"Жанды жеріңе дөп басуға тырысады": Қаржы пирамидалардың ең негізгі белгілері қандай және оны қалай ажырату керек
Қазақстандағы соңғы жылдары 30 мыңнан астам адам 54 миллиард теңге көлемінде қаржы пирамидаларының құрбаны болған. Оның себебін мамандар қаржылық сауаттылықтың аздығымен байланыстырады. Қаржылық пирамиданың белгілері қандай және оны қалай ажырату керек? Бұл туралы Stan.kz тілішісі қаржы сарапшысы Арман Бейсембайдан сұрап білді.
Арман Бейсембайдың сөзінше, бір жағынан қаржылық пирамиданы басқалардан айыру жеңіл болып көрінгенімен екінші жағынан оны ұйымдастырушылар белгілі бір әдістердің жұмыс істемейтінін түсініп, тез арада өздеріне адам тартудың жаңа жолын ойлап табады.
“Негізінен қаржы пирамидаларының жалпыға ортақ бірнеше белгілері бар. Біріншіден, қаржылық пирамидаға тартатындар әдемі көрінуге тырысады. Сырт-келбеттері өте жинақы. Үлкен бизнес орталықтарынан қымбат офистерді жалдап алады. Шақырған адамдарына, ұсынылған өнімдеріне немесе инвестицияға агрессивті түрде жарнама жүргізеді. Одан бөлек, WhatsApp немесе Telegram желілері арқылы түрлі жарнамалық ақпараттар таратылады. Одан бөлек, жан-жағыңдағы таныстарың табысы жақсы компанияға жұмысқа тұрғанын айта бастайды. Түрлі қоңыраулар түседі”, – дейді ол.
Сонымен қатар қаржы сарапшысының айтуынша, қаржы пирамидасының тағы бір белгісі – компания немесе ұйым аз уақыт ішінде жүйелі түрде түсіп отыратын ақылға қонымсыз көп мөлшердегі кірісті уәде етеді.
“Мысалы, “бізден осы затты сатып алатын болсаң, қаражатыңды екі есе етіп қайтарасың", "артыңнан адам алып келсең айына 30-40-50 пайыз кіріс кіреді" немесе өмір бойына жұмыс істемеуіңе, қаражат жағын ойламауыңа болады. Себебі, сенің кірісің ай сайын 20-30 пайызға өсіп отырады. Ал жылына кірісің 500 пайызға дейін көбеяді, одан кейін уайымдамай Мальдив аралдарында демала аласың” сынды уәделерді үйіп төгеді. Кейін “кедейлікті ұмытасың, ешқандай да қиналмай-ақ қой, сен үшін бәрін жасап береміз” дейді. Міне, осы секілді адамның құлағына жылы тиетін сөздер адамның ашкөздігін оятатыны анық”, – дейді Арман Бейсембай.
Бұдан кейін қаржы сарапшысы кез келген қаржылық пирамиданың көбінесе “өзіңмен бірге ең құрығанда бір адамды ертіп кел” деген стратегиямен жұмыс істейтінін айтады.
“Бұл әр компанияның қаншалықты ашкөз екеніне байланысты. “100 мың теңге салсаң, сенде бір жылдан кейін миллион теңге болады. Екі жылдан кейін 10 миллион теңге, бес жылдан кейін 100 миллион теңге табыс табатын боласың. Зейнетақының не екенін ұмыта берсең болады. Егер артыңдағы екі досың 100 мың теңгеден құятын болса, олардың салған сомасының 20%-ын сен аласың. Егер олар миллион теңге құятын болса, ¼ бөлігі сенікі. Кейін олар да солай істесе, сенің табысың артады. Осылайша оларға өз көмегіңді тигізесің, ал саған қосымша табыс көзің болады” деген секілді сөздер де айтылады”, – дейді ол.
Сонымен қатар олар төмен пайызбен кредит, қарыз береді немесе жоғары пайызбен депозит ашуға мүмкіндік береді.
"Сондай-ақ ұйым атауында елімізге танымал банктер, микроқаржылық ұйымдармен ұқсастықтар болуы мүмкін. Ұйым сайты кәсіби емес, арзанқол деңгейде болады. Құжаттарында дәлділік болмайды”, – дейді Арман Бейсенбай.
Оның айтуынша, дегенмен кейбіреулері құжаттарды заңдық тұрғыдан рұқсат алып, бетперде киіп жүре алады. Олардың тіпті, лицензиясы болуы мүмкін. Бірақ көбінесе олар қаржылық реттеушілердің рұқсатын ала алмайды. Ал лицензиялар оффшорлық болады. Мәселен, Кипр аралы, Мальта секілді аралдарда тіркеледі.
“Кейбір компаниялар артыңнан біреуді ертіп кел деп айтпауы да мүмкін. Бірақ бәрібір де олар “біз жайында таныстарыңызға да айта жүріңіз” деген секілді жасырын жарнамаларын қосып жібереді. Қаржылық пирамидалар алғашқыда күдік болмас үшін клиенттеріне ақша төлейді. Бұндай кезде сіз де таныстарыңызға “қарашы, осындай жақсы компания таптым, табыс тауып отырмын” деп айта бастайсыз. Осылайша сіз байыбына бармай жатып, жан-жағыңыздағы адамдарға тегін жарнама жасайсыз”, – дейді ол.
Бүгінгі таңда қаржы пирамидаларының 5 негізгі түрі бар:
- Біріншісі – көп деңгейлі пирамида. Мұндай қаржы пирамидасы әрбір келген адамға өзінен кейін келген жаңа адамдарға және одан кейінгі келгендерге көмектесу, өз пайдасын қосу міндетін жүктейді. Қаржылық пирамидаға әрбір келген жаңа адам қатысушылардың n-ші санын шақыруы керек. Олардың салымдары жаңадан келген және оны бұрын шақырған адамға түседі. Пирамида жаңа қатысушылардың болмаған кезде күйрейді. Көп деңгейлі инвестициялық пирамида тек ұйымдастырушы мен өз қаражатын бірінші болып салған қатысушылар үшін тиімді, ал қалған салымшылар үшін бұл келешегі жоқ іс.
Бұл схема бойынша инвестициялық салымдар бойынша үлкен пайыз ұсынатын әртүрлі несиелік кооперативтер немесе қоғамдар жұмыс істейді. Әдетте, салымдар бойынша жақсы пайыздарды төлеу тек жаңа салымшылардың келуімен қамтамасыз етіледі. Жаңа инвесторлардың мұндай ағыны таусылғаннан кейін пирамида құлап, салымшылардың көп бөлігі ақшасыз қалады.
- Екіншісі – қаржы пирамидаларындағы Понци схемасы. Бұл пирамиданың өнертапқышы – Чарльз Понци. Бостондық Чарльз Понци есімді азамат БАҚ арқылы өзінің фирмасына жарнама жасап, инвесторларға салған әрбір 1000 долларын 3 айдан кейін 1500 доллар етіп қайтарып отырған. Әрине қайтаратын қаржы да инвесторлардан жиналғаны түсінікті. Бірнеше айдан өзі тұтқындалып, фирмасы банкрот деп табылды. Тұтқындалған кезде Понцидің фирмасының банктегі шотындағы қаржы көлемі 4 млн доллар болса, берешегі 7 миллион доллардан асып түсіпті.
Кіріс алу үшін бастапқы салымшыларға артынан жаңа адамдардың тартудың қажеті жоқ. Пирамидаға қосылғандар кірісті осы схеманы ұйымдастырушының өз қаражаты есебінен алады, жаңа салымшыларды тарту ұйымдастырушының заманауи кірісті инвестициялық дамуы туралы ақпаратты таратуға негізделеді, ол қазірдің өзінде пайда тапқан салымшылардың сөздерімен расталады. Пирамида үнемді, себебі салымшылар жаңадан тартылған қаражат есебінен байытылады. Бұл пирамиданың әрбір инвесторы пайда табу үшін кіргенін білдіреді, ал оның ұйымдастырушысы жаңа салымшыларды тартудан басқа қызметпен айналыспайтындықтан, бұл схеманың құлдырауы жаңадан тартылған инвесторлар санына тікелей пропорционалды.
- Үшіншісі – бүркемеленген пирамида. Мұндай пирамидалар көп деңгейлі маркетинг есебінен өздерін жасырады. Қандай да бір өнімді немесе қызметті сататын пирамидалар. Бұл пирамидаға кірген адамдар өнімді немесе қызметті сатып алатын адам іздейді. Оны сатқаннан кейін соның есебінен комиссиялық сыйақы алады. Өнім – бұл қарапайым қаржы пирамидасының қызметіне деген күдікті жою үшін құрылған ұйымның мұқабасы.
- Төртіншісі – матрицалық пирамида. Жоғарыда аталған пирамидалар матрицалық типте де болуы мүмкін. Бұл дегеніміз, әрбір жаңа клиент клиентердің қатарын өзімен бірге ертіп келгендермен толтыруы керек, тек екінші және үшінші ретті қатарларды толтырғаннан кейін ғана ол пайда таба алады.
Бұл қаржылық пирамиданың әлеуметтік желілерде белсенді түрде жүзеге асырыла бастағанын атап өткен жөн, мұнда клиенттер көп және іздерді жасыру мүмкіндігі аз емес. Қазір жәбірленуші инвесторды тарту үшін әртүрлі технологиялар қолданылады, соның ішінде интрузивті жарнамалар, атап айтқанда: пошта арқылы шақыру хабарламасы, тартымды ұсыныстары бар сайттардағы шексіз қалқымалы терезелер, спамдар және т. б.
- Бесіншісі – Криптовалюталық схемалар бойынша жүретін пирамида. Бұл схема бойынша инвестициядан жоғары кіріс табуға уәде беріп, криптовалюталарға ақша салады. Алайда кейбір криптовалюталар алаяқтық жолмен құрылып, тез құлдырауы мүмкін. Нәтижесінде бұл барлық инвестициялардың жоғалуына әкеледі.
Сонымен қатар қаржы сарапшысы Арман Бейсембай қаржы пирамидасының клиенттерді қалай сендіретінін айтты. Оның сөзінше, олар ең алдымен ресми органнан алған құжаттарын көрсетеді.
“Жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) немесе жеке кәсіпкер ретінде заңды тіркелген ұйымының құжатын көрсетеді. Құжаттарды әсіресе, кеңсесіне іліп қояды. Сол себепті ең алдымен құжаттың растығына көз жеткізу керек. Екіншіден, компаниясы арқылы көп табыс тапқандардың чегін, шетелге саяхаттаған немесе қымбат көлік алған адамдарды мысалға алып, сізді сендіруге тырысады. Сондай-ақ сіздің әлсіз тұсыңызды тауып, соған ғана акцент жасай береді. Ең бастысы насихат жасайтындар клиенттерді алыстан емес, өз жақындары арасынан іздейді. Арадағы сенім мен достықты ортаға салады”, – дейді ол.
Алдыңызда қаржылық пирамида тұрғанын қалай анықтай аласыз?
- Айта кетсек, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі еліміздегі жосықсыз қызмет белгілері бар ұйымдар мен күмәнді қаржы пирамидаларының тізімін жариялаған болатын. Мұндай ұйымдардың өз бетінше және делдалдарды тарта отырып, немесе жоғары табыс төлеуге уәде бере отырып, олардың атынан басқа адамдар әрекет ететін ақша тарту жөніндегі қызмет белгілері болады. Қазіргі уақытта тізімге 154 субъект кіреді. Толығырақ осы жерден оқи аласыздар.
- Ең алдымен, компанияның немесе ұйымның құжаттарын тексеріңіз. Фирманың толық атауын, жеке кәсіпкердің толық аты-жөнін сұраңыз. Кейіннен ЖСН және компанияның БСН-ін біліп алыңыз. Біріншіден, бұл кез-келген жағдайда келісімшарт жасау үшін қажет болады. Екіншіден, жасыратын ештеңесі жоқ компания сізге қажет нәрсенің бәрін бірден бере алады. Бірақ ұйымның заңды тіркелгендігі туралы құжатта оның жасап отырған жұмысы мен қызметі сәйкес келуі керек. Сондай-ақ мемлекеттік лицензиясы болады.
- Егер сіз компаниямен немесе жеке кәсіпкермен жұмыс жасасаңыз, бірінші кезекте оның жұмыс істеп тұрғанына назар аударыңыз. Клиенттерді сендіру үшін алаяқтар жақсы фирманың өкілдері болып көрінеді, бірақ бұл жалған кәсіпорын, банкрот болуы мүмкін және жалпы тіркелмеген болуы мүмкін. Егер күдікті дүние байқасаңыз мұндай ұсыныстарға бірден "жоқ"деп жауап берген дұрыс.