. Қаланың шет ауданы болатын. Басында ойланбай барыппын. Өзімді Қазақстанда жүргендей сезінген болуым керек”, – дейді ол.
Сөзінше, америкалық полицейлердің көбісі қазақстандықтың іс-әрекетіне таңғалып, “бұндай оқиғаны 20-30 жыл қызметте жүріп, бірінші рет кездестіріп тұрмыз” деп айтқан.
“Полицейлер “үш адам, екі қаруға төтеп берген мықты екенсің, жарайсың. Біздің жарты жұмысымызды істеп бердің” деп әбден мақтады”, – дейді ол.
Сондай-ақ бастапқы кезде видеоны ата-анасы көрмесін деп, барлық жерден бұғаттап тастағанын мойындады.
“Санаторияда ем алып жүргеннен кейін барлығына “анама айтпаңдар” деп айтқанмын. Сөйтсем бәрібір біліп қойыпты. Мектеп жасында Кентау қаласындағы “Қанат Шағатаев” атындағы бокс мектебіне баратынмын. Бірақ қандай спорт түріне қатыссаң да “физикаға қарама, рухқа қара” дейді ғой. Сондай-ақ қазақ “ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз” деп айтып жатады. Әр қазақта намыс болады. Сол жігіттік намысымды қорғадым”, – дейді ол.
Олжас Қаныбек осы жылдың соңында елге оралуды жоспарлап отыр. Бүгінде авиация саласында білім алып жатқан көрінеді.